Жарияланды: 720

«Turkvizyon-2015»: «Орда» тобы екінші орынды еншіледі

«Turkvizyon-2015»: «Орда» тобы екінші орынды еншіледі

Бүгін Түркияның Стамбұл қаласында Яхья Кемаль Беятлы мәдениет сарайында «Turkvizyon-2015» конкурсының гранд-финалы өтті. Оған биыл 21 елдің әншілері қатысты. Санаулы сәт бұрын мәреге жеткен өнер додасында Қазақстанның атынан шыққан «Орда» тобы 185 ұпай жинап, екінші орынды еншіледі. Қазақстандық өнерсүйер қауым бұл ерекше конкурсты «Хабар» арнасы арқылы тамашалады.

Бірінші орынды 194 ұпаймен Қырғыз елінің өнерпазы Жеедеш Ыдырысова жеңіп алса, ал үшінші орынды 175 ұпаймен Түрік елінің Гөркем Дурмаз есімді әншісі олжалады.

Төртінші және бесінші орында 165 ұпайдан алған Македония (гагауз ұлтының өкілі) мен Сирия тұр.

Гранд-финалда Turkvizyon ән байқауының тарихында тұңғыш рет былтырғы сайыстың жеңімпазы Жанар Дұғалова қонақ ретінде ән шырқады.

Түркі тілдес мемлекеттердің мәдени-рухани байланысын нығайтуды көздейтін байқауға қазақ елі жыл сайын қатысып келеді. 2013 жылы Түркияның Ескишехир шаһарында 24 елдің қатысуымен алғаш рет өткен сайыста қазақстандық «Ринго» тобы 9 орыннан көрінсе, былтыр Татарстан астанасы Қазан қаласында әнші Жанар Дұғалова "Ізін көрем" әнін шырқап, дүбірлі доданың бас жүлдесін иеленді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін