Жарияланды: 510

«Келін» мен «Шал» фильмдерінен кейін қазақтың көңілінен шығу үшін жалаңаш кадрлар керегі жоқ екенін түсіндім - Ермек Тұрсынов

«Келінді» қазіргі қазақ қоғамы жалпы айтқанда қабылдауға әлі дайын емес. Бұл туралы режиссер Ермек Тұрсынов Алматыда өткен «Шал» фильмінің DVD дискісінің таныстырылымында айтты.

«Келінді түсіну үшін 20-30 жыл керек шығар. Елбасы айтып жатыр ғой өркениетті халықтардың арасына кіріп жатырмыз деп. Сол санаға, сол деңгейге жеткенде түсінетін, басқаша қабылдайтын шығар мүмкін. Фильмге қатысты айтылған сындардан байқағаным оны дұрыс түсінбеген. Шет елде көптеген жүлделер алып, бүкіл әлем қабылдап жатқан кезде, өз елімізде қазақ халқы оны дұрыс қабылдамады», - дейді Е.Тұрсынов. Оның айтуынша, «Шал» кинокартинасының қазақстандықтардың көңілінен шығуына оның өмірден алынғаны түрткі болып отыр. Мұнда қарапайым ауыл қариясының өмірі көрініс тапқан. «Бұл жерде менің айтарым, қазір біз тұманда өз жерімізде адасып жүрген сияқтымыз. Бір жерде ракетаның сынығы, екінші жерде қасиетті мазар тұр. Соның арасында ауыл шалдары өздері адасып, бізді де адастыруда. Соларға ілесіп шатасып жүрміз. Ол бір ғана ой. Ал астары өте көп. Осындай ақсақалдар бізге не қалдырып бара жатыр. Фильм жалпы ақиқи әлеммен, әкелерімізбен қоштасу. Олар кетіп бара жатыр. Бізге не қалды. Сол деңгейге, сенімге өзіміз жете алдық па деген сұрақ тудырады. Мен өзім оған жауап бермеймін», - дейді режиссер Ермек Тұрсынов. Оның сөзіне қарағанда, бұл трилогиядағы «Келін» көне заманда болған немесе болмаған оқиға. «Шал» бүгінгі күніміз. Ал алдағы жылы түсірілетін «Кенже» ертеңгі күніміз. «Келін» - тау, «Шал» - дала, «Кенже» - қала. Бұл біздің халқымыздың эволюциясы.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін