Бұл туралы Stan.kz-ке сілтеме жасаған Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Айта кетейік, мерекелік концертке Халық әртісімен бірге сегіз жылға жуық қызметтес болған Қытайдан келген Димаштың командасы жауапты болды. Концерттен кейін менеджер Чжуан Ян, визажист, шаш әрлеуші Арчи және стилист Рита DimashNews порталына өнер иесімен жұмыс істеудің артықшылықтарын атап өтті.
“Димаш екеуміз алғаш рет 2016 жылы 24 желтоқсанда кездестік. Бұл оның Бейжіңге бірінші рет келуі еді. Оны әуежайдан күтіп алып, бірден жұмысқа кірістік. Ол кезде біз бір-бірімізді мүлде танымайтынбыз, тіпті жақын араласуға да уақыт жоқ еді. Дегенмен, ол өте ақылды, жігерлі, онымен жұмыс істеу оңай және біз бір күн бойы тынымсыз жұмыс істегеннен кейін бәрі керемет өтті. Уақыт зымырайды екен. Сегіз жылға жуық уақыт өтті. Алғаш кездескенде бір-бірімізді түсінуге тырысқаннан бүгінге дейін бір-біріміздің ойымызды оқи алатын жақын адамдарға айналдық. Неліктен маған онымен жұмыс істеу ұнайды? Сахнада қалай ән айта бастағанын көру арқылы әркім оңай жауап таба алады деп ойлаймын. Дегенмен, ұзақ мерзімді серіктестікке келетін болсақ, тағы бір нәрсе қажет. Бұл жерде ең жақсы сәйкес келетін сөз: «Талант – сізді тартады, бірақ ең соңында сізді тартатын – мінез. Осы қасиетіміз үйлесім тапқан болуы керек. Димаштың таланты барлығына аян. Ол туралы айтудың қажеті жоқ. Сонымен қатар, ол – мейірімді жан. Ол әлемнің әрбір нүктесі махаббатқа толы болғанын қалайды. Шығармашылығында да ол махаббатты көбірек насихаттайды. Әсіресе, еліне деген сүйіспеншілігін байқатады. Мысалы, Қытайда қазақ тілінде де сұхбат бере береді. Әр елдің мәдениетімен таныса отырып, ол қазақтың мәдениеті, тағамдары, әсем табиғаты туралы жиі айтатын. Көпшілігіміз одан Қазақстанның тарихы мен мәдениетін үйрендік. Қазақ мәдениетін әлемге танытып жүрген тамаша мәдениет елшісі. Соның арқасында Қытайда көптеген адамдар қазақ тілін үйреніп, қазақша ән айтып, Қазақстанға саяхаттай бастады. Одан бөлек, қайырымдылық жұмыстарын да көп атқарады. Бірақ жариялауға қарсы болатын. Біз оның асқан таланты мен мінезін, сондай-ақ шынайылығы мен мейірімділігін бағалаймыз”,– деді менеджер Ян.