Жарияланды: 30

Тамыз айында кинотеатрлардан көрсетілетін отандық фильмдер

Тамыз айында кинотеатрлардан көрсетілетін отандық фильмдер Сурет - rojakdaily.com

Шілде айы "Ойыншықтар хикаясы", "Арыстан патша" және "Өрмекші адам: үйден жырақ" фильмдерімен қуантты. Ал, келер тамыз қандай жаңалықтар алып келеді?

1 тамыз

Форсаж: Хоббс пен Шоу / Форсаж: Хоббс и Шоу / Fast & Furious Presents: Hobbs & Shaw

Ел: Ұлыбритания, АҚШ

Жанр: комедия, шытырман, экшн

Жас шегі: 12+

Форсаж өз жанкүйерлерін қуантып, жаңа шытырман оқиғамен экранға қайта оралды. Тек бұл жолы америкалық арнайы агент Люк Хоббс өзінің қас жауы Декард Шоумен бірігуге мәжбүр. Олардың бір келісімге келуі өте қиын. Бірақ, олардың отбасына төнген қауіп арадағы кикілжіңді уақытша ұмытып, біріге жұмыс істеуге мәжбүрлейді. 

Ремидің бастан кешкендері / Приключения Реми / Rémi sans famille

Ел: Франция

Жанр: мелодрама, шытырман

Жас шегі: 5+

Көше музыканты, маймыл мен цирк итімен бірге Францияны шарлайтын Ремидің басынан кешкендерін баяндайтын фильмде небір шытырман оқиғалар, баланың шыққан тегін анықтау үшін жол табу керек сынақтар мен кездейсоқ кездесулерге куә боласыз. Отбасылық демалыс үшін таптырмайтын фильм.

Азғыру / Соблазн / Sibyl

Ел: Франция, Бельгия

Жанр: триллер, драма

Жас шегі: 18+

Сибил — беделді әрі тәжірибелі психотерапевт. Оның бар ойы — жұмысты  тоқтатып, кітап жазамын деген арманын қолға алу. Оған шабыт керек болған шақта жанынан қолдау мен көмек керек еткен Марго есімді жас актриса табыла кетеді. Өзгенің өміріне қол сұғамын деген Сибил өзінің өмірінің бір-ақ сәтте қалай астаң-кестеңі шыққанын аңғармай қалады. 

7 тамыз

BTS: Bring the Soul. The Movie

Ел: Оңтүстік Корея

Жанр: деректі фильм, музыка "LOVE YOURSELF"  атты әлемдік туры аяқталған соң, BTS тобының мүшелері Париждегі қонақ үйлердің шатырында өздерінің жеке оқиғалары, жаңа қалалардан алған әсері мен қиындықтары жайында сөз етеді. Бұл әлемнің түкпір-түкпіріндегі мыңдаған ARMY-ге арналған деректі фильм болмақ.

Жас шегі: 6+

8 тамыз

Дора мен жоғалған қалашық / Дора и Затерянный город / Dora and the Lost City of Gold

Ел: Аустралия, АҚШ

Жанр: отбасылық, шытырман

Жас шегі: 6+

"Саяхатшы Дора" естеріңізде шығар. Енді кішкентай балалардың сүйікті кейіпкері Дора толықметражды фильм форматында экранға оралады. Ол балалық шағын зерттеуші ата-анасының жанында ну орманда (джунгли) өткізеді. Бірақ, жабайы дала ережесі шын өмірден әлдеқайда ерекше екенін есейген шақта ұғады. Мектепте түсініспеушіліктер, бәсеке мен қызғаныш туындайды. Оның үстіне, ата-анасы жұмбақ жағдайда жоғалып кетеді. Бірақ Дора көп ойланбай отбасы мүшелерін іздеуге аттанады. Мақсатына жетер жолда оны талай сынақтар күтеді.

Офелия / Ophelia

Ел: Ұлыбритания, АҚШ

Жанр: тарихи, мелодрама

Жас шегі: 16+

Патшалықтың басына күн туады. Бас билеуші қаза тауып, оның орнына кісі өлтіруші әрі менмен адам отырады. Тақтың заңды мұрагері Гамлет әкесінің кегін қайтармаққа бел буады. Оның тас қатқан жүрегін тек сұлу Офелия ғана жібіте алады. Махаббаттары үшін бәріне қарсы тұрған олардың, сезімі өлімді де жеңе алар ма екен?!

Ымырт жамылғанда айтатын қорқынышты әңгімелер /Страшные истории для рассказа в темноте/ Scary Stories to Tell in the Dark

Ел: АҚШ, Канада

Жанр: хоррор, триллер

Жас шегі: 16+

Әдеттегідей жасөспірімдер қаланы тылсым құбыжықтан аман алып қалуға тырысады. Олар жеңіске жету үшін алдымен өз бойларындағы қорқынышты жеңу керек.

Күндердің бір күнінде Голливудта / Однажды... в Голливуде / Once Upon a Time in Hollywood

Ел: АҚШ, Ұлыбритания Жанр: драма, комедия

Жас шегі: 16+

1969 жылы Голливудта орын алған оқиғаны бейнелейтін фильмнің басты кейіпкерлерін атақты актерлер Брэд Питт, Леонардо Ди Каприо мен Марго Робби ойнайды. Асқан жылдамдықпен өзгеріп жатқан киноиндустриядан өз орнын табуға тырысқан актер Рик Далтон мен оның дублері Клифф Буттың өмірін сипаттайды. Тарантиноның тоғызыншы фильмінің сюжетіне негіз болған тек Голливудтағы өзгерістер ғана емес, сол жылы атақты режиссер Роман Поланскийдің әйелі Шэрон Тейтті жауыздықпен өлтірген қылмыскер Мэнсон болатын.

15 тамыз

Періштем менің / Ангел мой / Angel of Mine

Ел: АҚШ

Жанр: триллер, драма

Жас шегі: 16+

Өрт кезінде қызынан айырылып қалған Лиззи әлі күнге дейін ес жияр емес. Бір күні ол кішкентай бөтен қызды кездестіріп, өзінің қызы ретінде қабылдайды.

Джон Ф. Донованның өмірі мен өлімі / Смерть и жизнь Джона Ф. Донована / The Death and Life of John F. Donovan

Ел: Канада, Ұлыбритания

Жанр: драма

Жас шегі: 18+

Басты кейіпкер америкалық тележұлдыз Джон Ф. Донован (Кит Харингтон) 11 жасар британ актері Руперт Тёрнермен (Джейкоб Тремблэ) хабарлама алмасады. Олардың әңгімесі Донованға өткенге оралып, атақтың тек тәтті өмір емес екендігін түсінуге мүмкіндік береді. Кейін олардың қарым-қатынасы қоғамда кеңінен талқыланып, екі актердің де өмірі мен мансабына әсер етеді.

22 тамыз

Құлаған періште / Падение ангела / Angel Has Fallen

Ел: АҚШ

Жанр: экшн, триллер, драма

Жас шегі: 18+

АҚШ президентіне шабуыл жасалады, ал басты кінәлі оның "сақтаушы періштесі",  күзетшісі — Майк Бэннинг. ФБР-ден жасырынған ол, өзіне жала жапқан нағыз қылмыскерлерді іздеуге кіріседі. Оның алдында ел мен президенті қатерден аман алып қалу міндеті тұр еді. 

29 тамыз

Миллион татитын көлік / Тачка на миллион / Driven

Ел: Пуэрто Рико, Ұлыбритания, АҚШ

Жанр: триллер

Жас шегі: 18+

Калифорния — саясат, ірі бизнес, байлық пен даңқ астасып жатқан қала. Джон ДеЛориан әлемдегі ең үздік көлікті құрастыруды армандайды. Ол арманына қол жеткізу үшін ешнәрседен таймайды. Тәуекелге бас тіккен көлік құрастырушысының ізіне агенттер де түседі. Тамыз айында жарыққа шығатын қызықты фильмдер топтамысы осындай. Қай фильмге әрі кіммен барасыз, пікірде ой бөлісуді ұмытпаңыз.

 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін