Жарияланды: 430

Тұрсынай Оразбаеваның шығармашылық кеші өтеді

Бүгін Алматыда «Алаш» және А. Фадеев атындағы халықаралық әдеби сыйлықтардың иегері,

Саха-Якутия Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынай Оразбаеваның шығармашылық кеші өтеді. М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өтетін бұл шара ақынның Алматыдағы алғашқы кеші болмақ. 1950 жылы 19 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы сайрам «Қайнарбұлақ» ауылында туған Т. Оразбаева еңбек жолын Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып бастады. Одан кейін 1970-1980 жж. облыстық радио комитетінде және облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында әдеби қызметкер болды. Ал 1978 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, 1989-1991 жж. Мәскеуде Жоғары әдебиет курсын бітірді. 1980 жылдан кейін Қазақ радиосының әдеби-драмалық хабарлар Бас редакциясында редактор болып істеген қаламгер, 1997 жылдан бастап Мәскеудегі Халықаралық жазушылар одағының қауымдастығында қазақ әдебиеті бойынша кеңесші болды. Шығармашылық қызметте 1975 жылы жас жазушылардың Бүкілодақтық VIII фестиваліне қатысып, 1980 жылы облыстық және Алматыда өткен ІІ республикалық ақындар айтысында жүлдегер атанды. Сондай-ақ А. Фадеев атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері (2008), Саха-Якутия Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атанып, ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен және «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталған. Ақын шығармалары әр жылдары «Таң шапағы» (1977), «Іңкәр жүрек әуені» (1981), «Молодые поэты Средней Азии и Казахстана» (1982), «Ты моя весна» (1986), «Гүлсезім» (1988), «Хомус и домбра» (1994), «Я твоя весна», «Огни моей мечты» (2000), «Сардана - Әсиягүл» ( 2002) деген атпен жеке кітап болып жарық көрген.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін