Ұлу жылы Ұлы Дала жерінде түркі мәдениетін асқақтатты
![]() |
2012 жылдың аяқталуына бірер күндер ғана қалды. Осы күндері әлем елдері бір жылдағы жетістіктері мен табыстарын немесе ұтылып, құлдырауға ұшыраған салаларын қорытындылап жатқаны белгілі. Қазақстандағы ахуалға тоқталатын болсақ, биылғы жылы әлеуметтік-экономикалық салада, құқық, мәдениет және спорт бағыттарында елеулі оңтайлы өзгерістер болды. |
Біз осылардың ішінен мәдениет саласы тақырыбына қарай ойыспақпыз. Әрине, биылғы жыл Қазақстан мәдениеті үшін ерекше жыл болғанын ескерсек, барлық атқарылған мәдени шараларды қамтып өту мүмкін емес. Сондықтан олардың ішінен бірқатар маңыздыларын атап өтіп, алдағы жылға белгіленіп отырған мақсат-міндеттерге тоқталуды жөн көрдік.
«Опералия - 2012» VII Халықаралық фестивалі қанатын жайды
Астана мен Алматы қалаларында 1-6 шілде аралығында жоғарғы классика өнерінің «Опералия» фестивалі өтті. Бұл шара 2005 жылдан бастап Астананың туған күні қарсаңында өткізіліп келеді. Оны жыл сайын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырады. «Опералия» фестивалінің арқасында астана тұрғындары мен қала қонақтары әр жылы әлемнің үздік театрларындағы балеттің көрнекті солистері мен танымал опера әншілерінің өнерімен танысуға мүмкіндік алды. Атап айтқанда, «Қазақстан» орталық концерт залында «Опералия-2012» халықаралық фестивалі аясында «Әлемдік балет жұлдыздары» Гала концерті өтті. Аталмыш концертте әлемге әйгілі Роберта Маркез, Арионель Варгас (Англия), Дерек Данн, Мария Ковроски, Аск ля Кур Расмуссен (АҚШ), Ма Сяньдон, Чжан Синьлю (Қытай ұлттық операсы), Хуан Кая, Шига Якуе (Япония), Үлкен театрдың солистері Екатерина Крысанова, Владислав Лантратов (Ресей), сонымен қатар К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының жетекші солистері Мадина Басбаева, Рүстем Сейітбеков, Әйгерім Бекетаева, Таир Гатауов, Гаухар Усина, Жандос Әубәкіров және Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының балет әртістері Сәуле Рахмедова, Азамат Асқаров өнер көрсетті.
Астана "Түркі әлемінің мәдени астанасы" мәртебесін Түркияның Ескішаһар қаласына табыстады
Биылғы жылдың соңына қарай елордада "Астана - түркі әлемінің мәдени астанасы жылы" шарасының аяқталуына арналған "Нұрын шашқан Астана" атты салтанатты кеш өтті.
Түркі дүниесінің тұтастығына ұйытқы болып жүрген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "түркі әлемі - XXI ғасырдың қарқынды саяси және мәдени ареалдарының бірі" екендігін айтып, түркілердің ынтымақтастығына жолбасшылық жасап отыр. Түркі дүниесінің бірлігін нығайту жолындағы сан-салалы еңбегі ескеріле отырып, 2010 жылы түркітілдес мемлекеттердің басшыларының Ыстамбұлдағы саммитінде тұңғыш рет Қазақстан елордасы Астана - түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Бүгінде Астана жан-жақтан бас қосқан түркі елдерінің арасындағы рухани көпірге айналды. Қазақ жерінде өз мәресіне жеткен мәдени көш атажұрттан Анадолы түбегіне жол тартпақ. Яғни, 2013 жылы Түркияның Ескішаһар қаласы мәдениет тізгінін өз қолына алғалы отыр. Соған орай салтанатты жиында Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов Түркі мәдениетінің осынау ауыспалы киелі жәдігерін ресми түрде Ескішаһар қаласының басшысы Қадыр Кочдемир мырзаға табыстады. Осының аясында жыл ішінде республиканың әр түкпірінде 50-ге жуық мәдени шара өткен.
Мәселен, «Астана - түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында Қорқыт ата атындағы өнер фестивалі өтіп, бұл елеулі шараға 5 елдің дәстүрлі музыка орындаушылары қатысты. Оған 60-тан астам дәстүрлі музыканың отандық және шетел орындаушылары келді. Қатысушылардың жасына қойылатын талап бойынша фестивальде тек 30 жасқа дейінгі жас өнерпаздар бақтарын сынады. Шара ұйымдастырушылары қобыз, үрлемелі және ішекті аспаптарда үздік орындаушыларды анықталды.
Бұдан бөлек, биыл «Астана - Достастықтың мәдени астанасы» және «Астана - түркі әлемінің мәдени астанасы» жобалары аясында көптеген әртүрлі халықаралық шаралар ұйымдастырылды. 2012 жылғы 26 тамыз - 5 қыркүйек аралығында біздің Астанамызда түркітілдес елдер фотосуретшілерінің IX кездесуі болды. Оған Қазақстанның, Қырғызстанның, Ресейдің, Молдавияның,Түркияның, Кипрдің фото шеберлері қатысты. Сонымен қатар «Ару- АРТ» заманауи өнер галереясында «Жаңа мыңжылдықтың жаңа Астанасы» деп аталатын көрме жұмыс істеді. Ал «АртДала» көрмесі Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан суретшілерінің экспериментті өнерін жұртшылық назарына паш етті.
Мұнымен қоса, күзде Астанада «Астана - түркі әлемінің мәдени астанасы 2012» жылы аясында «Ұлы Дала Сазы» дәстүрлі орындаушылардың халықаралық фестивалі өтті. Концерттік бағдарламаға Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Сүгір, Тәттімбет сияқты танымал дәулескер күйшілердің күйлері және қазақтың дәстүрлі (Арқа, Батыс, Жетісу, Сыр) әндері енгізілді.
Астанада «Тәуелсіздік толғауы» және «Елім менің» байқауларының жеңімпаздары анықталды
Астанадағы К.Байсейітова атында Опера және балет театрында "Тәуелсіздік толғауы" III республикалық байқауының және "Елім менің" ІХ республикалық әндер байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Конкурс бірнеше жанрды қамтыды. Дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылатын байқау қоғам арасында үлкен танымалдылыққа ие болды. Сонымен қатар жаңа шығармалардың өмірге келуіне ұйытқы жасап, опера, драма, қуыршақ театрларының, шығармашылық ұжымдардың, музыканттардың репертуарларын байытты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шығармалар шын мәнінде Тәуелсіз Қазақстан жетістігінің айқын көрінісі.
Сонымен, «Қазақ халық аспаптарына арналған кіші көлемді ең үздік шығарма» болып Тоғжан Жахиннің "Жалын" атты күйі танылды. «Жастар аудиториясына арналған ең үздік музыкалық-драмалық көлемді шығарма» аталымында бірінші және екінші орындар қазылар алқасының шешімімен ешкімге берілмеді. Үшінші орын Ақтоты Райымқұловаға "Жүрек қалауы" мюзиклі үшін берілді. «Қуыршақ театрына арналған ең үздік туынды» аталымында Гүлжайнар Калдинаның "Қырсық балапаны" жеңіп алса, «Хорға арналған ең үздік шығарма» аталымында Бақтияр Аманжолдың "Ел іші - алтын бесік" туындысы бірінші жүлдеге лайық деп танылды. «Балаларға арналған үздік ән» атағына биыл Қуат Шілдебаевтың "Жаңа жыл" өлеңі қол жеткізді. Ал "Елім менің" байқауында лауреаттар "Атамекен", "Аманат" және "Ән сал, сарбаз!" аталымдары бойынша анықталды.
Республикалық ақындар айтысының бас жүлдесі - "Алтын домбыра" шәйір ақынның еншісінде кетті
9 желтоқсанда Астанада Конгресс холл сарайында өткен "Біздің ел осындай" атты Республикалық ақындар айтысының бас жүлдесі - "Алтын домбыра" қызылордалық Мұхтар Ниязовқа бұйырды. "Айтыстың жалпы сипатына келсек, өзімнің көңілім толды. Бұл айтыс халық пен билік арасындағы алтын көпір болуы тиіс. Халықтың сөзін жеткізуге тиісті. Оның бүкіл түпкі мақсаты - қазақ деген елдің рухын көтеру, еңсесін биіктету, басын біріктіру, ұлттың ұйытқысы болу. Міне, бүгінгі айтыс сол деңгейден табылды деп ойлаймын", - деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, публицист Жүрсін Ерман жеңімпазды марапаттау рәсімінде. Аталған айтыстың алдында 60-қа тарта ақынның қатысуымен Өскемен және Қызылорда қалаларында өңірлік іріктеу сайыстары өткізілді. Онда өз өнерлерімен суырылып, жүйрік атанған 6 ақын ақтық республикалық додада бақ сынасты. Айта кету керек, бір келі таза алтыннан құйылған домбыра жүлдегерге мәңгіге берілмейді. Жарыс шарты бойынша бұл ерекше домбыраны республикалық айтыста үш рет қатарынан жеңген ақынға ғана мәңгілікке қалдырылады. Оған дейін домбыра ұлттық мұражайда сақталып, арнайы кітапшада жеңімпаздар есімі жазылады.
Қазақ киносының жұлдызы жанды
Биылғы мәдениет саласындағы елеулі оқиғаларды айта келе, қазақ киносының жетістіктерін атап өтпеу қисынсыз болар. Себебі отандық кино индустриясы жаңа серпіліс жасап, тың туындылармен өз көрермендерін қуанта алды. Бұл тұрғыда «Қазақфильм» сүбелі үлес қосқаны айтпаса да белгілі. ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Асқар Бөрібаевтың сөзіне сенсек, елімізде прокаттық киноға деген қажеттілік өте жоғары. Ол «Қазақфильм» АҚ қазіргі заманғы технологиямен жабдықталғанын айта келе, онда көркем, деректі және анимациялық фильмдердің өндірісі жолға қойылғанын жеткізді. Биыл отандық 7 картина прокатқа шықты. Жыл соңына дейін «Қазақфильмнің» «Аңыздар кітабы: сырлы орман» және «Ер Төстік және Айдаһар» атты тағы 2 туындысын шығару жоспарланып отыр. «Елімізде прокаттық киноға деген қажеттілік өте жоғары. Электрондық жүйенің мәліметі бойынша кинобилеттердің сатылым деңгейі бір айда 1 миллионнан асып отыр. Яғни, барша Қазақстан халқының 7 пайыз көрермені ай сайын киноға барады», - деді А. Бөрібаев.
Отандық кино бүгінде сенімді түрді әлемдік нарыққа шығып отыр. Тек соңғы 4 жылдың ішінде «Қазақфильмнің» 99 картинасы 150 кинофестивальдер мен әлемнің 48 еліндегі халықаралық көрсетілімдер қатысушысы болды. Атап айтқанда, биыл 65-ші Канн кинофестивалінде «Студент» және «Жаужүрек мың бала» картиналары ұсынылып, әлемдік прокат үшін бұл туындыларды халықаралық дистрибьюторлар алған.
2013 жылдағы министрлік жоспары
Жақында ҚР Президентінің «Қазақстан - 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі басымдықтарын түсіндіру жөніндегі республикалық кеңесте ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай елімізде жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, еңбекке баулу сынды тақырыптар өзек болған 20-30 кітап жыл сайын шығарылатынын сөз етті. Министрлік Жазушылар одағымен бірлесе отырып, әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін жарыққа шығарудың жаңа қадамдарын құрастыруда. Министрдің пайымынша, бұл шешім арқылы еліміздің баспа саясатын алдын ала ұзақ мерзімге межелеуге, жылына 20-30 шамасындағы жаңа шығарманың оқырман қолына жетуіне жол ашылатын болады.
Бұдан бөлек, «Қазақстан -2050» стратегиясын түсіндіру жұмыстарына 100 бұқаралық ақпарат құралын тарту көзделіп отырғандығы мәлім болды. «Қазақстан -2050» стратегиясының қазақстандық қоғамда отансүйгіштікті қалыптастыру, мәдениетті дамыту мен тіл саясатын жүзеге асыруға бағытталған ережелерін түсіндіру жұмыстары таяу кезеңдегі БАҚ-тың ақпараттық түсіндіру жұмыстарының ең басты басымдығы болады. Бұл жұмыстарға мемлекеттік тапсырысты орындайтын барлық БАҚ тартылады.
Айта кетейік, Д.Мыңбай 30 томдық терминологиялық сөздікті дайындау барысында соңғы кезде сәнге айналған әсірешілдік қағидаттардан бас тартылатынын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша терминологиялық жұмыстың талаптары түгелдей қайта қаралуда.
Тағы бір мәселе латын қарпіне көшу тұрғысында болып отыр. Министр мырза Тіл білімі институты жанынан латын қарпіне көшу жөніндегі арнайы орталық құруды ұсынды. «Қазақстан-2050» Стратегиясы тіл мәселесіне жаңаша серпін берді. Елбасы 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіру жөнінде нақты міндет жүктеді. Соңғы 90 жылдың ішінде қазақ әліпбиі бірнеше рет өзгеріске ұшырап, араб алфавиті, одан төте жазу, одан кейін латын қарпі, соңында кирилицаға дейінгі күрделі жолдан өткені өздеріңізге мәлім. Әлбетте, соңғы 70 жылда қазақ ғылымы мен білімі кирилица жазуының арқасында жан-жақты дамып, рухани қазынамыз толыға түсті. Алдағы кезеңде латын қарпіне көшу арқылы біз бұл проблемаларды шешіп қана қоймай, әлемдік ақпараттық-коммуникативтік кеңістікке кеңінен ықпалдаса түсетін боламыз», - деді ол.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін