Желтоқсан шындығы: «Шымылдықсыз шындық»...
![]() |
Желтоқсанның жексенбісінде қазақтың қара шаңырағы – М.Әуезов атындағы театрда халықтың ардақты азаматы, өнер әлемінің қадірлі тұлғасы, беделді актер Бекжан Тұрыс пен оның ұлы ойнаған «Ұлым, саған айтам...» моноспектаклі болып өтті. |

Тағатсыздана күткен қазақтың әсері бір сарында – барлығын «Шымылдықсыз шындық» «сеспей қатырған».
Авторы Б.Беделxан, режиссері А.Майемеровтің бұл қойылымы қазақ өнерінде ойып тұрып өз орнын алған Бекжан Тұрыстың мерейтойына ыңғайластырылып жасалды. Бұдан қапы қалған қазақ аз. Аншлагпен өткен спектальде иін тірескен жұрт тіпті балконда бинокльмен тамашалағанына шүкір етті.
Тоқ етерін сөзі мірдің оғындай Бейбіт Сарыбайдың фейсбуктегі парақшасындағы жазбасынан келтіруді жөн көрдік:
«Бақыт деген осы ғой...
Көптен күткен «Шымылдықсыз шындықты» көрдік. «Ойдағыдай болды» деген сөз бар. Бұл кешіміз ойдағыдан да жоғары болды. Расымен солай. Көрермен қауым Бекжанның талантына тағы бір сүйсінді, тамсанды. Қай өлшемге салсаңыз да, Асаубайдың асау ұлы алдына қара салмайтындай көрінді. Биіктік, кеңдің, тереңдік. Биік десең - биік, кең десең - кең, терең десең - терең. Кешегі шымылдықсыз шындықтан Сағаттық мінезді байқағандай болдық. Бекжан ағаның шарқ ұрған жанынан «Ақиқатқа іңкәрлікті», «Парасатқа құштарлықты», Шындыққа сүйіспеншілікті» байқадық. "Жақсылықтан басқаның бәрі жалған, қайырымдылықтан өзгенің құны - қара бақыр, сыйластықтан бөтен сымбатты нәрсе жоқ екеніне көз жеткіздік.
Дүние жаралғалы бері бірге келе жатқан әке мен баланың арасындағы бітіспес тартыстың соңы сыйластықпен бітуі қандай ғажап!

Баяғы бенефистегі сүйкімді Мағжан жігіт болған екен. Жігіт болғанда да, әкеге тіке қарап сөйлейтіндей мінезді жігіт болыпты. Беттен алып, төске шауып тұрмаса да, «әй бұл қалай?» деп қалдық. Әкесі Бекжан болса, бұл бала бұлай болмауы керек еді ғой... Әкесінің әкесінен қалған ертоқымды айфонға айырбастап жіберген. Онысы аздай, ауылдағы «жерді сатайық» дейді. Бар бәле осыдан басталады. Өмірінің жалғасы, елінің келешегі мынадай қылық танытқанда, әке не істейді?! Зығырданы қайнайды. Ашуға мінген Бекжан «запыранын» төгеді. Ұлына айтты. Ұлты тыңдады. Айтылмаған не қалды? Аса бір жетесіз адам болмасақ, жеткізіп-ақ айтты... Соңында Мағжан әкесіне:
- Әке, мен соншалықты ақымақ емеспін. Осының бәрін сізді әдейі сөйлету үшін жасадым. Әйтпегенде ертоқымың орнында, сәл бақыттырақ болып оралды, - деп ертоқымды ерттеп, боз атты сахнаға жетектеп алып шыққанда.. не болғанын білмеймін. Керемет! Сұрапыл болды! Бұл сөз аз. Көңіл шалқып, сезім толқып-ақ кетер сәт. Бағанадан бері бір сағат бойына азаптанып айтқанда, шықпаған көмейіндегі кептелген өксік бір мырс еткенде шықпасы бар ма?...
Бекжан әкенің жүзі жылып сала берді. «Атқа мінгеніме емес, сен сияқты ат ұстарым барына қуанып бұрмын» деді. Әке үшін бұдан артық бақыт бар ма?!

Осы бір «Шымылдықсыз шындық» он жыл бұрынғы бенефисті «баланың былдыры» қылып тастады. Біз бұл жерде Бекжан ағамыздың қырық жасындағы өткізген кешін жоққа шығарғалы отырған жоқпыз. Керісінше, бүгінгі моноспектакльдің бағасын асырғымыз келіп отыр. «Әкенің жақсылығы жездедей-ақ» дегенде, қазақ әкенің қадірін түсіру үшін емес, жезденің бағасын арттыру үшін айтқан шығар. Біздікі де сол. Он жыл бекер өтпеген екен. Он жылда әкелі-балалы екеуі өскен екен. Өскен дегенде жәй сөз-ау.
Сахнада қобызын құшақтап, бесігіне тәу етіп, домбырасын сүйіп, ертоқымын жоқтаған Бекжан аға ұлтының жоғын жоқтайтын, барын бағамдайтын, тіпті керек болса, өзінен кейінгілерге жол сілтейтін тұлға екенін көрсете білді. Елуге келгесін осылай келу керек шығар. Құдай қаласа, енді бір он жылда алпысқа толғанында тағы бір биікке шығары сөзсіз. Сол күнді бірге көруді жазсын.
Бұл бір рет қана сахналап, сонымен қоя салатын дүние емес. Репертуарға енсе ешқандай артықтық етпес еді. Шындық іздеген адамдар кешегі жиылған мың адаммен шектелмейтін шығар. Шындық басқаларға да керек. Басқалар да «тазарғысы» келеді. Және бұл спектаклімен Бекжан аға еліміздің барлық театрларын аралап шықса болар еді. Нағыз гастрольдік дүние екен. Өйткені бұл спектальде алты атанға жүк қыларлықтай декорация да жоқ. Массовкадағы бала-шағаны бір автобусқа тиеп алып, кез келген облысқа, кез келген ауданға сапарлап кетуге болады. Ол жақта да «жақсыны көрмекке» деп отырған ағайындардың көп екеніне көзіміз жетеді.

Кеше көп актердің кеудесінде арман оты тұтанды. «Шіркін-ай, біз де...» деген.
Бекжан ағаның осындай өнеріне актердің тереңдігіндей тереңдікпен, биіктігіндей биіктікпен, кеңдігіндей кеңдікпен келген Бақыт Беделханұлының еңбегін айтпасақ обалды болар. Актердің бар айтпағын аузына салып берген Бәкеңнің шығармашылық шымырқасы адам сүйсінгендей. Өзі де зығырданы қайнап, буырқанып, өзге түгілі өзіне көңілі толмай жүрген Бақыт ағам төгуіндей-ақ төккен екен. Мен Бәкеңнің ішінде не жатқанын баяғыда-ақ білетінмін. Соның бәрі кеше сыртқа шықты. Бекжан мен Бақыт бірін-бірі толықтырды. Әдемі тандем екен. Бір топырақта туып, бір ауаны жұтып, бір елде өскен екі ұл жарасым тапты. Өзек деген бар ғой. Бұл кеште адам дүниеге келгенде кесілетін кіндіктен бастап не айтылмады дейсіз. Бәрі айтылды.
Жұрттың көкейінде бір ғана сұрақ болды - «Бақыт бұның бәрін қайда жүріп жазған?»... Бұның бәрі Бәкеңнің миында баяғыдан жазулы тұрған. Кейде көңіл-күйсіз келіп, «шәй ішпедік пе?» деп ерте жөнелгенінде, жұпыны дастарханның басында қапаланып отырып шет-жағасын айтатын еді. Осынау аласапыран ойлардың барлығының сыртқа шығуына Бекжан аға барын салды. Ешкім тілін таба алмайтын, ешкімнің тілін алмайтын, еш пендеге жақпайтын, «бір Құдайдан басқа ешкімді қақпайтын...» Бәкеңді Бекжан аға қамап қойып жаздырды.
Бұл дүниенің алғашқы жолдары облыстық аурухананың бірінше қабатындағы палатада жазылды. Бақыт аға осыны жазу үшін сау басына сақина тілеп алып, бірер күн жатты. Бір барғанымды ноутбугын ашып қойып оқып берген еді. Басымды изей бергенім есімде.
Кеше спектакль біткеннен кейін киім ілгіштегі кезекте тұрғандардың барлығы бір-бірінен «ұнады ма, ұнады ма?» деп сұрап жатты. Бәрінің көзінен көрдім. Олар бұл сұрақты «маған ұнады, саған ше?» деп қойып жатты.»

Пікірлер:
Эльмира Уайдуллақызы:
«Кеш керемет өтті. Бекжан ағаның аяулы жары Гүлбану апай маған дәріс берген сүйікті ұстазым, кураторым болған. Қазір бір кафедрада бірге қызмет етеміз. Кешке ұстаздарымызбен бірге аяулы жан анашымды алып бардым. Бекжан ағаның берген тағылымы Мағжан бауырыма сіңген екен. Бұл тағылымды отбасына бақыт, ұзақ ғұмыр, ынтымақ пен береке және шығармашылық табыс тілеймін!
«Кереметін-ай! "Көрген де арманда, көрмеген біз де арманда" болып отырмыз, Бекжан аға, құтты болсын! Бұл қойылым М.Әуезов театрының репертуарына енуін жан-тәнімізбен тілейміз!»
Нартай Аралбайұлы, журналист:
«Жар болсын сіздей қазақ өнерінің Құлагеріне. Қаймана қазақтың бағына туған тұлға деп білем мен сізді! Сізге көрініп қалу үшін біз секілді көгілдір экранға өлімдеспейсіз, біреудің көзіне түсу үшін жайылып жастық, төселіп көрпе болмайсыз. Көненің көзімен өмірдің өзін қарапайым саxнада сомдайсыз. "Ұят болмасыннан" танығам, ауылда, Бекжан Тұрысты. Әлі күнге «ұят болмайтын» өнеріңізді паш етіп талайды тамсантып келесіз. Қазір денесі сал қоғамға дені сау адамның кейпін көрсетіп жүрсіз. Күндіктің қамын емес, бірліктің қамын жеп!»

Риза Исаева, редактор:
«Бекжан Тұрыс, Бақыт Беделхан да батырлықты, көбіміздің ішімізде бықсып, сыртқа шығуға бата алмай жатқан сезімді шығарды. Айызымыз қанып, "иә, иә, дәл солай" дей бердік! Рахмет, бұл бір кешпен тоқтап қалмауы тиіс, жалғасуы, әлі де көрсетілуі тиіс дүние!» !

Асқар Наймантаев, оқытушы:
«Бекжанның ұлына айтқанын бедірейіп барып, ежірейіп қарап, толқыдық, күлдік, жыладық, қуандық. Мағжанға ғұмыр тілеп қайттық».
Гүльсина Мірғалиева, Н. Жантөрин атындағы Ақтау драма театрының көркемдік жетекшісі:
«Режиссер Асхат Майеміров меня потряс! Катарсис. Точное попадание в сердце. Бекжан Тұрыс интеллектуальный артист. Высокодуховный. Я благодарю бога, за то что я видела сегодняшний разговор Гражданиа с самим собой, и зрителем, и с сыном.Бақыт Беделхан - ұлы Ақын. И тут нет сомнений! Он резал без ножа».

Фотосуреттер Фейсбук әлеуметтік желісі, Бекжан Тұрыстың жеке парақшасынан алынды.

Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін