Жарияланды: 680

Республикалық ақындар айтысының бас жүлдесі - "Алтын домбыра" шәйір ақын Мұхтар Ниязовтың еншісінде кетті

"Біздің ел осындай" атты Республикалық ақындар айтысының бас жүлдесі - "Алтын домбыра" қызылордалық Мұхтар Ниязовқа бұйырды.

Бүгін, 9 желтоқсанда Астанада Конгресс холл сарайында өткен жыр аламанында ол соңғы ақтық кездесуде Балғынбек Имашевтан мерейі үстем болған Мейірбек Сұлтанханды жеңді. Бас жүлдемен қатар оған 3 миллион теңге сыйлық табыс етілді. "Мінекей, алтын домбыра алып тұрмын Жақсылық Жандарбекке жұғысты болсын! Мәдениет министрі қолдап тұрса, Жырымыз қайдан бүгін күміс болсын!? Қолымдағы домбыра алтын болса, Аузымдағы сөзім қайдан күміс болсын!?", - деп аяқтады айтысты дода жеңімпазы М.Ниязов. Бірінші орын алған Мейірбек Сұлтанхан 1,5 миллионға ие болды. Екінші орын үшін Жандарбек Бұлғақовқа 1 миллион теңге берілді. Ал Сара Тоқтамысова, Балғынбек Имашев пен Әсем Ережеқызы үшінші орындарды иеленіп, әрқайсысы 750 мың теңгеден алды. "Айтыстың жалпы сипатына келсек, өзімнің көңілім толды. Бұл айтыс халық пен билік арасындағы алтын көпір болуы тиіс. Халықтың сөзін жеткізуге тиісті. Оның бүкіл түпкі мақсаты - қазақ деген елдің рухын көтеру, еңсесін биіктету, басын біріктіру, ұлттың ұйытқысы болу. Міне, бүгінгі айтыс сол деңгейден табылды деп ойлаймын", - деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, публицист Жүрсін Ерман жеңімпазды марапаттау рәсімінде. Жыл сайын дәстүрге айналған республикалық ақындар айтысы мемлекетіміздің тәуелсіздігіне арналды. Қазақта суырып салма ақын көп емес қазір. Ж.Ерманның fйтуынша, олардың саны жүздің үстінде ғана. Бүгінгі айтыстың алдында 60-қа тарта ақынның қатысуымен Өскемен және Қызылорда қалаларында өңірлік іріктеу сайыстары өткізілді. Онда өз өнерлерімен суырылып, жүйрік атанған 6 ақын бүгінгі республикалық додада бақ сынасты. Айта кету керек, бір келі таза алтыннан құйылған домбыра жүлдегерге мәңгіге берілмейді. Жарыс шарты бойынша бұл ерекше домбыраны республикалық айтыста үш рет қатарынан жеңген ақынға ғана мәңгілікке қалдырылады. Оған дейін домбыра ұлттық мұражайда сақталып, арнайы кітапшада жеңімпаздар есімі жазылады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін