Жарияланды: 730

Сауд Арабиясы үкіметі Алматыдағы Абай атындағы Мемлекеттік Университеттің жанында Исламдық мәдениет және білім беру орталығын салмақшы

Сауд Арабиясы үкіметі Алматыдағы Абай атындағы Мемлекеттік Университеттің жанында Исламдық мәдениет және білім беру орталығын салмақшы. Бұл туралы бүгін, 26-қыркүйекте Алматыда орталық құрылысының іргетасын қалау рәсімінде сөз сөйлеген Араб мемлекеттері Лигасының бас хатшысы Абдалла бен Абдель Мусхин аль-Турки мәлімдеді.

Орталықтың маңызын айрықша деп бағалаған ҚР білім және ғылым министрі Жақсыбек Күлекеевтің айтуынша, аталмыш орталық тек ислам мен оның рухани құндылықтарын зерттеумен ғана шектелмей, басқа да мәселелермен айналыспақ. Ислам мәдениетінің орталығы орналасатын орын ретінде АМУ-нің таңдалуына басты себеп, Қазақстанның білім беру саласының жалаугері болып табылатын білім ошағында араб тілі және теология кафедрасы жұмыс істейді. Ж.Күлекеевтің айтуынша, Орталық Сауд Арабиясының королі Фадх ибн Абдул-Азиз бөлген грант қаржысына салынып, оның есімімен аталатын болады. Қазір ҚР білім және ғылым министрлігі орталық құрылысын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттар топтамасын әзірлеуде. Құрылысқа дайындық жұмыстары жаңа жылға дейін аяқталып, құрылыс 2004-жылдан бастап салынуға тиіс. Ол 2-3 жылда аяқталады деп күтілуде. Грант көлемі 8,5-9 млн. долларды құрайды. Исламдық мәдениет және білім беру орталығы аясында өркениеттердің дамуы мен діндер тарихын зерттеуге арналған жиналыс залы, мұражай, арнайы техникамен жабдықталған дәріс және әдістеме кабинеттері, компьютерлік және лингафондық класстар жұмыс істейтін болады. Араб мемлекеттері Лигасының бас хатшысы Абдалла бен Абдель Мусхин аль-Туркидің мәлімдеуінше, осындай Орталық салатын орын ретінде Қазақстанның таңдалуына Араб мемлекеттері Лигасының "республика басшылығы тарапынан игілікті мақсат үшін өзара ынтымақтасуға деген шынайы ниетті аңғаруы" басты себеп болған.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін