Фариза Оңғарсынова: Мен Мұқағалиға ғашық болған емеспін - kaz.caravan.kz
  • $ 474.83
  • 515.38
+22 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Фариза Оңғарсынова: Мен Мұқағалиға ғашық болған емеспін

Фариза Оңғарсынова: Мен Мұқағалиға ғашық болған емеспін

 

  • 16 Тамыз 2016
  • 5955
Фото - Caravan.kz

Фариза Оңғарсынова кезінде Мұқағали Мақатаевқа ғашық болмағанын айтқан екен. Бұл туралы ақын, мұқағалитанушы Айтақын Әбдіқалдың «Алматы ақшамы» газетінде жарияланған шағын естелігінде баяндалады.

Бірде Айтақын Әбдіқал Оңғарсыноваға барып, Алматыдағы Мақатаев көшесіне ақиық ақынның ескерткішін орнату жөніндегі ойын айтып, «осыны биліктегілерге жеткізсеңіз» депті. Сонда Фариза ақын: «Қиялға бергісіз арманың да, пікірің де орынды. Бірақ бұрын да ағаң екеуміз жайлы отқа май құйып жүрген мына қазақтар не дейді? Фариза Мұқағалиға ескерткіш қою керек деп жанын салып жүр екен демей ме?» деп күліп алып, ары қарай былай деп сырын ақтарған:

«Сен ана бауырларыңа түсіндір! Солардың кейбіреулері айтып жүргеніндей, мен — Мұқағалиға, я болмаса, ол — маған ғашық болған емес. Менің жазығым – Мұқаңның шын ақын екенін танып, басымды игенім. Сенің ағаңның жазығы — тағдыры қызық мен се­кілді жалғызбасты ақын қыздың поэзиясынан үміт күтіп, баға­лағаны…

Әлгіндей өсектің шығуына ең алдымен ағаң­ның маған арнаған өлеңі себеп болды-ау дей­мін. Айтпақшы, өзім де оң­бай­мын… Редакцияның төменгі қабатында терезеге сүйеніп, қу шараптың әсерінен ауырлаң­қырап тұрған Мұқаңа түскі үзі­ліске бара жатқан жақын таныс­тарының да қарамағанына, ешкім ол кісіге назар салмаға­нына намысым келіп, үйіне жет­кізейін деген оймен қызмет көлігіме салып алып нем бар еді? Аға­ларың қатты шаршаңқы… Үйіне жақын­даған сәтте сәл есін жиған ол маған қарай бұрылып:

— Әй бала! — деді. – Шөл қысып бара­ды. Бір шөлмек қызыл алдыршы, — деген соң орыс шопырды жұмсап, тапсырмасын орындадым. Үйінің алдына келген соң, жүргізушіме «ана кісіні үйге кіргіз» деп өтініш айтқанымда Мұқаң:


— Жоқ! Сен өзің табыстайсың жең­геңе! — деді саңқ етіп. Мұздаған торғайдай болған мен байғұс оның қолтығынан ұстап, үйіне қарай сүйемелдеп келемін. Бір қолымда әлгінде шопырға алғызған тор сеткадағы қызыл арақ. Бірінші қабаттағы үйінің қоңырауын өзі басты. Ар жақтан көңілсіз кейіпте өңі көкшіл тартқан жеңгеміз Лашын шықты. Жақтырың­қырамай қарады. Қатты ыңғайсыздандым. Сонда Мұқаң қайтті дейсіңдер ғой?

— Әй, Лашын! Әлгі мен айтып жүрген бала осы. Біліп ал! — деді. Неге олай айт­ты?…Үрпиіп үйіне дейін мен неге келдім?. «Ақымақ шығармын?!» дедім іштей өзіме-өзім. Жазығым — ағаларыңды көшеге тастап кете алмағаным. Ақымақтығым – қыз бала басыммен әлгіндей жағдайдағы ақынды тура есігіне дейін жетелеп әкел­генім ғой. Мына елдің Мұқаң екеуміз жайлы өсегінің бір ұшы осында да жатқан шығар деп ойлаймын кейде. Обалы не керек, Лашын жеңгем артық сөз айтқан жоқ».