Жарияланды: 790

Семейде Ертіс өзенінде кеме жүре бастауының 165-жылдық мерейтойына арналған көрме ашылды

Семейдегі Достоевский атындағы әдеби-мемориалдық мұражайында Ертіс өзені арқылы кеме қатынай бастауының 165-жылдық мерейтойына арналған көрме ашылды. Бұл туралы KZ-today тілшісіне мұражайдың ғылыми қызметкері Евгения Рыбченко хабарлады.

Е.Рыбченконың айтуынша, Ертістегі пароход шаруашылығының іргетасын Тюменьдік көпес Наум Тюфин қалаған. Көпес жасаған "Основа" атты тұңғыш пароход 1838-жылы суға жіберіліпті. Бастапқыда Тюмень мен Тобыл арасында қатынай бастаған кеменің маршруты біртіндеп ұлғайып, Ертістің төменгі ағысынан бастап Обь дариясы арқылы Томскге дейін жеткен. Көрмеге қойылған жәдігерлер арасында Ертістегі кеме шаруашылығының даму тарихынан хабар беретін суреттер, сызба картиналар, құжаттар мен материалдар, су жолдарының схемалары бар. Сондай-ақ, онда Семейден Ертіске шығарылған тұңғыш пароходтың қолдан жасалған үлгісі қойылды. Бұл оқиға 1916-жылдың 12-тамызында болса керек. "Роза Люксембург" атымен аталған кеме өзінің бірінші рейсінде Ертістің жоғарғы жағына хайуанаттар паркін жеткізген. Бұл көрмені әзірлеуге қазір суретшілікпен айналысатын бұрынғы теңізші Петр Гавриленко мұрындық болды. Оның айтуынша, Ертістегі кеме шаруашылығының қазіргі ахуалы сын көтермейді. Қолданыстағы су көлігінің саны небәрі 28-ге әрең жетеді. Семей-Майск бағытындағы су жолы арқылы айына небәрі 6-7 кеме өтеді. Кемелердің басым бөлігі Ресей флотына жалға берілген. Ертіс кеме шаруашылығы үшін басты тауқымет- тікелей су жолының жоқтығы болмақ. Дейтұрғанмен, Шүлбі шлюзі пайдалануға берілсе, бұл проблема шешімін табады деген сенім бар.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін