«Орда» тобының әншісі кино түсірді
![]() |
«Орда» тобының әншісі Ерболат Беделхан «Тыйым салынған билер» атты фильм түсірді. |
Аталмыш туынды бүгіннен бастап отандық кинотеатрларда көрсетіле бастайды.
Бұл - ел алдында ән салып, би билеп жүрген Ерболат Беделханның режиссер ретіндегі алғашқы қолтаңбасы. Сондықтан жаңа еңбек сапалы деңгейде жарық көруі үшін «Orda Brothers» компаниясы мен «Jado Productions» продюсерлік орталығы бірігіп тер төккен. Дайындық шараларына бір жылдан астам уақыт жұмсалған. Ал түсіру алаңындағы жұмыс 24 күнге созылыпты.
Бір айға жуық «Орда» тобының әншілері ел алдында өнер көрсетуді тоқтата тұрған. Сөйтіп, елімізде бұрын-соңды қолға алынбаған жобаны өмірге әкелген. Бірден айта кетейік, бұл фильм - Қазақстан киноиндустриясы мен шоу-бизнес саласындағы биге қызығатын, биді өзіне өмірлік серік санайтын жастарға арналған алғашқы кино картина. Фильм режиссері Ерболат Беделханның айтуы бойынша, би билеу - әуесқойлық қана емес, сонымен қатар өзіңді-өзің қалыптастыру, салауатты өмір салтын ұстану жолындағы үлкен еңбек.
Фильмде барлық кейіпкерлерді Константин Дихнов, Зарина Байкенова, Жұлдыз Сапарғалиева, Ербол Семқұлов, Ахмет Ахметов, Sito, Нұрлан Әлімбеков сынды бишілер сомдайды. Кейбіріне өз рөлін түсірілім алаңында ойнап үйренуге тура келген. Өйткені режиссердің айтуынша, біздің елімізде заманауи би билейтін биші-актерлер жоқтың қасы.
Жалпы, фильмдегі тартыс бірнеше би ұжымының арасында өтеді. Кейіпкерлер билей жүріп, ғашық болады, бір-бірімен бәсекелес болып, тартысады. Қырғи-қабақ танытып, қайта достасады. Сәтсіздікке ұшырайды.
«Тыйым салынған көше билеріне құмар бишінің бар өмірін көрсетуге тырыстық. Осындай жастардың талпынысы немен басталып, қалай аяқталатынын көрсеткіміз келді. Әдетте, биші мамандығы біздің қоғамда лайықты бағалана бермейді. Оларға жеңіл-желпі қарайтындар көп. Мамандық қатарына кіргізбей, әуесқойлық деп қана санайды. Бишілердің өнері басқа шығармашылық иелеріне қарағанда, әлдеқайда төмен сатыда тұрады. Мен мұның барлығын өз басымнан өткен соң айтып отырмын. Мені де түсінгісі келмей, сыртымнан сөз қылғандар жеткілікті болды. Осы мәселеге тоқталып, бишілер өміріне тереңірек үңілгенімнің де бір себебі сол. Көрерменнің, қоғамның көзқарасын өзгертіп, адамдар арасында жаңаша ой қалыптастырсам, жастарға рухани демеу берсем деймін. Өйткені биге құмар жастардың көбі ата-аналардың, айналадағылардың қарсылығына төтеп бере алмай, сүйікті ісінен бас тартуға мәжбүр болады. Мен өз фильмім арқылы бидің бос жүрген жастардың ермегі емес, нағыз өнер, нағыз кәсіп екенін дәлелдегім келді», - дейді режиссер.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін