Қазақ киносы «Бір кем дүниемен» толықты
«GLOBAL studio» телестудиясы Төлеген Бейсет пен Орынбасар Балтабайұлының сценарийімен «Бір кем дүние» деп аталатын жаңа фильм түсірді. |
Фильмнің продюсері - Орынбасар Балтабайұлы, режиссері - Төлеген Бейсет, қоюшы операторы - Асылхан Мелдебеков, ал композиторлары - Асхат Якупов пен Бауыржан Ақтаев. Жаңа туындының тұсаукесері Алматыда 21 қараша күні болады.
Фильм пенделік парызын өтеуге ниеттенген қарапайым ауыл ақсақалының өміріне құрылады. Драмалық туынды ұзақ жыл немере сүюді армандаған қарттың ішкі жан-дүниесіндегі күйзелістерге мойымайтын күрескерлік рухын ашып көрсетіп, ар тазалығын дәріптейді. Кинодағы басты рөлдерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Оразхан Сәдуақасұлы мен Шолпан Сіргебаева, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Азамат Сатыбалды және Жалғас Толғанбай, Қуаныш Тұрдалин, Динара Абдуллина сияқты актерлар сомдайды.
Бұл «GLOBAL studio» телестудиясында шығарылған екінші фильм болып отыр. Олардың алғашқы кино туындысы бұған дейін «Ораза қабыл болсын!» деген атпен жарық көрген болатын.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін