Жарияланды: 160

«Өзге ұлт өкілдерінің де қазақтың ұлттық өнеріне деген қызығушылығы артып келеді»: Меруерт Тұрсұнханқызы

«Өзге ұлт өкілдерінің де қазақтың ұлттық өнеріне деген қызығушылығы артып келеді»: Меруерт Тұрсұнханқызы

Шығармашылыққа, өнерге бейім балалардың рухани-эстетикалық қажеттілігі тамаша қалыптасатыны белгілі Әсіресе мектеп оқушылары үшін оң әсер ететіні жасырын емес.

Қазіргі кезде елімізде өнерге қызығатын балалар саны артып отыр. Бұл жағдай өнерден кенде емес Шығыс Қазақстан обылысында да айқын байқалады.

Өскемен қаласындағы оқушылардың түрлі өнерге деген қызығушылығы қандай, ұлттық өнердің хал-ахулы нешік, балалар қандай өнерге бейім? Caravan.kz медиа порталының осы және өзге де сауалдарына «Жұлдыз балалар» өнер мектебінің ұстазы, домбырашы Меруерт Тұрсұнханқызы Сүттібаева жауап берді.

- Өскемен қаласында іргелі «Жұлдыз балалар» өнер мектебі деген бар. Біздің кәсіби тұрғыда білікті ұстаздарымыз қаладағы әр мектепке бөлініп, оқушыларды шығармашылққа, өнерге баулуға тырысады.Мәселен, өз басым Оралхан Бөкей атындағы 44-мектеп-лицейде және 46 мектепте балаларды домбыра өнеріне үйретіп жүрмін. Барлығы 70 бала мендегі үйірмеге қатысып жүр.

- Ұлттық өнерге балаларды қандай амалдармен тартып жатырсыздар?

- Қазағы аз қала болғандықтан осы келген балаларды барынша ұстап тұруға, ұлттық өнерге көбірек тартуға тырысамыз. Ал балаларды жалықтырмас үшін, қызықты дүниелер ойлап табу керек. Сол себепті кейде күйлерден, кейде әндерден попури жасаймыз, Мысалы, орыстың «Смуглянка» әнін домбыраға түсіріп орындаған кездеріміз бар. Басқа да музыкаларды домбыраға саламыз, мұның бәрі балаларды қызықтыру үшін жасалады. Себебі, бір сарынды нәрсені үйрете берсең балалар шаршап кетеді, жаңадан келген бала үшін қызықсыз болып кетуі мүмкін.

Ал попуриді әр ұлттың шығармаларын бөліп-бөліп, біріктіріп жасаймыз. Ортасын көркемдейміз.Күйде домбырада оң қолмен, сол қолмен орындалатын неше түрлі қағыстары, өрнектері болады. Соның бәрін құрастырып, ішіне кіріктіріп отырам. Ал оны тыңдаған балаларда қызығушылық арта түседі. Сол арқылы біз үйірмеге келген балларды ұстап тұруға және жаңа оқушыларды тартуға тырысамыз. Ал егер бала бір сарынды нәрседе отыра берсе тез шаршап, екінші қатыспай қояды.

- Ал попуриға көбіне қандай әндер таңдалады, заманауй әндер ма, халық әндері ме әлде шетелдік па?

- Шетелдік әндер жоқ енді. Көбіне өзіміздің халық әндері мен орыстың, беларустың елге кең танылған шығармаларын таңдауға тырысамын. Музыкалық мектептерде кішкентай этюд деген болады, соларды алып құрастырамын. Мысалы, осы жолы «Смуглянка» әнін домбыраға салдым, өзім өңдедім. Оны жалпы екі дауысқа, үш дауысқа бөліп орындауға да болады. Сонда әдемі шығады. Сонда балалар да, ата-аналар да қызығады. Көзқарастары өзгереді.

- Үйірмелеріңізде балалар қанша жастан бастап қатысады?

- Бірінші сыныптан ала береміз. Дегенмен, бірінші сынып өте ауыр. Бас кезінде қиын болады, балаға да, бізге де. Бірақ, кішкентай балалармен жұмыс істеудің арнайы жаттығулары болады. Бәрін ақырындап үйретеміз. Әріп танымайтын бірінші сыныптағы балаға домбыра үйрту оңай емес. Сөйте тұра бірінші сыныптағы балаларға домбыра үйретіп, конкурстарға қатысқан кездеріміз де болған. Әрине, баланың өзіне де байланысты және ұстаздың талапшылдығы керек. Жалпы біз аптасына екі мәрте дайындалатын болсақ, байқау болатын кездері аптасына үш рет, төрт рет жаттығатын кездеріміз болады.

- Айтыңызшы, негізі баланы домбыраға үйрету үшін қай жастан бастаған дұрыс?

- Негізі бала әріп танығанан кейін бастаған дұрыс деп ойлаймын. Мысалы, екінші, үшінші сыныптардан бастаған оңтайлы сияқты. Әрі бала әр түрлі. Топта 10 бала болса, он түрлі қабылдайды. Біреулері тез қабылдаса, біреулері орташа, енді бірі мүлдем қабылдай алмайды. Олармен 5 минут, 10 минут болса да артынан қалып, жеке дайындалу керек болады. Себебі, бір бала тез қабылдап, есте сақтай алмайды. Енді бір балалар тез үйреніп алады, бірақ ұзақ есте сақтай алмайды. Сондықтан оған арнайы жаттығулар беріледі, арнайы роликтер жібереміз.

- Мүлдем музыкаға, өнерге деген қабілеті жоқ баламен қалай жұмыс істейсіздер?

- Негізі үйрене алмайтын, жалпы алғанда еш қабілеті жоқ баланы шығарып жіберуге немесе «үйрене алмайсың, басқа өнерді таңда» деуге ешқандай хақымыз жоқ. Психологиялық тұрғыда ол ауыр соққы болады. Сондықтан «сен білмейсің» деп мүлдем айтпаймыз. Соңына де сүйрелеп жүреміз. Кейбір балалар ешқандай қабілеті болмаса да, оны өзі біле тұра қалмай қатысады. Себебі, домбыраны үйренуге деген құлшынысы жоғары. Ал түптің түбінде сол бала үйреніп шығады, байқауларға қатысып, жеңіске де жетеді. Мәселен, мендегі бір оқушының домбыраға деген қабылеті тек 3 жылдан кейін барып қана ашылды.

- Қандай байқауларға қатысып көрдіңіздер?

- Халықаралық байқауларға қатыстық, Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Қалалық байқаулар, республикалық байқаулар да болды, оған да қатыстық.Жүлделі орындар да алдық. Себебі, балаларды сол үшін дайындаймыз ғой. Әрине, байқауларға барлық баланы алып бармаймыз. Ішінен 8-10 баланы таңдап аламыз.

- Негізі ШҚО, оның ішінде Өскемен қаласы қазағы аз, өзге ұлттар басым қала болып келді ғой. Жалпы қазір балалардың өнерге, оның ішінде ұлттық өнерге деген қызығушылығы қандай деңгейде?

- Меніңше, бұрынғы жылдардан көрі сәл де болса жоғары сияқты. Өйткені бастапқыда мұндай деңгейде болған жоқ. Қаламызда қазақ мектептері саусақпен санарлықтай аз болды, көбіне орыс мектептері басым болды. Ол кезде домбыра десе балалар да, ата-аналар да неқұрайлы қарайтын. Қазіргі жағдай олай емес.Қазақтың ұлттық өнерінен сусындағысы келетін балалар бар. Екіншіден, баланы қызықтыратын жарнама көп болу керек. Үшіншіден, баланы байқауларға көп қатыстыру керек. Ал байқауға барса бұл балаларға жақсы ынталандыру болады.

- Ал өзге ұлт өкілдерінің домбыраға қызығушылы қандай?

- Біздің мектебіміз қазақ мектебі болғандықтан өзге ұлттың балалары жоқ. Бірақ, қаламыздағы басқа мектептерде өзге ұлттың өкілдері де, орыс балалалары да домбыраға қатысады.Жалпы алғанда бұрынғы жылдармен салыстырғанда өзге ұлт өкілдерінің де біздің ұлттық өнерге деген қызығушылығы, талпынысы жоғары.

- «Жұлдыз балалар» өнер мектебінде балаларды басқа қандай шығармашылық өнерге баулиды?

- Біздің «Жұлдыз балалар» өнер мектебі ұстаздарынан жалпы алғанда Өскемен қаласы бойынша 7300 оқушы түрлі өнерді үйреніп жүр. Оның ішінде би, хореография, вокал да, қолөнер де бар. Сурет өнеріне де, сөз өнеріне де балаларды баулимыз. Олар да түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындар алып жатады. Ақындық, шешешіндік өнер бұрын жоқ болатын. Ал қазір ондай сыныптар да бар. Ал ұлттық өнерден домбыра, қобыз, сазсырнай сыныптары бар. Бір жағынан қазағы әлі де болса аз Өскеменде осындай үйрмелердің болуы мені қуантады. Бұл балалардың болашағы үшін өте керек дүние. «Жұлдыз» өнер мектебі дер кезінде ашылды деп санаймын.

- Балаларды шығармашылыққа, өнерге баулу үшін ата-аналары қандай нәрсеге көңіл бөлу керек?

- Ең бірінші ата-ананың қолдауы қажет. Екіншіден баланы көп жақтамау керек. Өйткені баланы жақтаған сайын еркеле береді ғой. Сосын міндетті түрде домбырасы болу керек. Домбырасы сапалы болу керек.Үшінші қазақша ұлттық киімдері болу керек. Осындай талаптар қоямыз. Өйткені ертеңгі күні байқаулар болса сақадай сай болып тұру керек. Сахна деген киелі нәрсе.Оған жайдан жай шыға салуға болмайды.

-Домбыра үйірмесіне келген баланың кейін мінез құлқында өзгеріс бола ма? Жалпы өнер баланы өзгерте ме дегенді білгім келеді.

- Әрине, музыкаға, шығармашылыққа бой алдырған балада оң өзгерістер байқалады. Музыкант адам сезімтал болады. Біріншіден, бала ашылады. Өзінің ойын ашық айтып, жеткізе біледі. Сабақ үлгеріміне де жақсы әсері болады. Өйткені ондай балалар жан-жақты болады.

- Аспаптар, домбырамен қамтамассыз ету жағы қалай, онда да белгілі бір талаптар бар ма?

- Ата-аналарға қатты талап қоя бермейміз. Өйткені әркімнің жағдайы әр түрлі. Кейбір ата-аналар «біз байқауға қатыспаймыз, жай үйренсе болды» деп келеді. Оларға қымбаттық домбыра ал деп айта алмаймын. Ал байқауға қатысатын баларға міндетті түрде сапалы домбыра алғызамын. Өйткені сахнаға шыққан кезде домбыраның дауысы жақсы болуы керек, күмбірлеп тұруы керек.

- Жалпы өзіңізге өнер кімнен дарыған?

- Нағашыларымның көбісі музыкант. Мысалы, Айткүл апа Құдайбергеновтар нағашы жұртым. Негізі анам жағынан да, әкем жағынан да өнерге жақын жандар өте көп.

- Рахмет.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін