Жарияланды: 630

Мемлекет тарихы институты Қазақстанның көрнекті ғалымдары туралы кітаптар сериясын басып шығарды

Астанада Ұлттық академиялық кітапханада Мемлекет тарихы институты ғалымдарының жаңадан жазылған кітаптарының тұсаукесері өтті.

Іс-шараға ҚР Президенті Әкімшілігінің, Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, қоғам қайраткерлері, тарихшы-ғалымдар, ЖОО оқытушылары, ЖОО студенттері, мектеп мұғалімдері, БАҚ өкілдері қатысты, деп хабарлады ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институтынан. «Ұлы дала тұлғалары» сериясымен шыққан кітаптар ҚР БҒМ «Ғылыми қазына» атты салалық бағдарламасы аясында басылды. Бұл серияның мақсаты - Қазақстан тарихының көрнекті қайраткерлері туралы білім мен тарихи фактілерді көпшілікке тарату. Мемлекет тарихы институты қызметкерлері бұл серияны Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың өмірбаянынан бастады. «Нурсултан Назарбаев и казахстанская модель строительства государства (исторический аспект)» кітабы Елбасының КСРО-ның құлдырауы және Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы сияқты үлкен тарихи дәуірлері кезіндегі қызметін зерттеуге арналған. Ал «Әлімхан Ермеков» ғылыми басылымы Алаш қозғалысының көшбасшыларының бірі және Алаш партиясына, Алаш Орда үкіметі мүшесі Әлімхан Әбеуұлы Ермековке арналған. «Жұмабек Ташенев» кітабында қазақ халқының көрнекті өкілінің өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі туралы баяндалады. Мемлекет тарихы институтының ғылыми ұжымы халықаралық ғылыми ынтымақтастығы жобаларын сәтті іске асырудың нәтижесі Қазақстандағы Болгария Елшілігімен бірлесе болгар тілінде басылып шыққан «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев - тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы» атты кітабы. Елбасы еңбектерін жүйелеу үшін, ол туралы және қазіргі Қазақстан туралы әдебиет «Нұрсұлтан Назарбаев және Тәуелсіз Қазақстан: библиографиялық көрсеткіш (1991-2012)/ Нурсултан Назарбаев и Независимый Казахстан (1991-2012)» кітабының 2-ші толықтырылған басылымы дайындалды. "Аталмыш бағдарлама аясында 10 басылым жарық көрді, соның ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың болгар тіліндегі кітабы да бар. Осы арқылы біз халықаралық деңгейге шығуды жоспарлаудамыз. Сонымен қатар өткен жүзжылдықтың 30-шы жылдарындағы ашаршылық ақиқаты жайында жазылған еңбекті атап өткен жөн. Бұл больщевиктердің аграрлық саясат саласындағы жасаған экспериментінің зардабы", - деді кітаптардың тұсаукесер рәсімінде Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркіт Аяған. Қазақ тіліндегі үш томдық «Қазақстанның жаңа тарихы» атты ғылыми-көпшілік және «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің қалыптасу тарихы. История формирования Государственных символов Республики Казахстан» атты басылымдарда Қазақстанның тәуелсіздігі ресми рәміздерін жасау жұмыстарындағы Мемлекет басшысының рөліне ерекше көңіл аударылған. Кітапта мемлекеттік рәміздерінің авторлары жайлы мәліметтер және олардың алғашқы нұсқалармен жұмыстары туралы естеліктері келтірілген. Барлық басылымдар жаңа әдістемелік көзқараста жазылған, бұл Мемлекет тарихы институты ұжымының Қазақстанның жаңа тарихын зерттеуге қосқан үлестері болып табылады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін