12 жастағы алматылық вундеркинд университетті 15 жасында аяқтамақ - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
12 жастағы алматылық вундеркинд университетті 15 жасында аяқтамақ

12 жастағы алматылық вундеркинд университетті 15 жасында аяқтамақ

2 жастағы алматылық вундеркинд Абзал Мырзаштың Қазақстан-Британ техникалық университетінде білім алып келе жатқанына да бірнеше айдан астам уақыт өтті. Жасының кішілігіне қарамастан, ол өзімен қатар балаларды басып озып, мектеп бағдарламасын жедел тәмәмдаған еді. Енді тіпті, өзі түскен ЖОО-н да жылдамдатып аяқтауды көздеп отыр. Оған қоса, оқуын шетелде жалғастыруды армандайды.

  • 25 Желтоқсан 2017
  • 343
Фото - Caravan.kz

Оның университет қабырғасындағы өмірі мен алға қойған жоспарын сұрап-білу мақсатында Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Абзалдың үйіне барып қайтқан еді. Сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз:

-Мектеп пен ЖОО-да оқудың не айырмашылығы бар?

-Әрине, университеттің оқу бағдарламасы мектептен әлдеқайда қиындау. Сабақтар қызығырақ және тек өзіңнің мамандығыңа қатысты пәндерді ғана үйретеді. Оған қоса, мұнда өзіңді еркін сезінесің, мәселен, мектептегідей форма киетін қатал ережелер де жоқ.

-Университетке келген уақытта не нәрсеге үйрену саған қиындық туғызды?

Маған программалау пәні өте қатты ұнайды. Бірақ, бас кезде бұл пәнді үйреніп кету маған аздап қиындық туғызды. Программалау бойынша, мен нақты ештеңе білмейтінмін. Сол үшін мен онымен көбірек айналыстым. Нәтижесінде, аралық бақылаулардан кейінгі сынақтардан өте жоғары деген (100%) көрсеткішке ие болдым.

-Ақпараттық технологиялар мамандығын таңдауды тоғызыншы сыныпта шештің, қазірде осы мамандықтан дәріс алып жүрсің. Саған екінші рет таңдау берсе, бұл мамандығыңды ауыстырар ма едің?

-Маған ақпараттық технология мамандығы және оған қатысты оқытылатын пәндер ұнап жатыр. Сондықтан, бұл мамандықты таңдағаныма өкінбеймін.  

-Жақында ғана университеттегі сынақтардан сүрінбей өттің деп естідік, аралық бақылау сен үшін қиын болмады ма?

-Шүкір, барлық сабақтарды жақсылап аяқтадым. Аса қатты қиындық туғызды деп айта алмаймын.

-Бір топта оқитын студенттермен арадағы қарым-қатынасың қалай? Жаңа достар таба алдың ба?

-Бастапқы бір-екі аптада аздап ыңғайсыз болды. Себебі барлығы бір-бірін танымайды. Одан кейінгі уақыттарда ғана біз етене араласа бастадық. Мен де біраз достар таптым. Біздер жалпы дәріс оқылғанда аудиторияда 80 адам болып отырамыз, ал семинарларда 10-15 студент қалады. Ақпараттық технологиялар (IT) мамандығы болғандықтан, тобымызда ұлдар басым.

-Мұғалімдердің саған деген қарым-қатынасы қандай, олар саған ерекше көңіл бөледі ме?

-Мұғалімдер маған барлығына бірдей қарағандай қарайды. Олар сабақты өте қызықты өтеді. Лекция ағылшын тілінде өткенмен, олар қол жетімді, түсінікті тілмен жеткізеді.


-Сыныптастарыңды сағындың ба? Олармен әлі араласып тұрасың ба?

-Сыныптастармен, ауладағы достарыммен араласып тұрамын. Олар кей кезде түсінбеген сұрақтарын сұрап тұрады.

-Бос уақытыңда немен айналысасың?

-Мен қазір өз шешімім бойынша, ініммен бірге боксқа қатысып жүрмін. Аптасына үш рет болады. Ұстазым ТМД және славян елдерінің чемпионы, әлемде оны әйгілі Мэнни Пакьяоны ұрып-жыққан, танымал боксшы Серікжан Ешмағамбетовпен дайындаламын.

-ЖОО-н да мерзімінен бұрын бітіру туралы ақпаратты естідік, бұл ойыңды университет тарапы біледі ме? Олардың ойы қалай?

-Осы семестрде екінші курстан бір сабақ алған болатынмын. Басында бір сабақ қана алдым, қатты қиын болып кетпесін деп. Біртіндеп қосамын, екінші семестрде одан да көбірек қосамын деп отырмын. Жеделдетілген түрде, яғни 2,5-3 жылда оқып бітіргім келеді. Университет тарапы бұл туралы хабардар.

-Сенің ең мықты қасиетің не?

Мен кішкентай кезімнен бастап, айналадағы заттарға қатты зейін қойып қарайтынмын. Менің ойымша, қызығушылық пен есте сақтау қабілетімнің арқасында жақсы оқимын деп ойлаймын.

-Саған танымал болған ұнайды ма?

-Негізі, басқалардың назарында бола берген онша ұнамайды.

-Алға қойған мақсатың қандай?

-Қазақ-Британ техникалық университетін бітіргеннен кейін, бәлкім жеделдетіп, Алла бұйыртса, АҚШ-тың Массачусетс штатындағы MIT (Massachusetts Institute of Technology) институтына түскім келеді. Онда магистратура мамандығын игерсем деген ойым бар.

-Сен университетті бітіргенде 15-те боласың, сонау АҚШ-қа жалғыз баруға жүрексінбейсің бе?

Мен жалғыз емес, ата-анамды да өзіммен бірге алып кеткім келеді. Әрине оны уақыты келгенде көре жатармыз…

Соңғы жаңалықтар