«Екі езу» эстрадалық миниатюра театры елордалық көрермендерге жаңа бағдарламасын ұсынды
Кеше «Екі езу» эстрадалық миниатюра театрының ұжымы Астанадағы «Жастар» сарайына жиналған елордалық көрермендерге жаңа бағдарламасын ұсынды. |
Бұл ұжым 1998 жылы Ақтөбе қаласында алғашқыда күлкі клубы болып құрылған. Әдемі әзіл-қалжыңымен елге танылған «Екі езу» әзіл-сықақ театры 2011 жылдың сәуірінде Ақтөбе облыстық әкімдігінің қолдауымен мемлекет құзырына өтіп, эстрадалық миниатюра театры мәртебесіне ие болды.
Жаңа бағдарламада ұжымның танымал әртістері қоғамдағы келеңсіз жайларды сахнаға шығарды.
Театр директоры, көркемдік жетекшісі Нұрлыбек Жұбатқан бастаған өнерлі ұжым астаналық көрермендердің ықыласына бөленді.
Айта кету керек, бұл театрдың сұрамшақ көрші туралы интермедиясы көрермендерге жақсы танымал. Бұл жолы әртістер «Осы интермедияны еліміздің драма театрлары сахнаға шығарған екен» деп туындыдан жаңаша түрленген үзінді көрсетті. Одан кейін «Осы интермедия негізінде «Қазақ фильм» студиясы фильм түсірген екен» деп кино түріндегі көріністі ұсынды. Әсерлі шыққан көріністер көрермендердің көңілінен шықты.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін