Титов асуындағы трагедия: Қауіпсіздік мәдениетін қалай қалыптастырамыз? Маманмен сұхбат - kaz.caravan.kz
  • $ 501.75
  • 591.96
-7 °C
Алматы
2026 Жыл
27 Ақпан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Титов асуындағы трагедия: Қауіпсіздік мәдениетін қалай қалыптастырамыз? Маманмен сұхбат

Титов асуындағы трагедия: Қауіпсіздік мәдениетін қалай қалыптастырамыз? Маманмен сұхбат

Таудағы қауіпсіздік мәдениетін қалай дамытуға болады?

  • 27 Ақпан
  • 621
Фото: Дидар Қайырдың жеке мұрағатынан алынған

Қар көшкіні қаупі демалыс күндері де сақталады. Мамандар мен тәжірибелі альпинистер осы күндері тауға шықпауға кеңес береді. Соған қарамастан, соқыр сенім мен көзсіз батырлыққа ұмтылатындар аз емес. Тіпті ұялы телефонға келетін ескерту хабарламаларының өзі елеусіз қалып жатады. Өткен аптада Алматы тауларында тіркелген қайғылы жағдай соның тағы бір дәлелі болды. Қар көшкіні жап-жас қыздың өмірін қиды. Айта кету керек, бұл жалғыз оқиға емес. Мұндай трагедияларға алып келетін факторлар көп, алайда ескертулерді елемеудің салдары ауыр. Caravan.kz медиа порталының тілшісі тау гиді, тәжірибелі альпинист Дидар Қайырмен сұхбаттасып, таудағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мәселесін талқылады.

Трагедияның алдын алуға болар ма еді?

22 ақпанда Алматыда тауға шыққан туристер қар көшкінінің астында қалып, 19 жастағы студент қаза тапты. Сол күні таңғы сағат төрт шамасында төрт адамнан құралған топ Титов асуына бет алған. Бұл-Алматы маңындағы ең танымал маршруттардың бірі, биіктігі 3600 метрге жетеді және белгілі бір дайындықты талап етеді. Төтенше жағдайлар қызметіне хабарлама таңғы сағат онда түскен. Екі жігіт пен екі қыз тауға гидсіз, өз бетінше шыққан, белгіленген бағыттан ауытқып, тыйым салынған қауіпті аумаққа өткен. Соның салдарынан 3400 метр биіктікте қар көшкіні жүрген. Апат кезінде топтың екі мүшесі қар астында қалған. Бойжеткеннің денесін құтқарушылар үш сағаттан кейін тапқан. Марқұм Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінің бірінші курс студенті болған.

Құтқару қызметінің мәліметінше, соңғы апталарда тауларда қар көшкіні қаупі жоғары болған. ТЖМ бірнеше рет дауылды ескерту жариялап, тауға шықпауға кеңес берген, қауіпті аумақтарға блок-бекеттер қойылған. Соған қарамастан, жастар шектеулерді айналып өтіп, өз өмірлерін қатерге тігуде.

«Туристер мен қала қонақтарын тауға шыққанда аса сақ болуға, қарлы әрі қауіпті беткейлерге бармауға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз», — деді ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Денис Ярцев.

Сол күні Шымбұлақ тау шаңғысы курортында да қар көшкіні жүріп, трассадан тыс жерде шаңғы тепкен туристі басып қалған. Бақытына қарай, ол дер кезінде құтқарылды. Ашық дереккөздерге сүйенсек, соңғы бес жылда Алматы тауларында 20-ға жуық адам қаза тапқан, ал құтқарушылар 500-ден астам адамның өмірін сақтап қалған. Соған қарамастан, қайғылы жағдайлардың саны азаймай, керісінше артып келеді.

Фото: Дидар Қайырдың жеке мұрағатынан алынған

Еленбейтін ескертулер

Тау гиді әрі тәжірибелі альпинист Дидар Қайыр сұхбатты тауда қаза тапқан жас қыздың отбасына көңіл айтудан бастады. Оның айтуынша, мәселе бір ғана оқиғамен шектелмейді.

«Ең алдымен 112 құтқару қызметкерлеріне және іздеу-құтқару жұмыстарына тұрақты түрде қатысатын еріктілерге алғыс айтудан бастағым келеді. Көп жағдайда БАҚ-та тауда болған қайғылы оқиғаларды ғана жарияланады. Қоғам тек қайғылы оқиғаларды көреді. Ал күн сайын таудан аман құтқарылып жатқан адамдар жайлы ақпараттар кеңінен таралмайды. Кейінгі жылдары тауға шығушылар саны күрт артты. Соның себебінен тәуекел де көбейді. Күн сайын немесе күнара 112 қызметкерлері өз өмірлерін қатерге тігіп, таудан кем дегенде бір адамды құтқарып жатады», — дейді Дидар Қайыр.

Маманның айтуынша, әлеуметтік желінің қарқынды дамуы да өз әсерін тигізіп отыр. Тауды контент жасау құралына айналдырғандар көбіне тек әдемі көріністерді көрсетеді. Соның нәтижесінде тау қауіпсіз әрі қолжетімді сияқты көрінеді, ал оның артындағы қауіп-қатер мен ережелер тасада қалып қояды.

Таудағы қауіптер және дұрыс әрекет ету

Маман ақпандағы жағдайға тоқталып, қар көшкіні қаупінің қалай қалыптасатынын түсіндірді.

«13 ақпан 3000 метрден жоғары аймақтаға 50 сантиметрден аса қар жауып артынша күн жылына бастады. Қалың қардан кейін күннің жылынуы-қар қабаттарының тұрақтылығын әлсіретіп, көшкін қаупін арттырады. 16 ақпаннан бастап 112 ден көшкін қауіпі жайлы ескерту хабарламалары да келе бастады. Мұндай уақыттарда тауға шықпаған жөн. Алайда қары қалың аймақтарға жорыққа шыққанның өзінде бірталай қауіпсіздік ережелерін ескеру қажет. Ең алдымен таудағы ауа райы болжамын және қар көшкіні қаупінің деңгейін тексеріңіз. Міндетті түрде арнайы құралдардың болуы, қар көшкіні датчигі (бипер), зонд, күрек және байланыс құралдары болуы шарт. Қауіпті аймақтардан, әсіресе 25-45 градусты еңістіктерден аулақ болу керек. Топпен жүргенде арақашықтық сақтау және қауіпті жерлерден бір-бірлеп өту-негізгі тактика болып саналады», — дейді маман.

Оның айтуынша, мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алуға болады. Алайда ресми ескертулерді елемеу тәуекелді бірнеше есе арттырады.

«Ескертулерді елемеу, жағдайды дұрыс бағаламау және қажетті құралдардың болмауы қауіпті күшейтеді. Қар көшкіні кезінде алғашқы 10-15 минут шешуші рөл атқарады. Егер топта қажетті құралдар болғанда, тірі қалу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болар еді», — дейді Дидар Қайыр.

Фото: Дидар Қайырдың жеке мұрағатынан алынған

Адамдар неге ескертуді елемейді?

Сарапшының пікірінше, бұл бірнеше факторға байланысты. Атап айтқанда, тәуекелді дұрыс бағаламау, «менімен ондай болмайды» деген сенім және тәжірибенің жетіспеуі. Кей жағдайда эмоция, амбиция немесе әлеуметтік қысым қауіпсіздіктен жоғары қойылады.

«Тау эмоцияны емес, тәртіп пен дайындықты құрметтейді», — дейді альпинист.

Оның айтуынша, тау-жай серуен емес, тәуекел аймағына кіру деген сөз. Биіктік, ауа райы, жер бедері, мұздықтар мен өзендер, сондай-ақ адамның физикалық және психологиялық жағдайы қосылып, кез келген қателіктің өз құны бар ортаны қалыптастырады. Дайындықсыз, білімсіз және тәртіпсіз тіпті қарапайым соқпақтың өзі қауіпті болуы мүмкін.

Сарапшы таудағы қауіптерді екіге бөледі: табиғи және адам факторы.

Табиғи факторлар:

  • Климаттың жылдам өзгеруі;
  • Жасырын жарықтар мен мұз құламалары бар мұздықтар;
  • Қар көшкіні қаупі ;
  • Тас құлауы, ұсақ тастар, су ағындары;
  • Шөпті жоталардан тік жартастарға дейінгі күрделі рельеф.  

«Бірақ қауіптің көзі тек табиғат емес. Адамның жауапкершілігі, физиологиясы мен психикасы да тәуекелге әсер етеді», — дейді Дидар Қайыр.

Адами факторлар:

  • Үйреншікті жайлылықтың болмауы;
  • Немқұрайлық;
  • Тәжірибенің жетіспеуі;
  • Жүйкелік кернеу;
  • 1500-2000 метрден бастап оттегінің азаюы;
  • Зейіннің төмендеуі;
  • Қорқыныш, стресс немесе керісінше эйфория (өз мүмкіндігін асыра бағалау);
  • Тау ауруы.

Маман тау ауруына ерекше тоқталып өтті. Биікке көтерілген сайын ағзаға түсетін жүктеме артады, ал оттегі азайғанда адам бейімделе алмаса, бас ауруы, әлсіздік, тепе-теңдіктің бұзылуы және ұйқының бұзылуы байқалады.

Тау ауруының негізгі белгілері:

  • Бас ауруы, жүрек айну;
  • Тәбеттің жоғалуы;
  • Қимыл-қозғалыстың бұзылуы, тепе-теңдікті ұстай алмау;
  • Әлсіздік, тез шаршау;
  • Ұйқының бұзылуы;
  • Ең қауіпті белгі – эйфория (адам өзін тым жақсы сезініп, қауіпті бағаламай қалады).

«Ең қауіптісі-эйфория. Дәл осы кезде адам шаршағанын байқамайды, тәуекелді елемейді, өз мүмкіндігін асыра бағалайды. Бұл-шешім қабылдаудағы ең қауіпті күй. Тау ауруы асқынса, өкпе немесе ми ісінуіне дейін апаруы мүмкін. Мұндай жағдайда ең дұрыс шешім-биіктікті төмендету», — деп кеңес береді маман.

Таудағы қауіптерге өзендер, шөпті беткейлер, ұсақ тас пен морена, мұздықтар сияқты аймақтар жатады дейді сарапшы. Әрқайсысында өзіндік қауіп бар: мұздай су, тайғақ тастар, көрінбейтін жарықтар немесе құлап жатқан мұз кесектері. Мұндай жерлерде қозғалыс тактикасы, сақтандыру және топтық жұмыс шешуші рөл атқарады.

Таудағы басты қауіпсіздік қағидасы

Альпинистің пікірінше, таудағы қауіпсіздік бірнеше факторлардың қосындысынан тұрады. Атап айтқанда:

  • Жер бедерін түсіну;
  • Техникалық дайындық;
  • Тәртіп;
  • Топпен дұрыс жұмыс істеу;
  • Дұрыс бейімделу (акклиматизация);
  • Әр сапарды алдын ала талдау;
  • Психологиялық тұрақтылық.

«Тауда «шамамен» деген ұғым болмайды. Дайындық бар ма-қауіп аз. Дайындық жоқ па-тәуекел өседі. Таулар қаншалықты сұлу болса, соншалықты қауіпті екенін еске салғым келеді. Тауларға құрметпен қарап, сол әлемнің заңдары мен ережелерін ұстануға, таудың тек сұлулығын ғана емес, оның қауіпі мен қауіпсіздік ережелерін де насихаттауға шақырамын», — деп түйіндеді Дидар Қайыр.

Жас қыздың өмірін қиған трагедия тағы бір маңызды сұрақты күн тәртібіне шығарды: мәселе тек табиғатта емес, адамның қабылдайтын шешімдерінде. Таулар қаншалықты әдемі болса, сол сұлулықтың артында соншалықты үлкен жауапкершілік жатыр.