Жарияланды: 120

Тәуелсіздік күнінде «Qazaqstan» телеарнасынан «Абай» және «Әл-Фараби» телехикаялары эфирге шығады

Тәуелсіздік күнінде «Qazaqstan» телеарнасынан «Абай» және «Әл-Фараби» телехикаялары эфирге шығады

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Қазақстан» телерадиокорпорациясы жылдың басты жобасы - ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған «Абай» және Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Әл-Фараби» телехикаяларының тұсауын кеспек.


«Абай» телехикаясы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясындағы негізгі оқиғаларды арқау ете отырып, Абай өмір сүрген кезеңді бейнелейді. 6 бөлімнен тұратын сериалда ақын өмірінің үш кезеңі қамтылған. Абайдың кемеліне келген шағын Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов, жас Абайдың бейнесін Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрының актері Дархан Сүлейменов, ақынның бозбала шағын актер Әли Тұрсынхан сомдады. Құнанбай рөліне ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Қаптағай, әжесі Зеренің рөліне Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Рахилям Машурова таңдалды.

«Абай» - ұлы ақын туралы жарық көріп отырған алғашқы телевизиялық сериал. Телехикаяда ұлы ақынның өмір сүрген ортасы, адами болмыс-бітімі кеңінен ашылды. Бұған дейінгі түсірілген туындылардан ерекшелігі де осында. Сериалдың сценарийін Көркемдік кеңесте саралап, абайтанушы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің пікіріне ұдайы жүгініп отырдық. Телехикая о баста Абай топырағында түсіріледі деп жоспарланғанымен, пандемияға байланысты түсірілім алаңындағы процестер сәт сайын өзгеріп жатты. Түсірілім жұмыстары екі айға жуық уақыт Алматы облысында өтті», - деді «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.

Сериалдың режиссері – Мұрат Бидосов. Сценарий авторы – Сержан Зәкерұлы. Кеңесшілері - абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахмет пен жазушы-драматург Дулат Исабеков. Бас редакторы - Қайнар Олжай.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы Әл-Фараби туралы телехикаяның түсірілімін де алғаш болып қолға алып отыр. 7 бөлімнен тұратын сериалда Әл-Фарабидің адамзатқа «екінші ұстаз» атанып, ғылымның шыңына шыққан Дамаскідегі кезеңі мен Отырарда өткен жастық шағындағы көріністері қатар өрбиді.

«Әл-Фараби» телехикаясының түсірілім жұмыстары Түркістан облысы, Алматы облысы, Отырар қалашығы мен көне Хиуа, Дамаск қалаларында жүргізілді. Рөлдерге аймақтардағы жергілікті театрлардың актерлері тартылды. Ғұлама Фараби рөлін Р.Сейтметов атындағы «Түркістан» театрының актері Айдар Наурызбаев, жас Әл-Фарабиді Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің түлегі, актер Бекзат Жүнісов сомдап шықты. Фильмнің продюсері – Батырхан Дәуренбеков.

«Абай» телехикаясы «Qazaqstan» арнасының эфирінен 16-17 желтоқсан 20:00-де, «Әл-Фараби» телехикаясы 18-20 желтоқсан күндері 16:00-де көрсетіледі.

 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін