Жарияланды: 1200

«Қобыланды батыр» мен «Қыз Жібек» түрік тілінде жарыққа шықты

«Қобыланды батыр» мен «Қыз Жібек» түрік тілінде жарыққа шықты

Анкарада «Қобыланды батыр» мен «Қыз Жібек» дастаны түрік тілінде жарық көрді.

Бұл туралы Алматыдағы Достық үйінде өткен «Жыраулық дәстүрдің тарихы, мектептері, орындаушылық ерекшеліктері, шығармашылық түрлері және бүгінгі жай-күйі» атты дөңгелек үстел барысында белгілі болды.

Шарада шығыстану факультеті, ТҮРКСОЙ кафедрасының меңгерушісі, профессор Асқар Тұрғанбаев өзі басқарып отырған кафедраның жетістіктері туралы баяндай келе, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы тарапынан 2015 жылы Анкарада жарық көрген қазақтың «Қыз Жібек» дастанының түрік тіліндегі жарияланымы туралы, қазақи дастандық өнері мен түркі халықтарының жыраулық, жыр және ақындық өнері туралы баяндады. Ал Ерғали Есбосынов «Қобыланды батыр» дастанының да аудармасы жасалғанын, оның да Анкарада түрік тілінде шыққанын айтты. Сондай-ақ «Қобыланды батыр» дастанының Түркияның Ардахан университетінің «Манас. Манасшылардың қазіргі ізбасарлары: ақын мен жыраулар, озан мен кайчы, ашыклар» атты халықаралық ғылыми жобасы грантын алғанын хабарлады.

Жоба жетекшілері Түркиядан профессор Эрдоған Алтынкайнак, Абдуллах Елжан, Қазақстаннан Ерғали Есбосынов, Ресейден Дмитрий Васильев, Якут-Саха Республикасы атынан Фатих Каракоч, Тува Республикасынан Алина Кара-Сал, Қырғыз Республикасынан Сүлеймен Қайыпов болған.

Дөңгелек үстелге  құрметті делегаттар ретінде Кипрдегі Гирне-Америка университеттері концорциумының президенті, профессор Серхат Акпынар, Корея Республикасындағы Ханкук университетінің Орталық Азия кафедрасының доценті профессор Әлия Құрышжанова мен шетелдің бірқатар жоғары оқу орындарының өкілдері мен ғалымдары қатысты.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін