Жарияланды: 350

Қазақстан халқының 7 пайызы ай сайын кинотеатрға барады

Елімізде прокаттық киноға деген қажеттілік өте жоғары. Бұл туралы бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде аталған ведомствоның вице-министрі Асқар Бөрібаев мәлім етті.

Вице-министр «Қазақфильм» АҚ қазіргі заманғы технологиямен жабдықталғанын айта келе, онда көркем, деректі және анимациялық фильмдердің өндірісі жолға қойылғанын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, биыл отандық 7 картина прокатқа шықты. Жыл соңына дейін «Қазақфильмнің» «Аңыздар кітабы: сырлы орман» және «Ер Төстік және Айдаһар» атты тағы 2 туындысын шығару жоспарланып отыр. «Елімізде прокаттық киноға деген қажеттілік өте жоғары. Электрондық жүйенің мәліметі бойынша кинобилеттердің сатылым деңгейі бір айда 1 миллионнан асып отыр. Яғни, барша Қазақстан халқының 7 пайыз көрермені ай сайын киноға барады»,-деді А. Бөрібаев. Бұдан бөлек ол отандық кино бүгінде сенімді түрді әлемдік нарыққа шығып отырғандығы тілге тиек етті. Тек соңғы 4 жылдың ішінде «Қазақфильмнің» 99 картинасы 150 кинофестивальдер мен әлемнің 48 еліндегі халықаралық көрсетілімдер қатысушысы болды. Атап айтқанда, биыл 65-ші Канн кинофестивалінде «Студент» және «Жаужүрек мың бала» картиналары ұсынылып, әлемдік прокат үшін бұл туындыларды халықаралық дистрибьюторлар алған.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін