Жарияланды: 7700

"Көшпенділер" фильмі 2004-жылдың аяғында түсіріліп бітеді - ҚР мәдениет министрі

Тарихи эпопеяға негізделген "Көшпенділер" фильмі 2004-жылдың аяғында түсіріліп бітеді. Бұл туралы бүгін, 16-ақпанда парламентте өткен үкіметтік сағат аясында ҚР мәдениет министрі Дүйсен Қасейінов мәлімдеді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі республика Елордасынан.

"Фильм тек жаз маусымында ғана түсірілетіндіктен, былтырғы жыл соңында фильмді түсіру жұмыстары тоқтатылған",- деді Д.Қасейінов. Дейтұрғанмен, ҚР мәдениет министрі фильмді түсіру жұмыстары "биылғы жыл соңына дейін толық аяқталады" дегенге сенім білдірді. 2003-жылғы республикалық бюджеттен фильмді түсіру мақсатына 2 млрд. теңге жұмсалған. Министрдің айтуынша, бұл қаржы жеткілікті болуы тиіс. Д.Қасейіновтың пайымдауынша, "Көшпенділер" фильмі "идеялық тұрғыдан бірегей фильм" болып саналады. Дегенмен, әзірге фильмнің қаржылық табысы туралы сөз қозғауға ерте. "Фильмнің әкелетін пайдасын ол түсіріле бастаған алғашқы сәттен бастап есептеу керек болатын. Бірақ ол кезде біз қанша қаржы бөлінетіндігін білмегендіктен дәл қазір оның пайдасы туралы айту қиын",- деді ҚР мәдениет министрі. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2 сериялы "Көшпенділер" фильмін түсіруге 24 млн. доллар көзделген. Фильмді түсіруге Қазақстанның маңдай алды кино мамандары мен АҚШ және Еуропаның танымал киногерлері жұмылдырылмақшы. Түсіру тобының құрамында 500 адам бар, олардың 100-і шетелдік мамандар.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін