Жарияланды: 520

Қазақтың дүниетанымдық болмысын көрсетуге арналған көркем фильм жарық көрді

Режиссер, сценарист Жәнібек Жетіру "Аққыз" деп аталатын толық метражды көркем фильм түсірді.

Автордың сценарийі бойынша түсіру жұмыстары 2009 жылы басталып, 2010 жылы аяқталған болатын. "Монтаждау, дыбыстау және таспаға түсіру жұмыстарын енді ғана аяқтап шықтық. "Жаңа ғасыр" деген жеке студиям мен Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы бірігіп түсірген бұл фильм қазақтың дүниенің пайда болуы туралы мифологиялық көзқарасына негізделген. Ондағы оқиғаның бәрі осы заманда өтеді. Басты тұлға аңызды білмесе де сондағы кейіпкердің іс-әрекетін қайталайды. Онда қазақтың дүниетанымдық болмысын көрсетуге талаптандық", - дейді Жәнібек Жетіру. Оның айтуынша, жаңа фильмнің тұсаукесері жарнамаға қажетті қаржының жеткіліксіздігінен күзге қалдырылып отыр. Бұған дейін оның 40-тан астам деректі фильмдері мен "Дүниежарық" деп аталатын толық метражды көркем фильмі жарық көрген болатын. Шетелдерде өткен түрлі халықаралық байқауларда сан мәрте Бас жүлдені олжалап, әрқилы сый-сияпатқа ие болған "Дүниежарық" фильмі жарнаманың әлсіздігінен отандық кино нарығында аса танымал бола алмаған еді. "Дүниежарық" фильмін де өз қаражатыма түсірген едім. Басты кейіпкерді Нұржұман Ықтымбаев сомдаған бұл фильмді мамандар өте жоғары бағалады. Алайда ешқандай жарнамасыз жарыққа шығарғандықтан аса үлкен табыс әкелген жоқ. Сол себепті бұл жолы алдымен кинофестивальдерге, содан кейін ғана қалың жұртшылықтың назарына ұсынсам тиімді болады ғой деген пікірде жүрмін. Өйткені оны авторлық та, фестивальдік деп те атауға толық негіз бар", - дейді Ж.Жетіру.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін