Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Базарбай Жұманиязов дүние салды - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+14 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Базарбай Жұманиязов дүние салды

Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Базарбай Жұманиязов дүние салды

Бүгін таңертең Алматыда Қазақстанның халық әртісі, еңбек сіңірген өнер қайраткері, көрнекті композитор Базарбай Жұманиязов 79 жасына қараған шағында дүние салды.

  • 17 Тамыз 2015
  • 937
Фото - Caravan.kz

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының баспасөз қызметінің хабарлауынша, марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 19 тамызда өтеді. Әзірге өтетін орны белгіленген жоқ. Жұманиязов Базарбай Сағадиұлы 1936 жылы 1 қазанда Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданының Орда ауылында дүниеге келген. Орда атындағы орта мектептің 7 сыныбын бітірген соң, 1951-1955 жылдары Орал педагогикалық училищесінде, 1956-1958 жылдары Абай атындағы академиялық опера және балет театрының жанындағы хор студиясында білім алған. 1965 жылы Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) профессор Е.Г.Брусиловский класы бойынша бітірген. 1964-1965 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында музыкалық редактор, 1965-1966 жылдары «Мектеп» баспасында музыка редакциясының меңгерушісі болған. 1966 жылдан Алматы консерваториясында педагогикалық қызметпен шұғылданды. 1973-1984 жылдары Қазақстан композиторлар одағының екінші хатшысы, КСРО Композиторлар одағы басқармасының мүшесі, 1984-1987 жылдары Қазақ академиялық опера және балет театрының директоры, 1991-1998 жылдары Композиторлар одағының бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. 1998 жылдан дербес зейнеткер болды. Базарбай Жұманиязовтың тұңғыш музыкалық шығармасы — «Жер» (О.Сүлейменов сөзіне) ораториясы. Сондай-ақ оның «Махамбет» операсы (1990 жыл), «Отан туралы кантата» (1972 жыл), «Еңбек даңқы» (1974 жыл), «Отан салтанаты» (1974 жыл), «Мерекелік шеру» (1980 жыл), «Достық» (1980 жыл), «Кең байтақ Отаным менің» (1988 жыл) кантаталары; «Халқым туралы ән» (1969 жыл), «Кек әні» (1978 жыл), «1731» атты вокальды-симфониялық поэмалары; «Дала» (1976 жыл) симфониялық картинасы; «Қуаныш» (1980 жыл) симфониялық күйі; симфониялық оркестрге арналған екі сюитасы (1985, 1987 жыл); «Айтыс» (1972 жыл) атты вокалды-хореографиялық композициясы, «Ақырзаман жастары» (Абай сөзіне, 1995 жыл), «Жамбыл тойы — ел тойы» (К.Салықов сөзіне, 1996 жыл), «Жамбыл — Құлмамбет» (Т. Молдағалиев, 1996 жыл) кантаталары және көптеген әндері мен романстары бар. Сондай-ақ сазгер 10 спектакль мен 18 кинофильмге музыка жазды. Ол 1970 жылы Олжас Сүлейменовтің «Адамға табын жер, енді!» атты поэмасына арнап жазған 5 бөлімді кантатасы үшін Бүкілодақтық жастар одағы сыйлығының лауреаты атанды. 1986 жылы «Халықтар достығы» және 1999 жылы «Парасат» орденімен марапатталған. Базарбай Сағадиұлы шығармашылығы қазақ операсына тыңнан жол тартқан, үлкен ізденіс арқылы өмірге келген ұлттық бояуы қанық туындылардан тұрады. Ақпарат 
http://24.kz/
 сайтынан алынды.

Соңғы жаңалықтар