Т.Бекмамбетов: «Аполлон-18» фильмінің түсірілімі аяқталуға жақын - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Т.Бекмамбетов: «Аполлон-18» фильмінің түсірілімі аяқталуға жақын

Т.Бекмамбетов: «Аполлон-18» фильмінің түсірілімі аяқталуға жақын

Экшн-фильмдердің «Astana» халықаралық фестивалінде өткен жылы жеңіске жеткен «Аполлон-18» фильмінің түсірілімі аяқталу үстінде.

  • 1 Шiлде 2011
  • 556
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында кинорежиссер Тимур Бекмамбетов мәлім етті.

Еске салайық, Экшн-фильмдердің «Astana» халықаралық фестивалі Астананың туған күнін атап өту аясында былтыр алғашқы рет өткізілді. Фестивальдың ұйымдастырушысы және президенті — экшн-фильмдердің әлемдік режиссері Тимур Бекмамбетов.

Елорда күні қарсаңында ашылып, бірнеше күнге жалғасатын халықаралық фестиваль барысында жас кинорежиссерлардың әлі түсірілмеген картиналарының жобалары таныстырылып, жеңімпаздар анықталады.

«Биыл жылдағыдай, фильмдердің арасында байқау болмайды, байқау тек алдағы уақытта түсірілмек картиналардың арасында өтеді», — деп атап өтті Т.Бекмамбетов.

Өткен жылы фестиваль барысында әлемнің түкпір-түкпірінен түскен мыңға жуық өтінімдердің арасында іріктеп алынған — бес жоба қатысты. Кино өнерінің майталмандарынан құралған қазылар алқасы таңдауларын жас режиссерлар, ағайынды Вайнштейндардың «Аполлон-18» фильміне берген болатын.

Бүгін Т.Бекмамбетов, «Astana» фестиваліндағы жеңісінен кейін «Аполлон-18» фильмінің түсірілімі көп ұзамай басталғанын айтты. «Dimension Films» студиясында түсіріліп жатқан картина жоспар бойынша үстіміздегі жылдың қыркүйегінде америкалық көрермендерге жол тартпақ. «Фильмнің атауын «Гугл»-ға енгізіп, іздеп көрсеңіздер, көрермендер бұл фильмді тағатсыздана тосып жүргенін көре аласыздар», — деді режиссер.

«Биыл фестиваль аясында кезекті байқау өтеді. Біз өтінімдерді әлем бойынша алдық. Лос-Анжелесте олардың арасынан әдеттегідей 5 жобаны таңдап алдық. Сондай-ақ, Қазақстанның кинематографистерінен 5 жұмысты қабылдадық. Жас кинематографистер фестиваль аясында кезекті рет өздерінің жобаларын таныстыру мүмкіндігіне ие болады. Оның соңында біз бір ғана жобаны таңдап аламыз. Оны бір жыл ішінде фильге айналдырып, экранға шығарамыз», — деп түйіндеді сөзін Т.Бекмамбетов.

Әлемдік режиссер атап көрсеткендей, Экшн-фильмдердің «Astana» халықаралық фестивалін жаңа фильмдер туындайтын алаң ретінде айтуға болады.

Экшн-фильмдердің кинофестивалі қарқынды дамып келе жатқан Астана сияқты қалада ғана өтуі мүмкін. Бұл пікірін бүгін Экшн-фильмдердің «Astana» ІІ халықаралық фестивалінің ашылуына орай өткен баспасөз мәслихатында фестиваль президенті, режиссер Тимур Бекмамбетов айтты.

Астана күнін мерекелеу аясында былтыр алғаш рет өткізілген Тимур Бекмамбетовтың экшн-фильмдердің халықаралық фестивалі биыл кезекті рет шымылдығын ашқалы отыр. Биыл «АSTANA» атты халықаралық фестивальдің қызыл кілемі Бейбітшілік және келісім сарайының алдына төселді. Онымен бүгін кешқұрым Голливудтың белгілі кино жұлдыздары Стивен Сигал, Мишель Родригез, Майкл Мендсен және Арманд Ассанте, ресейлік тараптан Дмитрий Нагиев, Николай Валуев, Марат Башаров, Егор Кончаловский, Сергей Светлаков, Гоша Куценко, Екатерина Стриженова, Виктор Вержбицкий сондай-ақ, қазақстандық тараптан Досқан Жолжақсынов, Асанәлі Әшімов, Венера Нығматулина, Ерік Жолжақсынов, Фархат Әбдраимов, Әсел Сағатова, Әмір Қарақұлов, Ахан Сатаев, Игорь Вовнянко және Ардақ Әмірқұлов жүріп өтеді. Одан кейін «Пирамидада» Экшн-фильмдердің «АSTANA» ІІ халықаралық фестивалінің салтанатты жағдайда ашылуы болады.

«Экшн-фильмдердің кинофестивалі қарқынды дамып келе жатқан Астана сияқты қалада ғана өтуі мүмкін. Оны біз қала басшылығының ұйытқы болуымен ұйымдастырып отырмыз және олардың қызу қолдауларының арқасында, қалаға мереке сыйлау ниеттерінің арқасында фестивальдің ғұмыры ұзақ болады деп сенемін», — деді Т.Бекмамбетов.

Т.Бекмамбетовтың айтуынша, 1-5 шілде аралығында өтетін фестиваль барысында көрсетілетін картиналардың шеруі қазақстандық үш фильммен басталады. Оның бірі Егор Кончаловскийдің «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «Возвращение в А» атты фильмі болса, екіншісі ресейлік актер Дмитрий Нагиевтің қатысуымен түсірілген Денис Куклин мен Лев Мариупольскийдің «Два пистолета» фильмі. Ал үшінші картинаны ұйымдастырушылар тосынсый ретінде құпияда қалдырды. Айта кетейік, фестивальда қазақстандық кинолента алғашқы рет 3D форматында көрсетілетін болады. Фестивальді Кэмерон Диаз пен Джастин Тимберлейктің басты рөлдерді сомдауындағы «Очень плохая училка» комедиясы аяқтайды деп күтілуде. Киносүйер қауымның назарына барлығы 21 фильм ұсынылмақ.

Соңғы жаңалықтар