Қалбатауда Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Байтайлақ батырды еске алу шарасы өтеді
![]() |
Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында қазақтың даңқты қолбасшыларының бірі, |
12 ата Керейдің Шеруші руының ұраны болған Байтайлақ батырды еске алуға арналған көлемді шара өтпек.
Жоспарланған шаралар аясында 27 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Қалба тауы бөктерінде батырдың кесенесінде ас беріліп, құран оқытылады. 29 қыркүйек күні Астанада Байтайлақ батырға арналған ғылыми-практикалық конференция өтеді және шетелден келген қазақ өнерпаздарының қатысуымен көлемді концерт өтеді деп жоспарлануда.
Сондай-ақ, осындай шаралар Алматы қаласында да жалғасын табатын болады. Қытайда тұратын белгілі ғалым, қоғам қайраткері Қадыс Жанәбілұлының бастамасымен өткелі отырған еске алу шаралары Қытайдан және Моңғолиядан келген белсенді қазақ азаматтарының күшімен атқарылмақ.
«Батыр бабамыз Байтайлақ қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығына қарсы ұлт азаттық күресте ерекше ерлік көрсетіп, аты аңызға айналған есімі тұтас бір рулы елдің ұраны болған айтулы тұлға. Шеруші руы негізінен Қытай мен Моңғолия жерін мекендеп қалғандықтан Байтайлақ батыр туралы тарихи мәліметтер Қазақстанда көп таралмаған. Әдетте оның ерлігі Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Наурызбай секілді батырлармен бірге аталады. Бабамыздың ерлігін ҚР Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетіне қарасты Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты ресми танып отыр. Ер Жәнібек өмірден өтер шағында өзін ағасының қасына жерлеуді аманат еткен екен. Байтайлақ пен ер Жәнібек ағалы-бауырлы ғана емес, тұлпар мініп, ту ұстаған үзеңгілес батыр, елі, жері үшін қан майданда ерлігімен танылған дара тұлғалар болған. Бүгінде Қалба тауының баурайында Байтайлақ қорымы деп аталатын жер атауы да сақталған. Сол үшін де Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында батыр бабамызды ұлықтау мақсатында нақты шаралар өткізу жоспарлап отырмыз. Жекелеген белсенді азаматтардың ұйымдастырумен өтетін еске алу шараларының нақты бағдарламасы негізінен дайын. Батырдың зиратына кесенені Ділдәхан Дәлел есімді азамат өз қаражатымен орнатқалы отыр», - дейді ұйымдастырушылар алқасының мүшесі Амантай Әлханұлы.
Шара аясында 26-28 қыркүйек аралығында Астанадан Шығыс Қазақстан облысына журналистер және блогерлерге арналған пресс-тур өтеді.
Пресс-турға қатысушылар 27 қыркүйек күні Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Қалба тауы баурайында батырдың кесенесінің ашылу рәсіміне қатысады.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін