Республикалық айтыста үш рет жеңген ақын алтыннан құйылған домбыраға мәңгілік иелік етеді
Астанада Конгресс холл сарайында "Біздің ел осындай" атты республикалық ақындар айтысы басталды. |
Жыл сайын дәстүрге айналған республикалық ақындар айтысы мемлекетіміздің тәуелсіздігіне арналады. Халық өнерін өз қанатының астына алған Мәдениет және ақпарат министрлігі ендігі айтысқа жаңа мазмұн мен серпін беруді көздеп, тың қадамдар жасады. Алдымен Қызылордада жеті облыстың суырып салма айтыскерлері жиналып, іріктеу сайыстарын өткізді. Атап айтқанда, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының ақындары сынға түсіп, ең үздіктері анықталды. Одан кейін Ақмола, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарының өнерпаздары Өскеменде бас қосып, бүгінгі ақтық сайысқа берілер жолдамаларды сарапқа салды. Астана төріндегі аламанда үздіктердің үздігі, жүйріктердің жүйрігі атанып, топтан озған алты ақын өнерлерін ортаға салуда. Олар: халыққа кеңінен танымал Сара Тоқтамысова, Жандарбек Бұлғақов, Мұхтар Ниязов, Әсем Ережеқызы, Балғынбек Имашев, Мейірбек Сұлтанхандар. Ақындар айтыстың бас жүлдесі - "Алтын домбыраны" сарапқа салады.
Таза алтыннан құйылған бұл ерекше домбыра республикалық айтыста үш рет қатарынан жеңген ақынға мәңгілікке қалдырылады. Оған дейін домбыра ұлттық мұражайда сақталып, арнайы кітапшада жеңімпаздар есімі жазылады.
Айтысқа халық ақындары Әсия Беркенова, Әселхан Қалыбекова, айтыскер ақын Есенқұл Жақыпбеков, фольклортанушы-ғалым Серік Негимов және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, публицист Жүрсін Ерман қазылық етуде.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін