Жарияланды: 1500

Омбыда Шоқан Уәлихановқа ескерткіш ашылды

Жұмада Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Тайыр Мансұров бастаған өкілдер Омбыға келді. Онда Т.Мансұров Омбы облысының губернаторы Леонид Полежаевпен кездесті.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінен KZ-today тілшісіне хабарлағанындай, келіссөздер қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан және Омбы облыстары арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық жайындағы хаттамаға қол қойылды. Сондай-ақ, бұл күні Омбыда бірнеше жылдық ғұмыры осы қаламен тығыз байланыста болған қазақтың біртуар ұлдарының бірі, халқымыздың ұлы ғалымы әрі ағартушысы Шоқан Уәлихановқа ескерткіш ашу салтанаты болып өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Омбы қаласына сыйға тартқан бұл ескерткішті Азат Баярлин мүсіндеген. Мүсінші Шоқанның қолына кітап ашып ұстап отырған пішінін бейнелепті. Ескерткіш Омбыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы көшеде орын тепті. Ескерткішті ашу рәсімінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі, Омбы облысының губернаторы, Шоқанның ұрпағы Шота Уәлиханов және Омбыда тұратын қазақ диаспорасы мен зиялы қауым өкілдері сөз сөйледі. Сол күні түстен кейін Омбы мемлекеттік музыкалық театрында Солтүстік Қазақстан және Омбы облыстары әртістерінің концерті өтті.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін