«Наурызбай батыр» атты үш томдық еңбек жарыққа шықты
![]() |
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай жуырда Алматы қаласындағы «Мирас» баспасынан «Наурызбай батыр» атты үш томдық еңбек жарық көрді. |
Үш томдық еңбектің бірі - «Шапырашты Наурызбай батыр» атты тарихи-деректі роман, авторы - жазушы-зерттеуші Бақытяр Әбілдаұлы. Бұл туындыда Наурызбай батырдың жоңғарларға қарсы күресте танылған бірегей тұлғасы шынайы суреттелген. Ел қорғаған ұлы тұлғаның өмірі мен ерлік жолын зерттеуде автор ел аузындағы аңыз әңгімелерді, дастандарды мұрағат деректерімен орайластыра білген. Роман 423 беттен, 27 баспа табақтан тұрады.
Келесі бір томдыққа ақын, халықаралық Жамбыл және Мұқағали атындағы сыйлықтардың лауреаты Несіпбек Айтұлының «Шапырашты Наурызбай» атты поэмасы енген. Бұл туынды ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейіт Қасқабасовтың алғысөзімен жарияланып отыр.
Сондай-ақ суретшілер Мұхтар Егізековтің, Бекежан Мамажановтың, Нұржан Қарымсақовтың, Дәурен Қастеевтің, Бақытхан Мырзахметовтың, Валерий Крестниковтың, Марат Бейсембаевтың, Мейіржан Нұрғожиннің майлы бояумен салған тарихи тақырыптағы картиналары осы жинақтан орын алған. Наурызбай батырдың ескерткіші мен Дегерес жерінде бой көтерген кесенесін, оның орналасқан аймағын бейнелеген фотосуреттер де берілген. Осы тұлғаға арналған ән мен музыкалық туынды ноталарымен қоса жарияланған. Осы томның екінші бөлігінде аталған поэма және Н.Айтұлының шығармашылығы туралы ғалымдар Бақтыбай Қасымбеков, Серікбай Нұрғисаев және Дархан Қыдырәлі, журналист Жақыпжан Нұрғожаев, ақын Ахмет Кендірбекұлы, жазушы Несіп Жүнісбайұлы айтқан ой-пікірлерінің топтамасы оқынман назарына ұсынылған.
Несіпбек Айтұлы осы поэмасында қазақта ел қорғаған батырлар көп болғанын, соларды жырға қосуға бекінгенін айта келіп: «Батырлар толарсақтан қан кешіпті, Кешегі Абылайдың заманында» деген ойлармен басталады. Туындыда жауды тізе бүктірген Наурызбай батырдың ерліктері баяндалады. Бұл поэма қазіргі Қазақ елінің көк туында сол батырлар жүргенінің лүпілі бар деген ойлармен түйінделе келіп:
«Халықтың ұмытылмас қан кешкені,
Намыстың Наурызбайдай наркескені.
Дәстүрін жалғастырып бабалардың,
Ұрпақтың ел қорғайды арда өскені.
Қай заман ұлы шайқас тоқтағалы,
Қоздайды, көне тарих шоқтанады.
Жатқаны Дегересте - әншейін сөз,
Түскен жоқ алып батыр аттан әлі!..» деген асқақ рухты жолдармен аяқталады.
Аталған топтаманың үшінші кітабында Наурызбай батырға арналып өткен ғылыми-практикалық конференцияның материалдары іріктеліп берілген. Соның ішінде мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, жазушылар Смағұл Елубай, Уәлихан Қалижанов, Нағашыбек Қапалбекұлы, Жабал Ерғалиев, Жолдасбай Тұрлыбаев жазған Наурызбай батыр туралы мақалалары топтастырылған. Сонымен бірге белгілі ғалымдар Мәмбет Қойгелдиев, Ғарифолла Есім, Жанғара Дәдебаев, Намазалы Омашев, Арықбай Ағыбаев, Зуфар Сейітжанов, Сағатбек Медеубекұлы, Серікбай Нұрғисаевтар өз еңбектерінде батырдың өмір сүрген ортасы, тарихи кезең жайлы толығырақ тоқталған. Бұл кітап тарихшылар мен жас зерттеушілер үшін құнды еңбек болып табылатыны сөзсіз.
Сондай-ақ осы жинаққа ақындар Бауыржан Жақып пен Ақан Әбдуәлиевтің Наурызбай батырға арнаған жырлары еніп отыр.
Аталған үш томдықтың редакциясын басқарған экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серікбай Нұрғисаев: «Наурызбай батыр» атты осы үш томдық еңбек Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында жарыққа шығып отыр. Елімізді, жерімізді қорғаған батырлардың ерлігін келер ұрпақ білуі тиіс. Батыр туралы жазылған дүниелердің басы біріктіріліп, үш томдыққа енді. Бұл халқымыздың рухани байлығына қосылған бір үлес деп ойлаймын»,- деді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін