Жарияланды: 760

Кеңес Одағының Батыры М. Ғабдулиннің 100 жылдығына арналған дүбірлі той өтуде

Кеңес Одағының Батыры М. Ғабдулиннің 100 жылдығына арналған дүбірлі той өтуде

Ақмола облысының Зеренді ауданында Кеңес Одағының Батыры, академик-жазушы Мəлік Ғабдулиннің 100 жылдығына арналған дүбірлі той өтуде.

Шараға облыс əкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, батырдың ұрпағы Майдан Мəлікқызы, аудан əкімі Асқар Мұратұлы, басқа зиялы қауым өкілдері қатысып, халқымыздың маңдайына біткен қайсар ұлдың өмір жолын еске алды.

Салтанатты шара батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рəсімінен бастау алды. Жиналған көпшілік алдында облыс əкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов батырдың еліне өшпес мұра қалдырып қана қоймай, сұрапыл соғыс жылдарында Отан үшін ерлік көрсеткенін айта келе, келер ұрпақ Мəліктей даңқты бабаларын ешқашан да ұмытпайтындығын жеткізді.

Той М.Ғабдулиннің кіндік қаны тамған Қойсалған ауылында жалғасады деп жоспарланған.

Еске сала кетсек, биыл Көкшетау қаласында Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мен Отан қорғаушы күніне және Кеңес Одағының Батыры, жазушы-ғалым, академик Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдығына  орай батырға ескерткіш орнатылған болатын.

 Кеңес Одағының Батыры, жазушы-ғалым, академик Мәлік Ғабдуллин 1915 жылы 15 қарашада бұрынғы Көкшетау облысының Зеренді ауданындағы Қойсалған ауылында дүниеге келді. 1935 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдағаннан кейін Отан алдындағы әскери борышын өтейді.

 Ол Ұлы Отан соғысы басталғанда алғашқылардың бірі болып өз еркімен майданға аттанды. Генерал И.В.Панфиловтың 8-гвардиялық дивизиясында аға политрук болып, жауға қарсы сан шайқасқа қатысты. Мәлік Ғабдуллин - Мәскеу қаласын қорғауда ерлігімен көзге түскен батыр. 1942 жылы Новгород облысы Холм қаласының маңында болған ұрыста қазақтың ержүрек ұланы басқарған сарбаздар жаудың екі танкісін гранатамен жарып, 12 солдатын тұтқынға алды. Мәліктің өзі жараланса да, ұрыс даласынан кетпеді. Осы көзсіз ерлігі үшін оған КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен 1943 жылдың 30 қаңтарында Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

 Соғыстың аяғына қарай Батыр Қызыл Армияның Саяси Бас басқармасында орыс емес ұлттардың жауынгерлері арасында үгітші болып қызмет атқарады. Сөйтіп, Шығыстың қос жұлдызының бірі Мәншүк Мәметоваға қаза тапқаннан кейін Батыр атағының берілуіне өлшеусіз еңбек сіңіреді.

 Соғыстан кейінгі жылдарда да даңқты жерлесіміз  Мәлік Ғабдуллин ғылыми-педагогикалық жұмыстармен белсене айналысады. 1946-1951 жылдар аралығында Қазақ КСР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтында директорлық, ал, 1951-1963 жылдар аралығында Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында ректорлық қызмет атқарады, одан әрі өмірінің соңғы күніне дейін (1973) Тіл және әдебиет институтында фольклор бөлімінің меңгерушісі болады. КСРО педагогика ғылымдары академиясының академигі болып сайланады. Әдебиет саласындағы ғылыми-зерттеу кітаптарымен бірге, майдан өмірінен де бірнеше кітап жазады.

 Қарулас інісінің майдандағы ерлігі мен өмірдегі азаматтық ұстанымын өте жоғары бағалаған тұлғаларымыздың бірі - даңқты Баукең, яғни, Бауыржан Момышұлы. Алматыда өзі тұрған үйі мен қызмет атқарған институтында Мәлік Ғабдуллинге арналып мемориалды тақта орнатылған. Батыр туып-өскен Зеренді ауданында мектеп пен көше аттары берілген, сондай-ақ, ескерткіші сомдалған. Астана, Алматы мен Көкшетауда көшесі бар және облыс орталығында музейі жұмыс істейді.

1

2

3

4

5

6

7

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін