Қазанғап Тілепбергенұлы күйлерінің жинағы мен үнтаспасы шығарылды
Қазақ ұлттық өнер университетінің Қорқыт Ата атындағы ғылыми-зерттеу институты мен |
Домбыра кафедрасы 2012 жылдың 25 желтоқсаны күні қазақтың әйгілі күйшісі Қазанғап Тілепбергенұлының Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, күйші Бақыт Басығараевтың орындауындағы күйлерінің «Толқында» деп аталатын күйлер жинағы мен «Аманғосым аман бол» атты үнтаспаның тұсаукесеріне шақырады. Кітап пен күй жинақты баспаға дайындап, шығарушы Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті, күйші - Еділ Басығараев.
«Өнер» баспасынан шыққан бұл еңбектің басты құндылығы - әйгілі күйші Қазанғап Тілепбергенұлының шәкірттері арқылы ел арасында сақталып, бүгінге жеткен күйлерінің мейлінше толық қамтылуында. Жинаққа негізінен өзінің саналы ғұмырын Қазанғап шығармашылығын насихаттауға арнаған дәулескер күйші Бақыт Басығараев орындаған күйлер енгізіліп отыр.
Қазанғаптың күйлерін насихаттап, халқымен қайта қауыштырған өнерпаздар жайында айтқанда, Қадырәлі, Жұмалы Дәулеткелді, Әбдіғали секілді күйшілерді атай аламыз. Солардың ішінде Бақыт Басығараевтың орны ерекше. Шындығында Қазанғаптың әрбір күйінің тарихын айта отырып, оны күйдің табиғи болмысымен жұптастыра білген және орындау барысында күйшілік өнердің табиғатын аша білген бірден-бір тұлға Бақыт Басығараев болатын.
Тiлепбергенұлы Қазанғап (1854-1927) - қазақтың әйгiлi күйшi-композиторы. Туып-өскен жерi - Арал теңізі, Құланды түбегiнiң Ақбауыр деген мекенi.
Домбыраны жастайынан жанына серік еткен Қазанғап өзiнiң сезiм-түйсiгiн күй тiлiнде елге жеткізуді машық етедi. Оң-солын тани бастағанда күйге бiржола өмiрiн арнамақ болып, ата-анасының батасын алады. Доңызтану-Аққолқада - Төреш, Бесқалада - Орынбай, Құрманияз, Орынборда - Үсен төре сияқты әйгiлi домбырашылармен кездеседi. Арал алабын, Үстiрт, Маңғыстау аймағын, Ақтөбе, Шалқар, Ырғыз, Қостанай, Троицк, Орынбор төңiрегiн шарлап, ел iшiндегi күй сарындарын көкiрегiне армансыз сiңiредi. Небiр додалы күй сайыстарына түсiп, өнерiн шыңдайды. Мұның бәрi Қазанғап бойындағы тегеурiндi дарынның жарқырай көрiнуiне, шабыт тұғыры болуына себепшi болады.
Қазанғап он алтыншы жылғы патша жарлығын жарадай сезiне отырып "Жұртта қалған", "Окоп", «Сен кеткенде» деп азынайды. Қазан төңкерiсiнен кейiнгi ел өмiрiнiң түбiрлi өзгерiстерiн ұлы көшке теңеп "Қызыл керуен" деп бебеулейдi. Ал, "Майда қоңыр", "Учитель", "Өттi-ау дүние", "Көкiл" сияқты күйлерi өмiрдiң мәнi мен сәнi туралы, бүгiн мен болашақтың қамы туралы таусыла толғанады.
Басығараев Бақыт Шаңбатырұлы - 1926 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Құланды ауылында дүниеге келген. Жастайынан өнерге құштар болып, Дәулеткелді, Әбдіғали, Жұмалы, Қадыралы деген домбырашылардан Қазанғап күйлерін үйренеді. Тікелей музыкалық мамандық алмаса да Бақыт Басығараев өзінің саналы ғұмырында Қазанғап күйлерінің кеңінен насихатталуына зор үлес қосты. 1984 жылы Б.Басығараевтың орындауындағы Қазанғап күйлері өнертанушы, ғалым-ұстаз Абдулхамит Райымбергеновтың «Ақжелең» атты кітабына алғаш рет нота үлгісімен және күйлердің шығу тарихымен түсіріліп жарық көрді. Бақыт Басығараев 1987 жылдан бастап өзі өмірден озған 2000 жылдың аралығында Қазанғап күйлерін насихаттау мақсатында Алматы, Ақтөбе қалаларында, республикасының түкпір-түкпірінде күй кештерін өткізді. Осы еңбектері үшін күйшіге 1998 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері атағы берілді.
«Әке көрген оқ жонар» дегендей күйші Бақыт Басығараевтың өнердегі жолын бүгінде ұлдары Ерсайын, Еділ Басығараевтар талмай жалғастырып келеді.
Тұсаукесер рәсіміне Парламент мүшелері, зиялы қауым, баспасөз және ақпарат өкілдері шақырылып отыр.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін