Суретші Ерболат Төлепбай туралы деректі фильм түсірілуде
Мемлекеттік сыйлықтың, Қазақстан меценаттары клубының «Платиналы Тарлан» сыйлығының және Сальвадор Дали атындағы халықаралық альянс сыйлығының иегері, |
Ресей, Чехия, Қырғызстан көркем-сурет академияларының академигі, суретші Ерболат Төлепбай туралы деректі фильм түсіріліп жатыр. Оның авторы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер, сценарист Ермек Шынарбаев. Е. Төлепбай қазақ суретшілер арасында алғаш рет Эрмитажда және АҚШ, Белгия, Германия, Жапония, Италия, Қытай, Үндістан, Франция сияқты әлемнің 38 елінде өз көрмелерін өткізді. Оның шығармалары әлемнің әйгілі мұражайларында Ван Гог, Леонардо да Винчи, Микеланджело, Рафаэль, Пикассо еңбектерімен қатар тұр.
«Қазақтың әйгілі қылқалам шебері туралы бұл туынды келесі жылы аяқталады. Ол Қазақстан ғана емес әлемнің өзге елдеріндегі барлық өнер сүйер қауымға арналған. Шығарманы түсіру жұмыстарымен 1 жылдан бері айналысудамын. Жалпы Ерболат Төлепбайдың есімі қазірдің өзінде тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің барлық жерінде өнер сүйер қауымға жақсы таныс. Мен бұл фильмде халқымыздың аса дарынды және біртуар ұлы перзенті арқылы әлемге күллі елін танытқым келеді», - дейді Е. Шынарбаев. А.Шынарбаев бұған дейін «Астана - махаббатым менің» (2010), «Періштеге хат» (2008), «Жоғалған жұмақ» (2006), «Әлсіз жүрек» (1994) , «Кек» (1989) сияқты 6 көркем фильмнің, «Перекресток» (1996) телесериалы мен 2 телефильмнің және 7 деректі фильмнің режиссері болды. Сондай-ақ алты деректі және бір телефильмнің сценарийін жазып, екі көркем фильмнің продюсері атанды. Еңбектері түрлі халықаралық фестивальдерде жоғары бағаланып, 8 рет жүлдеге ие болды. Атап айтқанда, 1989,1992 жылдары бас жүлдені, 1993 жылы «Алтын Леопард», FIPRESCI, 1997 жылы «Күміс Семург», 2002 жылы CIDALC жүлдесін, ал 1987, 1994 жылдары әділқазылардың арнайы жүлдесін иеленді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін