Жарияланды: 950

Душанбе қаласында 20-24 қазан аралығында Тәжікстан Республикасындағы Қазақстан мәдениетінің күндері өтіп жатыр

Астана. 22 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Тәжікстанның астанасы Душанбе қаласында 20-24 қазан аралығында Тәжікстан Республикасындағы Қазақстан Республикасының мәдениеті күндері өтіп жатыр, деп хабарлайды агенттік тілшісі ҚР мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы және Тәжікстан Республикасының екі жақты өзара қатынасы достық сипатта және жоғарғы дәрежедегі саяси ынтымақтастық бағытында дамып отыр. Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасының арасындағы алғашқы және негізгі құжат - Ынтымақтастық туралы келісім-шартқа 1993 жылы 7 қаңтарда Алматы қаласында қол қойылды. Бүгінгі күні Қазақстан және Тәжікстан кең көлемді екі жақты ынтымақтастығы барлық салаларды қамтиды. 2007 жылдың 22-26 тамызында Астана мен Алматы қалаларында Қазақстан Республикасындағы Тәжікстан Республикасының мәдениеті күндері өтті. Душанбе қаласында өтетін мәдениет күндеріне Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат вице-министрі Д. Мыңбай қатысады деп көзделуде. 22 қазанда Тәжікстан жұртшылығына халқымыздың бай тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлер қойылған "Ұлы даланың асыл мұрасы" көрмесі ұйымдастырылады. Бұл көрменің негізгі мақсаты жұртшылықты Қазақстанның алтын қазынасының "жауһарларымен" көне дәуірден бүгінге дейін жеткен зергерлік өнерінің теңдессіз туындыларымен таныстыру болып табылады. 21-24 қазанда қазақ режиссерлерінің бірегей туындылары - "Көшпенділер", "Подарок Сталину", "Қаладан келген қыз", "Мұстафа Шоқай" фильмдері қалың көпшіліктің назарына ұсынылады. 22 қазанда еліміздің өнер шеберлерінің Гала-концерті өтеді. Концертте "Ұлытау" тобы, "Салтанат" мемлекеттік би ансамблі, Парвиз Назаров, Талғат Күзенбаев, Эльза Қарабалина, Еркін Чукманов, Алмас Кішкенбаев, Таир Гатауов сынды танымал әртістері өнер көрсетеді. "Достастық күндері халықтар арасындағы мәдени байланысты берік орнатып, жаңа жобалардың дүниеге келуіне ықпал ететіні сөзсіз", делінген хабарламада. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін