Жарияланды: 430

Жапон жігіті қазақтың домбырасын насихаттап жүр

Жапон жігіті қазақтың домбырасын насихаттап жүр

Қазақтың қара домбырасы, халық әндері мен күйлері уақыт өткен сайын жапон халқын баурай бастады.

Ұлтымыздың бай мәдениетіне деген құмарлық күншығыс елінің шығармашыл өкілдерін Қазақстанның байтақ даласына тартуда. Солардың бірі Такахаши Наоки есімді жапон өнерпазы домбыра, қылқобыз және сыбызғыны мінсіз меңгеріп алған. 

Такахаши Наоки - Фукуи префектурасының тұрғыны. Ағылшын тілінен сабақ береді. Ұлы дала елінің әндері мен күйлерін насихаттау да жапон жігітінің биік мақсатына айналған. 

«Қазақстан - өте көркем, таңғажайып ел. Мен онда жиі бара алмасам да, сол жақта үйренген сүйікті ісімді өмір бойы жалғастыратын боламын», - дейді Такахаши Наоки.
Такахашидің қазақ әуендеріне деген сүйіспеншілігі 13 жыл бұрын күтпеген жерден оянған. Кездейсоқ қолына түскен дискіден домбыраның үнін естіген ол мұның нендей аспап екендігін білуге құмартады. Көп ұзамай, ынтызар болған домбырасы қолына түседі. Сол сәттен бастап өнерлі жігіт күй тартуды өздігінен үйрене бастаған. Киелі аспаптың құдіреті кейін оны Қазақстанға жетелеп алып келді. Білікті ұстаздармен танысып, өзі өнерпаздармен араласқаннан кейін, Такахаши «қазақтың мәдениетіне тіптен құмарттым», дейді. 
Оның таңдаған жары да қазақ қызы Инара Серікбаева - Астана мемлекеттік филармониясында қызмет еткен кәсіби музыкант. Ол қазір өнердегі әрі өмірдегі серігімен бірге Жапония сахналарында өнер көрсетіп жүр, деп хабарлайды 24.kz.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін