Жарияланды: 570

ТМД аумағында тұңғыш рет Алматыда «Анна Каренина» балетінің премьерасы болады

Ресейден кейін ТМД аумағында алғаш рет Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасында

18-19 маусым күндері ресейлік хореограф, балетмейстер, Санкт-Петербор мемлекеттік академиялық балет театрының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Борис Эйфманның «Анна Каренина» балетінің премьерасы болады. Естеріңізге сала кетсек, «Анна Каренинаның» әлемдік премьерасы Борис Эйфманның театрында 2005 жылы 1 сәуірде өтті. Аталмыш спектакль үшін Борис Эйфман «Бенуа-де-ла-Данс» ("балет Оскары", негізі 1991 жылы қаланған) халықаралық би және хореогорафиялық сыйлығының иегері атанды. Ал басты рөлді сомдаған Мария Абашова балеттегі үздік рөлі үшін «Алтын перде» сыйлығының лауреаты атанған болатын. «Анна Каренина» - ішкі психологиялық қуатқа бай және эмоционалдық әсер ету күші орасан зор балеттердің қатарына енген қойылымның бірі. Лев Толстойдың романының желісі бойынша қойылған балетте хореограф Анна-Каренин-Вронский үштігіне баса назар аударған. Дененің пластикасы арқылы автор өз спектаклінде азғындап кеткен әйелдің бейнесін, драмасын көрсетуге ұмтылған. Құмарлық сезімі бойын билеп-төстеген әйел адам қандай да болмасын құрбандыққа баруға әзір. Хореографтың айтуынша, оның спектаклі өткен күндер емес, қазіргі заман туралы сыр шертеді - осы заманғы эмоциялар, ақиқаттық болмыспен тіке салыстырулар жүргізуі осы күнгі қандай да бір көрерменді енжар қалдыра алмайды. Жоғары деңгейде орындалған техника мен хореографияның арқасында Толстойдың романындағы психологиялық иірімдер нақышына келтіріле толық жеткізілген.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін