Жарияланды: 590

Светлана Захарова Абай атындағы Опера және балет театрында өнер көрсетеді

Ресей Халық әртісі, Үлкен театрдың прима-балеринасы, «Ла Скала» театрының этуалі, Токио Ұлтық театрының прима-балеринасы Светлана Захарова қарашаның 6-сында Абай атындағы Опера және балет театрында өнер көрсетеді. Ол Үлкен театр премьері Руслан Скворцовпен «Жизель» спектаклінде ойнайды.

«Интерфакс-Қазақстан» агенттігінде баспасөз мәслихатын берген С.Захарова тұңғыш рет Жизель партиясын он жеті жасында билегенін атап өтті. «Мен ол кезде көп нәрсенің тереңіне бойлай бермейтінмін. Жаттықтырушым Ольга Моисеева маған әр қадамымды, өзімді қай жерде қалай ұстауым керектігін тәптіштеп айтып отыратын. Мен өте жас едім және сезімге беріле бермейтінмін. Жас келе, сахнадан, өмірден жинақтаған тәжірибеммен бірге бұл партияның да бояуы қаныға түсті. Спектакльдер бір-біріне ұқсамайды, келесісінің қандай боларын білмейсің. Сахнаға аяқ басқан кезде тұңғыш рет шығып тұрғандай әсерде боласың», - деп атап өтті ол. Сонымен қатар, С.Захарова еуропалық көрерменнен алған әсерлерімен де бөлісті. «Ол жақта сахнаға әр шыққанымның өзі мен үшін тұтас бір оқиға. Әсіресе, итальяндық көрерменнің ықыласы ерекше. Спектакльден кейін суретке түсіп, қолтаңба алғысы келетіндер тым көп болады. Олар үшін бұл тұтас бір дәстүр десе де болады. Еуропа мен Америкадағы театрлар бүгінде демократиялық деңгейге түсіп кетті. Адамдар балетке кинотеатрға келгендей, джинсымен, пальтосын қолына ұстап келеді. Мен қашанда театрға бару адам үшін мерекеге айналғанын қалар едім. Адамдар барын киіп, «әшекейлерін жұртқа көрсетіп» қайтады. Мен үшін бұл театрдың маңызы зор. Мен сол жерде билегенді ұнатамын және маған репертуарды, серіктесті таңдау құқы берілген», - деп атап өтті ол.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін