Жарияланды: 360

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған марафон қатысушылары Астанаға жетті

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған марафон қатысушылары Астанаға жетті

Қазақ хандығының құрылуына 550 жыл толуына орай

ұйымдастырылған марафон тамыз айының 1-інде Ақмола облысы Бурабай ауданының Абылай хан мекенінен басталған және тура 550 шақырымға созылады. Үш жүздің басын біріктірген ұлы Абылай хан мекенінен осы марафонның басталуы да тегін емес, әрине. Тарихқа терең бойласақ осы киелі далада хан Бұхара мен Қытай елшілерін қабылдап, өзінің билігін жүргізген деседі.

Ақмолалық екі жеңіл атлет - Балғабай Күлпейісов пен Қалибек Әбілов 10 күнге созылатын марафонды Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап жүгіріп өтпек.

- Осы марафон арқылы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ірі мәдени шараларға өз үлесімізді қосқымыз келеді. Бұл, әрине, ең алдымен бабалар рухына еткен тағзымымыз. Басты мақсатымыз - жастарды патриоттық бағытта тәрбиелеу, оларды салауатты өмір салтын ұстануға тарту және бұқаралық спортты дамыту, - дейді жеңіл атлет Қалибек Әбілов.

Марафоншылар таң шапағы қылаң берген сәттен ақшам түскенге дейін жүгіретіндерін айтты. Бұл шараға олар жарты жыл көлемінде дайындалған. Атап өтейік, аталмыш марафон Ақмола облысында басталып Астана арқылы Қарағанды облысына, одан кейін киелі Ұлытау жеріне жетуді көздейді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін