2011 жылғы 22-28 тамыз аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+20 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
2011 жылғы 22-28 тамыз аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

2011 жылғы 22-28 тамыз аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҮКІМЕТ

  • 22 Тамыз 2011
  • 1453
Фото - Caravan.kz

22 тамыз күні ҚР Үкіметінің отырысы өтеді.

26 тамызда BNews.kz порталында Қазақтан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың қатысуымен он-лайн конференция өтеді. Интернет-мәслихаттың тақырыбы: «Қазақстан халқы үшін қолжетімді медициналық көмек көрсету».

ПАРЛАМЕНТ

22 тамызда Орталық сайлау комиссиясында ҚР Парламент Сенаты депутаттары сайлауының қорытындысына арналған брифинг болады.

АСТАНА

22 тамыз күні Конгресс-Холда ұстаздардың тамыз мәслихаты көрмесінің ашылуы болады.

22 тамыз күні К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында «Тілге құрмет — елге құрмет» тілдер байқауының ашылу салтанаты болады. Іс-шараға белгілі әртістер мен айтыс ақындары қатысады.

22-28 тамыз аралығында «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған әскери парадтың дайындығы өтеді.

23 тамызда Назарбаев Университетінде баспасөз мәслихаты өтеді.

24 тамыз күні елорданың Конгресс-Холл сарайында жыл сайынғы бос қызмет және бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтеді.

АЛМАТЫ

22 тамыз күні Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде шет тілін мобилді оқытуды әдісін енгізу мәселесі бойынша Халықаралық семинар болады.

22 тамызда Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өмірден озғанының 18 жылдығына орай Д.Қонавты Еске алу күні өтеді.

СПОРТ

19 тамыз бен 28 тамыз аралығында Астанада ерлер командалары арасында шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасы кубогы үшін тоғызыншы жарыс өткізіледі.

12 тамыз бен 23 тамыз аралығында Қытайдың Шэньчжэнь қаласында 26-шы Бүкіләлемдік жазғы Универсиада өтеді, оған қазақ спортшылары да қатысады. Қазақстан құрамасының 103 спортшысы спортың 11 түрі бойныша өнер көрсетеді.

ҚОҒАМ

2011 жылдың 1 шілдесі мен 10 қарашасы аралығында «Зерде» Ұлттық Инфокоммуникациялық холдингі» АҚ Байланыс және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Электрондық үкімет» жұмысы тақырыбындағы ең үздік материалға журналистер арасында шығармашылық конкурс жариялады.

1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында республикалық акция аясында Астанада «Мектепке барар жол» акциясы өтеді.

СЫРТҚЫ САЯСАТ

Санкт-Петерборда Ресей, Қазақстан, Украина, Норвегия, Финляндия, Германия, Франция, Италия, Беларусь, Латвия, Эстониядан келген 100-ден астам темірден түйін түйетін ұсталар мен суретшілер өз шеберліктерін көрсететін «Туфелька для Золушки» атты халықаралық байқау басталды. Фестивальдің өзі 10-11 қыркүйек күндері Кронштадта өтетін болады. Байқауға дейінгі бір айда барлық темір ұсталары шығармашылық тапсырманы орындап, темірден туфли мен басқа аяқ киім жасап шығарады.

27 тамыз бен 2 қыркүйек арылығында Молдовада табиғат апаттарының салдарын жою жөніндегі «Кодры-2011» оқулары өтеді, оған әлемнің 30 елінің өкілдері, соның ішінде қазақстандық құтқарушылар да қатысады.

25 тамыз бен 30 тамыз аралығында Өзбекстанның Самарқанд қаласында «Шарк тароналари» (Шығыс әуендері) атты 8-ші Халықаралық музыка байқауы өтеді.

АЙМАҚТАР

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ

23 сәуір мен 10 қыркүйек арасында Ақтөбе облысында «Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған 20 екпінді апталық» деген ұранмен «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасы өтеді.

ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ

15 шілде мен 15 қыркүйек аралығында Қостанайда «мектепке жол» акциясы өтеді.

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ

15 тамыздан бастап Қарағанды облысында «Әрбір бала білім алуға құқылы» атты әлеуметтік SMS-акция жүргізіледі. Акция 30 қыркүйекке дейін жалғасады.

ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

27 тамыз күні Оңтүстік Қазақстандағы 20 альпинист Тәуелсіздік шыңына шығады.

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.

ТАМЫЗДЫҢ 22-СІ, ДҮЙСЕНБІ

Ресей Федерациясының Мемлекеттік туы күні. Қазіргі көк-ақ-қызыл жолақты Ресей туы 1994 жылғы тамыздың 22-сінде мемлекеттік нышанға айналған. Ол туралы Жарлыққа сол кездегі Ресей Президенті Борис Ельцин қол қойған. Алғаш рет бұл түстерді Ұлы Петр пайдаланған екен. Бұл алыс қашықтықтан көрінетін болғандықтан, белгі ретінде пайдаланылған. Кейіннен Бірінші Петр оны Әскери флот туы ретінде бекіткен. Содан соң ақ-көк-қызыл жолақты ту Ресей сауда флотының туы ретінде бекітіліп, сонымен бір мезгілде ол Ресей мемлекетінің нышанына айналды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

102 жыл бұрын (1909) Уфа қаласында ақын Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» атты өлеңдер жинағы басылып шықты.

22 жыл бұрын (1989) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі қабылдаған «Тіл туралы» Заңға сәйкес, Қазақстан Республикасында қазақ тілі — мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды. Бұл Заң 1990 жылғы шілденің 1-інде күшіне енді.

6 жыл бұрын (2005) Павлодар облысы Май ауданының Бозкөл ауылында тәулігіне 10 мың дана кірпіш шығаратын зауыт іске қосылды.

5 жыл бұрын (2006) Ақтөбеде Жамбыл көшесі бойындағы паталогоанатомиялық бюросы ғимаратында медицина ғылымының докторы, профессор Саламат Ахметқалиевке арналған ескерткіш тақта орнатылды.

Саламат Ахметқалиев (1936-2005) Ақтөбе медицина институтын бітірген, сосын ассистенттен кафедра меңгерушісіне дейін өскен. 1997 жылы практикалық медицина саласына өтуіне байланысты, ол бiртұтас паталогоанатомия бюросын құрып, сол саланың дамуына өз үлесін қосты.

5 жыл бұрын (2006) Алматыда Чикагодағы /АҚШ/ Иллин университетінің профессоры Расмы Карклинс ханымның «Бұрынғы коммунистік мемлекеттердегі жемқорлық. Бүгінгі жүйе осыған жауапты» атты кітабының таныстырылымы болды. Автордың айтуынша, ол өзінің орыс тіліне аударылған шығармасында бұрынғы коммунистік елдердегі сыбайлас жемқорлықтың шығу тарихын жан-жақты зерттеп, оған саяси баға беруге тырысқан. «Мен өзімнің бұл еңбегімде ТМД мемлекеттеріндегі жемқорлықтың шығу жолдары мен онымен жүргізіліп жатқан амалдарды түсінікті етіп жазуға тырыстым», деді ол. Оның сөзіне қарағанда, бұл шығарманы оқыған әрбір адам сыбайлас жемқорлықтың қандай жолмен ұйымдастырылатынын және онымен қалай күресуге болатынынан хабардар болады.

4 жыл бұрын (2007) Алматыда, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайында тұңғыш рет үйлену тойының сәнді киімдер үлгісінің көрмесі болып өтті.

Ұйымдастырушысы — ресейлік «Интер Групп» компаниясы.

Көрменің мақсаты — қазақстандықтарды үйлену тойының сәнді киімдер үлгісін тігетін жетекші өндірушілермен таныстыру, шығармашылық және іскерлік қызығушылықты біріктіру, осы саладағы кәсіби тәжірибені алмастыру және жаңа ұтымды келісім шарттарға қол қою.

Шара аясында сәнді киім үлгілерінің шеруі және кішігірім концерт болды.

2 жыл бұрын (2009) Мәскеуде Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Елшілігінің резиденциясында танымал журналист, «Қазақпарат» ҰК» АҚ меншікті тілшісі Сара Нұрғалиеваның «Теңдік белгісі» атты кітабының таныстырылымы өтті.

Қазақ ғарышкері, Халық Қаһарманы және Ресей Батыры Талғат Мұсабаевқа арналған деректі повестің таныстырылымына орайластырылған кездесуге ұшқыш-ғарышкерлер — Юрий Маленченко, Юрий Батурин, Анатолий Арцыбарский, кітаптың бас кейіпкері Т.Мұсабаев, 1992-1994 жылдардағы Ленинск қаласы әкімшілігінің бірінші басшысы Виталий Брынкин және тағдырлары ұзақ жылдар бойы ғарышты игерумен байланысты болған басқа да тұлғалар қатысты.

Кітап «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ тапсырысы бойынша басып шығарылды, бастапқы таралымы — 5 мың дана.

ЕСІМДЕР

90 жыл бұрын (1921) қоғам және мемлекет қайраткері, Ұлы Отан соғысы ардагері ХАЛЫҚОВ Аманжол дүниеге келді.

Ақмола облысының Ерментау ауданында туған. Алматы жоғары партия мектебін, Қарағанды педагогикалық институтын бітірген. 1946-1956 жылдары — Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетінің жауапты ұйымдастырушысы, Ақмола облыстық комитетінің хатшысы, бірінші хатшысы, Қарағанды темір жолы саяси бөлімінің нұсқаушысы. 1956-1964 жылдары — Ленин аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Новочеркасск аудандық атқару комитетінің төрағасы, партия комитетінің бірінші хатшысы, Атбасар аудандық өндірістік басқармасы партия комитетінің хатшысы. 1964-1970 жылдары — Целиноград облыстық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, облыстық партия комитетінің екінші хатшысы. 1970-1977 және 1980-1987 жылдары — Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы партиялық комиссияның төрағасы. 1977-1980 жылдары — Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бөлім меңгерушісі. 1987 жылы зейнет демалысына шыққан. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 8, 11-інші шақырылымдарына депутат болып сайланған.

1, 2-інші дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, Қазан төңкерісі, үш мәрте Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, «Парасат» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

65 жыл бұрын (1946-1973) жырау РҮСТЕМБЕКҰЛЫ Көшеней дүниеге келді.

Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Қазақстан Ғылым Академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, Максим Горький атындағы Әлем әдебиеті институтының халық шығармашылығы бөлімінде жұмыс істеген.

Ол «Көроғлы», «Рүстем-дастан», «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қыз Жібек», т.б. эпостық жыр-дастандарды, қазақ ақындарының шығармаларын жатқа айтып, ел арасына таратты. Жыраудың орындауындағы батырлық жырлардың негізгі ерекшелігі — көне мақам-сазға құрылуы. Өлеңдері мерзімді баспасөз бетінде «Қазақтың қазіргі халық поэзиясы», «Жамбыл және қазіргі халық поэзиясы» атты жинақтарда жарық көрген. «Қобыланды батыр» дастанын орындау барысында пайдаланылатын төрт түрлі музыка әуені нотаға түсіріліп, 14 толғау, термесі күйтабаққа жазылған. Ол сонымен қатар «Құлагер» фильміне түсіп, Ақан сері баласының рөлін сомдаған.

65 жыл бұрын (1946) Беларус, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан Парламентаралық комитетіндегі Қазақстан Республикасы Парламентінің өкілі, техника ғылымының кандидаты, Петров ғылым және өнер академиясының мүшесі, Қазақстан Геотехника қауымдастығының вице-президенті, Санкт-Петербор және Ленинград облыстық Қазақ қоғамының президенті БӘКЕНОВ Халел Закарұлы дүниеге келді.

Астана қаласында туған. Ленинград инженерлік-құрылыс институтын және аспирантурасын бітірген.

120-дан астам ғылыми еңбектің авторы. 1976-1993 жылдары — Ленинград құрылыс институтының, Санкт-Петербор сәулет-құрылыс университетінің кіші, аға, жетекші ғылыми қызметкері. 1993 жылдан ТМД Парламентаралық ассамблеясындағы Қазақстан Республикасы Парламентінің өкілі, 1995 жылдан ТМД Парламентаралық ассамблеясы Кеңесі бас хатшысының орынбасары болған. Қазіргі қызметінде 1996 жылдан бастап істейді.

ТАМЫЗДЫҢ 23-І, СЕЙСЕНБІ

Халықаралық құл саудасы мен оны жою туралы еске түсіру күні. Жыл сайынғы Халықаралық құл саудасы мен оны жою туралы еске түсіру күні ЮНЕСКО Бас конференциясының 29 С/40 қарарымен жарияланған. Мұндай шешім осы ұйымның Атқару комитетінің 150-інші сессиясының 8.2 қарарында жасалған ұсыныстар негізінде қабылданды.

Тамыздың 23-і Санто-Доминго аралында 1791-інші жылы тамыздың 22-сінен 23-іне қараған түні лап еткен даңқты құлдар көтерілісін есте қалдыру мақсатында таңдап алынған.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

15 жыл бұрын (1996) Алматы қаласында, Достық даңғылы мен Жамбыл көшелерінің қиылысына ақын Жамбыл Жабаевтың ескерткіші орнатылды.

15 жыл бұрын (1996) Алматыда қырғыз елінің елшілігі ашылды.

6 жыл бұрын (2005) Шығыс Қазақстан облысы Глубокий ауданының Винное ауылының маңында жаңа ипподром ашылды.

Жаңа ипподромның көрермендерге арналған трибунасы 500 орынға есептелген, жүгіру алаңы — екі жарым шақырым. Жүгіру алаңының ені жарыстың он екі қатысушысына арналған.

5 жыл бұрын (2006) Көкшетауда «Шахматы Казахстана» атты республикалық журналдың алғашқы саны жарық көрді. Басылымның бас редакторы — әйгілі шахматшы, халықаралық гроссмейстер Серікбай Темірбаев. Түрлі-түсті 34 беттік, әр тоқсанда бір рет шығарылатын журнал республика көлемінде таратылады. Басылымның тұсаукесер санында шахмат тарихынан мәтіндер, соңғы шахмат спартакиадалары, турнир қорытындылары, шахмат жөніндегі теориялық мақалалар берілген.

5 жыл бұрын (2006) Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылында орналасқан шекара бекетіне Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан полк комиссары Хаби Халиуллиннің есімі берілді. Аталмыш шекара заставасы өткен жылдың қараша айында құрылған болатын. Онда жергілікті Жәнібек ауданының жастары да қызмет етеді. Хаби Халиуллин ( 1942-1942 ) осы ауданның Ақоба ауылында туып-өсіп, әскер қатарында жүріп, 1934-1937 жылдары Тәжікстанның Мургаб сайлау округінен 1-шақырылған КСРО Жоғары Кеңесі депутаттығына сайланған. В.И.Ленин атындағы Әскери-саяси академияда оқиды. 1942 жылы мамырда полк комиссары Харьков бағытындағы майдан шебінде Протопоповка ауылының маңында қаза тауып, сүйегі 1959 жылы табылып, сол селода ескерткіш орнатылған.

4 жыл бұрын (2007) Астанадағы Конгресс-Холлда тәжік қылқалам шеберлерінің ең таңдаулы туындылары және фотосуреттер көрмесі болып өтті.

Ұйымдастырушысы — Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі және «Қазақ әуендері» АҚ.

Көрмеге 48 өнер туындысы қойылды. Жұртшылықтың назарына Лутфия Ашурованың «Таудағы көктем», «Табиғат көрінісі» атты қолдан тоқыған еңбектері, Заур Дахтенің «Ұйқыдағы Будда», ІІІ- V ғасырдағы «Ямчунь бекінісі» сияқты Тәжікстанның еңбек сіңірген суретшілері мен жас таланттардың елдің табиғатын, тұрмысын, саяси өмірін, ежелгі тарихын бейнелеген суреттері және фотосуреттері ұсынылды.

2 жыл бұрын (2009) Павлодарлық облыстық көркем мұражайында суретшi Камиль Катлеевтің көрмесi өттi.

Бұл суретшінің алғашқы көрмесі. Экспозицияларда 50-ден астам суреттер ұсынылған, онда Ертістегі күннің шығуы және батуы, жаздың ыстық күндері және қыстың көгілдір сәуле таратқан күндері бейнеленген.

Камиль Катлеев бейнелеу өнерін белгілі Иван Лагутиннiң изостудиясындағы шеберханасында алпысыншы жылдары оқыған. Кейінен оқуын Омск педагогикалық институтының сурет-графика факультетінде жалғастырған. Суретшінің жұмыстары облыстық, республикалық және бүкілодақтық көрмелерге қойылған.

1 жыл бұрын (2010) Қазақстанның Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына төрағалығы аясында Ұйымға қазақстандық төрағалықтың ресми логотипі бекітілді. Ресми логотипте Шанхай ұйымының ресми елтаңбасы мен оның төменгі жағында қанат жайған алтын қыранның бейнесі бедерленген. Қыранның төменгі жағында Ұйымның екі жұмыс тілінде, яғни орыс және қытай тілдерінде Қазақстан сөзі, оның екі жағынан еліміздің Ұйымға төрағалық жылдары жазылған.

ШЫҰ-ның Хартиясына сәйкес 2010 жылғы маусымның 12-сінен Ұйымды біржылдық мерзімге еліміздің басқаратынын еске салған ресми өкілдің атап өтуінше, Қазақстан ұйымдастыратын іс-шаралардың ең негізгісі аталған ұйымның құрылуына 10 жыл толуына орай 2011 жылы маусымда Астанада өткізілетін Мемлекет басшыларының саммиті болмақ.

«Осы атаулы күнге дейінгі аралықта Қазақстан ШЫҰ аясында 90-ға жуық түрлі іс-шаралар ұйымдастырады, оның шамамен 30-ға жуығы елімізде өткізіледі», деді өз сөзінде А.Әбдірахманов.

ЕСІМДЕР

100 жыл бұрын (1911-1987) жазушы, сықақшы, аудармашы АЛТАЙБАЕВ Жүсіпбек дүниеге келді.

Қарағанды облысының Шет ауданында туған. Еңбек жолын «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің Қарағанды облысындағы тілшісі болып бастап, жауапты хатшысы, редакторы, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің жауапты хатшысы, «Вожатый» журналының редакторы, «Комсомол» баспасының бас редакторы, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің жауапты хатшысы, Семей облыстық «Екпінді» (қазіргі «Семей таңы») газетінің редакторы, ҚазТАГ-тың (қазіргі «ҚазАқпарат») директоры, Қазақстан Журналистер одағының жауапты хатшысы, Қазақстан Республикасы Телевизия және радиохабары жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, сатиралық «Ара» — «Шмель» журналының бас редакторы болған. Жазушының «Нақ-нақ» атты алғашқы сатиралық жинағы 1965 жылы жарық көрген. Содан бастап «Сыпырғыш», «Ұят-ай», «Түлек», «Бұзаулы сиырға арзан домбыра», т.б. фельетон, сықақ, әңгіме, повестер жинағы жарық көрген. Ол аударма саласында да еңбек етіп, Николай Гогольдің «Диканька хуторы маңындағы кештер», Иван Тургеновтің «Қарсаңда», Максим Горькийдің «Фома Гордеев» романдарын қазақ тіліне аударған.

3 мәрте «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.

70 жыл бұрын (1941-2003) техника ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының және Жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі, Қарағанды қаласының құрметті азаматы МҰСАЛИМОВ Идеал Ғалиұлы дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Астрахан облысында туған. Қарағанды политехникалық институтын бітірген. Еңбек жолын Қарағанды металл құрастыру зауытының шебері болып бастап, бөлім бастығы, бас технологы, бас инженері болған. 1975-1984 және 1985-1988 жылдары — Қарағанды құрылыс-пластмасс зауытының директоры. 1984-1985 жылдары — Қарағанды қалалық атқару комитетінің төрағасы. 1988-1990 жылдары — «Қазқұрылысполимер» өндірістік бірлестігінің бас директоры. 1990-1993 жылдары — Қарағанды облыстық кеңесінің төрағасы. 1993-1995 жылдары — «Қазқұрылысполимер» АҚ-ының президенті. 1995-1997 жылдары — Қарағанды облысы әкімдігі басшысының, әкімінің бірінші орынбасары. 1997-2003 жылдары «Құрылыспластмасс» АҚ-ының, «Тоғай» АҚ-ының президенті болған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 11, 12-ші шақырылымдарына депутат болып сайланған.

Медальдармен марапатталған.

ТАМЫЗДЫҢ 24-І, СӘРСЕНБІ

Украина Республикасының Мемлекеттік мейрамы — Тәуелсіздік күні (1991). 1991 жылғы тамыздың 24-індегі Украин КСР-і Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс сессиясы шешімімен тәуелсіз Украина мемлекеті құрылды. Украина — Шығыс Еуропада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Беларуспен, солтүстігі және шығысында Ресеймен, оңтүстік-батысында Румыния, Молдовамен, батысында Венгрия, Словакия, Польшамен, оңтүстігінде Азов және Қара теңіздермен шектеседі. Астанасы — Киев қаласы. Мемлекеттік тілі — украин тілі. Акша бірлігі — карбованец.

Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы шілденің 22-сінде орнатылды.

Қырғыстан ІІМ Ішкі әскерінің күні. Қырғыз Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы шілденің 3-індегі қаулысымен бекітілген.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

19 жыл бұрын (1992) Қарағанды облысының Ақадыр ауданында қазақ батыры, қолбасшы, Кенесары ханның кеңесшісі Қоңырбайұлы Ағыбайдың туғанына 190 жыл толуына орай мерекелік салтанат өтті.

15 жыл бұрын (1996) Алматы облысы Жамбыл ауданының Қаракестек ауылында ақын Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалдық мұражайы ашылды. Мұражай 1996 жылы кірпіштен салынған, ауданы 479 шаршыметрді құрайды. Әдеби-мемориалдық кешен демонстрациялық зал, кесене, әкімшілік ғимарат, гараж, қазандықтан тұрады. Мұражайда 759 экспонат бар. 6 бөлімнен тұратын мұражайдың тақырыптық жобасын жасауға ақынның шөбересі, филология ғылымының докторы, профессор Сұлтан Садырбаев басшылық жасады. Мұражай алдындағы алаңқайға ақынның мүсіні орнатылған, авторы — Бақытжан Әбішев.

13 жыл бұрын (1998) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен композитор Нұрғиса Тілендиевке «Халық Қаһарманы» атағы берілді.

Тілендиев Нұрғиса Атабайұлы (1925-1998) — қазақтың әйгілі күйші композиторы, дирижер, дәулескер домбырашы.

Туып өскен жері — Алматы облысының Іле ауданына қарасты Шилікемер ауылы. Мәскеудің Петр Чайковский атындағы консерваторисының дирижерлік факультетін бітірді. Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында (1953-1961), қазақтың Құрманғазы атындағы Мемлекеттік Академиялық халық аспаптар оркестрінде (1961-1964) және тікелей өзінің ұйымдастыруымен дүниеге келген «Отырар сазы» халық аспаптары оркестрінде (1981-1998) бас дирижер қызметін атқарды. Сондай ақ, 1968 жылдың «Қазақфильм» киностудиясы музыка редакциясының бас редакторы болып істеді.

Тілендіұлы Нұрғиса қазақтың музыкалық мәдениетіне композитор, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырған суреткер. Ол 500-ден астам музыкалық төл туындылардың авторы. Осынау мол мұраның жанрлық аясы да қайран қалдырады: ән, күй, романс, увертюра, поэма, контата, опера, балет. Сүйікті шығармаларынан «Достық жолымен» (1958), «Менің Қазақстаным» контатасын (1959), оркестр үшін жазылған шығармаларын (1962), «Халық қуанышы» (1963), «Қайрат» (1964), «Жеңіс солдаты» (1975) сияқты увертюраларын атауға болады. Оның «Аққу», «Аңсау», «Арман», «Ата толғауы», «Әлқисса», «Қорқыт туралы аңыз», «Көш керуені», «Махамбет», «Фараби сазы» сияқты күйлері мен «Саржайлау», «Алатау», «Ақжайық», «Ақ құсым», «Өз елім» сияқты ондаған әндері халықтық бояу нақышының қанықтығымен, өзіндік қолтаңбасының айқындығымен жұртшылықтың сүйіп тыңдайтын рухани қазынасына айналған. Мұның сыртында қырықтан астам пьесаға және жиырмадан астам фильмге музыка жазған. Тілендіұлы Нұрғиса музыкасын жазған Мұхтар Әуезовтің, Шәкен Аймановтың, Тахауи Ахтановтың, Әбділдә Тәжібаевтың пьесалары, сондай ақ «Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым Қожа», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр», «Ақсақ құлан» фильмдері әлдеқашан қазақ сахнасы мен экран өнерінің классикасына айналған. Ол Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге…», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім…», «Ішім өлген, сыртым сау…», «Қызарып, сұрланып…» өлеңдеріне ән шығарған. Сонымен қатар қазақ ақындарының өлеңдеріне «Ғашыққа мойын қой», «Абай арманы», «Әйгерімнің әні», «Ақынның пайғамбары — Абай ата» әндерін жазды.

12 жыл бұрын (1999) Бішкек қаласында «Шанхай бестігі» саммитіне қатысушы мемлекеттер — Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы басшыларының кездесуі басталды. Кездесу барысында халықаралық және аймақтық мәселелер қаралып, есірткі тасымалдарына, сепаратизмге, діни экстремизмге қарсы шаралар талқыланды. Саммит қорытындысында мемлекет басшылары Бішкек декларациясына қол қойды. Сонымен қатар, Н.Назарбаев, Цзян Цзэминь және А.Ақаев мемлекет шекараларының шектесу нүктесі жөнінде үш жақты келісімге қол қойды.

6 жыл бұрын (2005) қазақстанның көрнекті саясат қайраткері, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың «Кентавры Великой степи» кітабы Мәскеуде өткен ТМД-ға мүше мемлекеттердің «Кітап өнері» атты II халықаралық көрмесінде байқаудың бас жүлдесін — «Гран-при» жеңіп алды.

6 жыл бұрын (2005) Алматыда белгілі ғалым, Қазақстан аграрлық экономикасының ұйымдастырушысы Темірхан Жақыповтың тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.

Темірхан Жақыпов (1912-2002) малшаруашылығы кешенін қалыптастыру және малшаруашылығын индустриалды негізге аудару бойынша қызмет атқарған. Ұлы Отан соғысына қатысқан, Калинин атқыштар полкінің, сосын Прибалтика майданының комиссары болған. 1-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және «Қызыл Жұлдыз», үш медальмен марапатталған. Әскерден кейін Қазақ КСР Ғылым академиясының ғылыми-зерттеу институтында, Экономика және ауыл шаруашылықты ұйымдастыратын ғылыми-зерттеу институтында қызметтер атқарған. 1967-1969 жылдары КСРО Ауыл шаруашылық министрлігінің тапсырмасымен Монғолияда жұмыс істеген, оның қызметі Құрмет грамотасымен және «Достық» медалімен белгіленген. 1971 жылы оған «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген экономисі» атағы берілді.

2 жыл бұрын (2009) Алматыда «Эйр Астана» әуе компаниясы «Эйр Астана» — балаларға!» атты қайырымдылық жәрмеңкесін өткізді.

Жәрмеңке әуе компаниясы кеңсесінің жанында өтті. Қайырымдылық шара республикалық ұлттық әуе тасымалдаушы қызметкерлерінің күшімен ұйымдастырылған.

Жәрмеңкеде «Эйр Астана» қатынайтын әр түрлі елдердің ұлттық сувенирлері, қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ыдыс-аяқтары, киім-кешектер, ұлттық тағамдары және тағы да басқа тауарлары қойылған 20 шатыр тігілген. Жәрмеңке аясында өткен аукционда балалар үйі мен зағиптар мектебінің тәрбиеленушілері жасаған бұйымдары сатылды. Әуе компаниясының қызметкерлері балаларға көмек ретінде балалар киімдерін, ойыншықтар, мектепке қажетті жабдықтарды берді.

Сатылымнан түскен қаражаттар №1 балалар үйіне және зағип және нашар көретін балалар мектебіне табысталды.

ЕСІМДЕР

65 жыл бұрын (1946-2004) Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері, 2-ші сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі, әділет генерал-лейтенанты ХИТРИН Юрий Александрович дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1969-1972 жылдары — Алматы қаласы Калинин аудандық прокуратурасының тергеушісі. 1972-1977 жылдары — Алматы қалалық прокуратурасының ерекше тапсырмалар жөніндегі тергеушісі, тергеу бөлімінің бастығы. 1977-1980 жылдары — Қазақ КСР Покуратурасының Тергеу басқармасы бастығының орынбасары. 1980-1987 жылдары — Целиноград облысының прокуроры. 1987-1990 жылдары — КСРО Прокуратурасы еңбекпен түзеу колонияларында заңдардың сақталуын қадағалау жөніндегі бөлімінің бастығы, алқа мүшесі, Қазақ КСР Прокурорының бірінші орынбасары. 1990-1992 жылдары — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік құқық мәселелері жөніндегі мемлекеттік кеңесшісі. 1992-1995 жылдары — Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары — әскери прокуроры. 1995-1997 жылдары — Қазақстан Республикасы Бас әскери прокуроры. 1997-2000 жылдары — Қазақстан Республикасы Бас прокуроры. 2000-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің төрағасы, Республикалық гвардия қолбасшысының бірінші орынбасары болған.

«Парасат» орденімен марапатталған.

65 жыл бұрын (1946) «КОРЭМ» АҚ-ының президенті, техника ғылымының кандидаты ТИЕСОВ Сүйіншілік Әмірхамзаұлы дүниеге келді.

Ақмола облысының Атбасар қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын бітірген. 1969-1971 жылдары — «Энергожүйежоба» ғылыми-зерттеу институтының инженері. 1971-1984 жылдары — Қазақ КСР Энергожүйелері біріккен диспетчерлік басқармасының аға инженері, топ жетекшісі, сектор бастығы. 1984-1987 жылдары — «Целинэнерго» өндірістік бірлестігі бас директорының орынбасары. 1987-1995 жылдары — «Атырауэнерго» өндірістік бірлестігінің бас инженері, бас директоры. 1995-1997 жылдары — Қазақстан Республикасы Энергетика және көмір өнеркәсібі министрінің орынбасары, бірінші орынбасары. 1997-1999 жылдары — Қазақстан Республикасы Энергетика және табиғи ресурстар министрлігі Электроэнергетика департаментінің директоры. 1999-2000 жылдары — Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлігі Энергетикалық қадағалау комитетінің төрағасы. 2000-2004 жылдары — «KEGOC» ААҚ-ының вице-президенті, «Ақмола жүйеаралық электр желісі» филиалының директоры. Қазіргі қызметінде 2004 жылдан бастап істейді.

3-дәрежелі «Барыс» орденімен және медальдармен марапатталған.

ТАМЫЗДЫҢ 25-І, БЕЙСЕНБІ

Шығыс Уругвай Республикасының Ұлттық мейрамы — Тәуелсіздік күні (1825). Уругвай — Оңтүстік Америка құрлығы орталық бөлігінің шығысында орналасқан мемлекет. Солтүстігі және шығысында Бразилиямен, батысында Аргентинамен, шығысы мен оңтүстігінде Атлант мұхитымен шектеседі. Астанасы — Монтевидео қаласы. Мемлекеттік тілі — испан тілі. Ақша бірлігі — уругвай песосы.

Парагвайдың Конституция күні. Парагвай — Оңтүстік Америкада орналасқан мемлекет. Солтүстігі мен солтүстік-батысында Боливиямен, шығысында Бразилиямен, оңтүстігі мен оңтүстік-батысында Аргентинамен шектеседі. Астанасы — Асунсьон қаласы. Мемлекеттік тілі — испан тілі. Ақша бірлігі — гуарани.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

16 жыл бұрын (1995) Алматы қаласында Президент Нұрсұлтан Назарбаев атындағы кубок үшін теннистен халықаралық турнир болып өтті.

6 жыл бұрын (2005) Алматыда, Қазақстан энергетиктерінің алғашқы кеңесі болып өтті.

Оған Қазақстанның барлық өңірінен келген өнеркәсіптік кәсіпорындардың 100-ден астам өкілдері, жақын және алыс шетелдерден келген энергетикалық жабдықтарды шығаратын кәсіпорындар, тағы да біздің еліміздің бірқатар министрлері қатысты.

Жұмыс барысында энергетика саласының заң шығару және нормативтік базасы, өнеркәсіптік кәсіпорындарын электрқуатымен қамтамасыз ету мәселелері және жаңа технологиялармен қазіргі заманғы жабдықтарды енгізу мәселелері талқыланды.

6 жыл бұрын (2005) Алматыда «Жеті Жарғы» баспасы Қазақстан Республикасы Конституциясының 10-жылдық мерейтойына орайластырған заңнама актілер жинағын және Қазақстан Республикасы Конституциясының сыйлық комплектісін басып шығарды.

Заңнама актілер жинағының құрастырушысы — белгілі ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Ғайрат Сапарғалиев. Жинақ қазақ және орыс тілінде жарық көрді, оның тиражы — 2500 дана.

Қазақстан Республикасы Конституциясының сыйлық комплектісі қазақ және орыс тіліндегі кішкентай кітапшадан тұрады, оның тиражы — 2000 дана. Тағы да сыйлық комплектісіне арнайы ыдыстағы қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі кітап кіреді, оның тиражы — 1000 дана.

«Жеті Жарғы» баспаханасы 10 жылдан астам заң әдебиетін шығарады. Оның қызметінің негізгі бағыты — жаңадан қабылданған заңдарды, толықтырулар мен өзгертулерді, бұрын шыққан заңнама актілеріне толықтыруларды жедел түрде шығару және заңгерлердің практикалық қызметінде қолданылатын нормативтік-құқықтық актілер жинағын дайындау. 2002 жылы баспахана Франция өнеркәсібін қолдайтын қауымдастықтың Алтын медалімен марапатталды.

2 жыл бұрын (2009) Астанада «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының орталық аппаратында Қазақстан әйелдері ұйымдарының форумы өтті.

Аталмыш шараға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова, сондай-ақ Парламент депутаттары, мәдениет, өнер саласының майталмандары, әйелдер ұйымдарының өкілдері қатысты.

«Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қойылып, Қазақстан әйелдері ұйымдарының альянсын құру жөніндегі қарар қабылданды.

2 жыл бұрын (2009) елордадағы Успен Кафедралық Соборының күмбездері орнатылды.

Православ діні Ислам дінімен қатар дәстүрлі конфессия болып саналады. Әлемдік екі діннің арасындағы түсіністік қазақстандық қоғамның тұрақтылығын білдіреді.

2003 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астана Әлемдік және дәстүлі діндер съезі өткізілетін жерге айналған, онда конфессияаралық ынтымақтастық саласындағы маңызды әрекеттер ұсынылған.

Бұл Орталық Азияда соңғы 20 жылда салынған жалғыз кафедралық собор. Ол аймақтағы Орыс православ шіркеулерінің рухани орталығы болмақ. Аумағы 900 шаршы метр, ал биіктігі 68 метр болатын шіркеуге бір уақытта 4 мың адам кіре алады.

ЕСІМДЕР

80 жыл бұрын (1931) танымал кинорежиссер, сценарист, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ТАТЕНКО Владимир Пантелеевич дүниеге келді.

Украинаның Донецк облысында туған. Кишинев университетін, Бүкілодақтық кинематография институтын бітірген. 1955-1972 жылдары — Қарағанды облыстық телевизия мен радиохабар жөніндегі комитеті жанындағы «Телефильм» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі әрі бас редакторы. 1972 жылдан Қазақфильм киностудиясында деректі фильмдер режиссері, 1986 жылдан Қазақстан Кинематографияшылар одағы басқармасының екінші хатшысы болды.

Ол «Жылдар өткен соң», «Донбас — Қарағанды», «Шахтерлер әулеті», «Қарлығаш», «Алма гүліне оранған қала», «Тоқаш Бокин», «Ең қымбатты», т.б. фильмдерді түсірген. Ол өзі түсірген фильмдердің сценарийін де жазған. Татенко түсірген фильмдер бірнеше мәрте халықаралық кино байқауларында жүлдегер атанған.

75 жыл бұрын (1936) ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты АЙТХОЖИНА Марфуға дүниеге келді.

Қытай Халық Республикасы Шыңжаң өлкесінің Құлжа қаласында туған. Құлжадағы қыздар гимназиясын, Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Мәскеу жоғары әдеби курсын бітірген. 1961-1969 жылдары — «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан мұғалімі» газеттерінің әдеби қызметкері болған.

Алғашқы өлеңдер жинағы 1962 жылы «Балқұрақ» деген атпен жарық көрген. Содан бергі уақытта «Шыңдағы жазу», «Аққуым менің», «Қаракөз Айым», «Баянжүрек», «Көзімнің қарасы», «Ақ бесігім», «Жарқыра, менің жұлдызым», «Қыран жеткен», «Сағыныш сазы», «Жапырақ сілкінген кеш» атты кітаптары жарық көрген. Шығармалары болгар, поляк, венгр, чех, т.б. тілдерге аударылса, өзі Біләл Назымның, Те Лан Виннің туындыларын, бірқатар моңғол, орыс, араб, қырғыз, татар, башқұрт, венгр, украин, т.б. ақындарының өлеңдерін аударған.

«Құрмет белгісі» орденімен, Болгарияның «Достық» медалімен марапатталған.

65 жыл бұрын (1946) Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер МӘМЕШЕВ Әбдімаш дүниеге келді.

Жамбыл облысының Талас ауданында туған. Қазақ химия-технология институтын бітірген. 1969-1982 жылдары Жамбыл «Казстальконструкция» тресі басқармасында шебер, қауіпсіздік техникасы инженері, 1982-1984 жылдары — Алматы Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы, 1984-1988 жылдары Жамбыл облыстық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім бастығының орынбасары, бөлім бастығы, 1989-1992 жылдары — Шу қалалық атқару комитеті төрағасы. 1992-1995 жылдары — Қаратау қаласының, Талас ауданының әкімі. 1998-2000 жылдары — кедей отбасыларды қолдау қорының Жамбыл аймақтық атқарушы директоры қызметтерін атқарған. 2000-2005 жылдары — Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттігінің Жамбыл облыстық басқармасының бастығы. 2005-2007 жылдары — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Аймақтық басқарма бастығы — Жамбыл облысындағы Тәртіптік кеңестің төрағасы. 2007 жылдың мамырынан — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Аймақтық басқарма бастығы — Қостанай облысындағы Тәртіптік кеңестің төрағасы.

«Астана», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.

ТАМЫЗДЫҢ 26-СЫ, ЖҰМА

Барлық мұсылман қауымы үшін қасиетті Қадір түні (2011 жылғы тамыздың 26-нан 27-не қараған түн — 1432 хижра жылының 26-27-ші рамазаны). Айлардың ұлығы — Рамазан, күндердің ұлығы — жұма болса, түндердің шапағаттысы — Қадір түні. Бұл түні тек бір Аллаға мадақ айтылып, Жаратушы иеден тілек тіленеді. Таң атқанша айтылған тілек-ниеттің барлығы періштелер арқылы Алла тағалаға жеткізіледі. Сол үшін де барша мұсылман қауымы бұл түнді асыға күтеді. Қадір түні ұлық пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) Аллаһтан уаһи келіп, Құранның алғашқы сүрелері түсе бастаған. Бұл түні мұсылман жамағат мешітке жиналып, таңды ұйқысыз қарсы алып, Аллаһқа мінәжат етеді. Осы түні оқылған аяттың сауабы мың айға, яғни, 83 жылға тең деп саналады.

Украинаның авиация күні.

Абхазияның тәуелсіздік алған күні. 2008 жылы тамыздың 26-ында Ресей Федерациясы Абхазияның тәуелсіздігін тану туралы Жарлыққа қол қойғанын жариялады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

171 жыл бұрын (1840) Оралда орталық мәдениет және демалыс бағы ашылды.

Бақтың бастапқы аумағы 7,5 шақырымды құрады. Қазіргі кезде 5,6 гектар жерді құрайды. 1935 жылы баққа Сергей Кировтың есімі берілген. 1997 жылы ол мемлекет қорғауындағы тарихи және мәдениет ескерткіштер санына қосылған болатын, кейінен мемлекеттiк қазыналық коммуналдық кәсiпорынға өзгертілді.

91 жыл бұрын (1920) тамыздың 26-ы мен 31-і аралығында Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында Гурьев уезі Кеңесінің бірінші съезі өтті. 125 делегат қатысқан бұл съезде жергілікті мемлекеттік басқару органы құрылды.

13 жыл бұрын (1998) Тараз қаласындағы Тараз мемлекеттік университетінің алдына ұлы тарихшы, шығыстанушы, ойшыл, ақын, қолбасшы Мұхамед Хайдар Дулатиге ескерткіш орнатылды.

12 жыл бұрын (1999) Қазақ ұлттық университеті ғимаратында академик Өмірбек Жолдасбековке ескерткіш тақта орнатылды.

6 жыл бұрын (2005) Алматыда Қазақстан Республикасы Конституциясының 10-жылдық мерейтойына арналған жаңа көркем пошта маркаларының таныстырылымы болып өтті.

Пошта маркасында Қазақстан Республикасы Конституциясының 10-жылдығын тойлау рәсімі бейнеленген. Марканы офсет әдісін қолданып төрт түрлі бояумен орындаған, өлшемі 33 х 27,5 мм. Ресімдеуші — Р.Жапалова. ҚХР байланыс және ақпараттандыру министрлігі жанындағы Қытай пошта маркаларының типографиясында жасалған.

5 жыл бұрын (2006) Қарағандыда Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының ғимаратын салуды бастауға арналған салтанатты шара өтті. Бұл шараға Қарағанды облысында жұмыс сапарымен жүрген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Алаңда мәдениет қызметкерлері, ұлттық мәдени-орталықтардың өкілдері мен қала тұрғындары жиналды. Бұл Қарағанды үшін көптен күткен оқиға. Биыл өзінің 75 жылдығын атап өтетін қазақ драма театры Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де танымал. Бірақ театрдың өзінің ғимараты жоқ болатын. Бүгінгі шараны өткізу үшін алаңда шекті музыкалық аспап түріндегі нышандық белгі орнатылды. Сол белгінің түбіне Мемлекет басшысы Н. Назарбаев алғашқы кірпішті қалады. — Мен сіздерді облыстың 70 жылдығымен құттықтаймын. Мемлекеттің тартуы ретінде осы жерде С.Сейфуллин атындағы драма театры тұрғызылатын болады. Еліміз бүгінгі күні күллі әлемде бәсекеге қабілетті елге айналу мақсатында мүлдем жаңа міндеттерді шешіп отыр. Толағай табыс пен жақсы өмірге тек жақсы білімі, қабілеті барлар, басқара білетіндер ғана қол жеткізе алады. Сондықтан да, әдеттегідей әрқашанда мәдениетке де, біздің зиялы қауымға да ерекше маңыз беріледі. Зиялы қауым халықты алға жетелейді, Үкіметтің саясатын түсіндіреді, тұрақтылыққа, тыныштыққа, сенім білдіруге шақырады, — деді Елбасы өз сөзінде. Театрдың жаңа ғимаратын салуға республикалық бюджеттен 2 миллиард теңге бөлінген. ҚР Халық әртісі Жәмила Шашкина бата берді. Театр ғимаратының құрылысы 2008 жылы аяқталуы керек. Онда 500 және 200 орындық екі көрермендер залы болады. Осымен Мемлекет басшысының Қарағанды облысындағы сапары аяқталды.

ЕСІМДЕР

65 жыл бұрын (1946) «Огни Мангыстау» газеті бас редакторының орынбасары КАРИН Ғани Меңтайұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысында туған. Атырау педагогикалық институтын, Шахмардан Есенов атындағы Ақтау университетін бітірген. Орта мектепте мұғалім, Қазақстан ЛКЖО Гурьев облыстық комитетінде бөлім меңгерушісінің орынбасары болған. 1970-1973 жылдары — Қазақстан ЛКЖО Ембі аудандық комитетінің бірінші хатшысы. 1973-1977 жылдары — Қазақстан ЛКЖО Маңғышлақ облыстық комитетінің екінші хатшысы. 1977-1982 жылдары — Ералы аудандық партия комитетінің хатшысы. 1982-1990 жылдары — Маңғышлақ облыстық партия комитеті саяси ағарту үйі меңгерушісінің орынбасары, Шевченко қалалық партия комитеті Марксизм-Ленинизм университеті ректоры. 1990-1994 жылдары — Маңғыстау облыстық кеңесі Аппаратының басшысы, бөлім бастығы, меңгерушінің орынбасары. 1994 жылы — Маңғыстау облыстық әкімі аппаратының басшысы. 1994-2006 жылдары — Маңғыстау облыстық мәслихаты аппаратының басшысы. 2006-2007 жылдары — «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы. 2007 жылдан — қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.

60 жыл бұрын (1951) медицина ғылымының докторы, доцент, Қазақстан Курортолог және реабилитолог дәрігерлері қауымдастығының президенті, Қазақстан және Халықаралық дәрігерлер мен провизорлар қауымдастығының мүшесі ДЕРНОВОЙ Анатолий Григорьевич дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын бітірген. 1974-1981 жылдары — Талдықорған облысы Киров аудандық санэпидстансасы санитарлық бөлімінің меңгерушісі, Бас мемлекеттік санитар дәрігері. 1981-1987 жылдары -Талдықорған облыстық партия комитетінің нұсқаушысы. 1987-1991 жылдары — Талдықорған қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Компартиясы ОК бөлімінің нұсқаушысы. 1991-1994 жылдары — Алматы облыстық Бас мемлекеттік санитар дәрігері. 1994-1996 жылдары — Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитар дәрігері, Денсаулық сақтау министрінің орынбасары. 1996-2006 жылдары — Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының директоры. 2006-2008 жылдары — Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрі. 2009 жылдың шілдесінен — Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің жауапты хатшысы.

3 монографияның, 124 ғылыми мақаланың, 5 әдістемелік ұсынымның авторы.

«Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Астана», «Қазақстан Республикасына сіңірген ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» медальдарымен марапатталған.

45 жыл бұрын (1966) Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары ҚАНЫБЕКОВ Сәкен Әсембекұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданында туылған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген. Еңбек жолын 1988 жылы Алматы облысы Талғар ауданының Мичурин атындағы колхозда колхозшы болып бастаған. 1992-1994 жылдары — Алматы қаласындағы «Бақтілеу» фирмасының халық тұтынатын тауарларын тарату цехының бастығы. 1994-1995 жылдары — «Бақтілеу» фирмасы директорының коммерциялық мәселелері жөніндегі орынбасары. 1995-2000 жылдары — «Заман» ЖШС директорының орынбасары. 2000-2001 жылдары — Шымкент қалалық «Корпорация НИМЭКС» ЖШС аға менеджері. 2001-2005 жылдары — «Корпорация НИМЭКС» ЖШС-інің Түркістан қаласындағы директоры. 2005-2006 жылдары — Оңтүстік Қазақстан облысы «Корпорация НИМЭКС» ЖШС Шардара ауданы мақта зауытының директоры. 2006 жылы — Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары. 2006-2009 жылдары — Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданының әкімі. 2009-2010 жылдары — Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ұйымдастыру-аумақтық және мемлекеттік бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы. 2010 жылдың сәуірінен — қазіргі қызметінде.

ТАМЫЗДЫҢ 27-СІ, СЕНБІ

Молдова Республикасының Мемлекеттік мейрамы — Тәуелсіздік күні (1991). Молдова — Еуропаның оңтүстік-шығысында орналасқан мемлекет. Солтүстігі, шығысы және оңтүстігі Украинамен, батысы Румыниямен шектеседі. Астанасы — Кишинев қаласы. Мемлекеттік тілі — молдован тілі. Ақша бірлігі — молдова лейі.

Қазақстан Республикасы мен Молдова арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы шілденің 31-інде орнатылды.

Ресей Федерациясының Кино күні.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

92 жыл бұрын (1919) Бүкілресейлік Орталық атқару комитетінің Қостанай уезін Челябинск облысына қосу туралы шешімі қабылданды. Бұл шешімге қарсы Ахмет Байтұрсыновтың саяси наразылығы Қостанайды Қазақстанға қайтаруға негіз болды.

19 жыл бұрын (1992) Алматыдағы Кино үйінде Асанәлі Әшімовтың «Елім-ай» киностудиясы түсірген «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» фильмінің премьерасы болды.

19 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

17 жыл бұрын (1994) Алматыда Неміс үйі ашылды.

10 жыл бұрын (2001) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы-Бішкек тас жолының бойында жоңғарлармен болған соғыстағы қазақ халқының жеңісіне арналған тарихи ескерткіштің ашылу салтанатына қатысты.

7 жыл бұрын (2004) Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Абай атындағы интеллектуалдық-рухани клубтың ашылу рәсімі өтті. Аталған шара «Тәуелсіз Қазақстанның мәдени дамуы» атты жаңа жоба шеңберінде өтті. Клубқа жазушылар, мәдениеттанушылар, философтар, өнертанушылар, сонымен қатар басқа да интеллектуалдық-гуманитарлық саланың өкілдер мүше болып тіркелген.

4 жыл бұрын (2007) Ақтауда жоспарланып отырған Ақтау-Сити құрылысының аумағында сексеннен астам тарихи құнды ескерткіштері бар 28 тарихи-археологиялық кешен табылды.

Энеолит және қола дәуіріндегі тұрақтар және қола, темір және орта ғасырлардағы қорымдар табылды. Олардың арасында Қазақстан аумағында мал шаруашылығының тараған дәуіріндегі Қосқұдық-1 және Қосқұдық -2 тұрақтары орналасқан.

Археологиялық қазбалар кезінде Басқұдық-1 діни-қабірлеу орнының қалдықтары табылды. Қалдықтарды тазалау кезінде 11-12 ғасырға жататын қыпшақ бозбаласының қорымы, 12-13 ғасырға жататын мұсылмандардың қорымы табылды.

2 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңдегі Қазақстан Республикасының құқықтық саясатының тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойды.

2 жыл бұрын (2009) Павлодардағы Бұхар жырау атындағы облыстық мұражайда тәуелсіз Қазақстанның Ата заңы туралы әңгімелейтін көрме ашылды.

Көрмеге байырғы қазақ қоғамының қажетін өтеуге толық лайықталған және араб жазуымен жазылған Әз-Тәуке ханның «Жеті Жарғысы», фотосуреттер мен Конституцияға арналған материалдарды, Ата заңның қабылдануына жетекшілік жасаған Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың суреттері, Елбасы жазған кітаптар, Қазақстанның жаңа тарихы туралы баяндайтын журналдар, құқықтанушы-ғалымдардың материалдары қойылған.

ЕСІМДЕР

50 жыл бұрын (1961) техника ғылымының кандидаты, экономика ғылымының докторы ЖАНҒАСКИН Қанат Қарасайұлы дүниеге келді.

Қостанай облысының Таран ауданында туған. Алматы сәулет-құрылыс институтын, Қазақ энергетика ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірген. 1988-1990 жылдары — Алматы қаласы Алатау аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, Алматы үй құрылысы комбинаты Құрылысты механизациялау басқармасының бас инженері, «Леноблауырқұрылыс» тресінің бас инженері. 1990-1991 жылдары — «Қазвест» бірлескен кәсіпорнының директоры. 1991-1993 жылдары — «Ақ бидай» агрофирмасының директоры. 1993-1994 жылдары — «Қазагроқұрылысмаш» ғылыми-өндірістік бірлестігінің бас директоры. 1994-1995 жылдары — Алматы қаласы Алатау аудандық әкімдігі басшысының бірінші орынбасары. 1996-1997 жылдары — Түрксіб ауданы әкімінің бірінші орынбасары. 1997-2000 жылдары — Алматы қалалық антимонополиялық комитетінің төрағасы. 2002-2004 жылдары — «Рахат» бірлескен кәсіпорны бас директорының орынбасары. 2002 жылдан бастап «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» ЖАҚ-ының басқарушы директоры, вице-президенті, бірінші вице-президенті болған. 2006-2007 жылдары — «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ының басқарушы директоры.

50 жыл бұрын (1961) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Техникалық қызмет департаментінің бастығы КӨКЕБАЕВ Сәрсен Керімбайұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысының Меркі ауданында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген. 1984-1992 жылдары — Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жанындағы Ведомстволық күзет басқармасы партиялық және кеңестік органдардың ғимараттарын күзету жөніндегі жеке батальонның милиционері. 1992-1999 жылдары — Фрунзе аудандық ішкі істер бөлімінің төлқұжат және виза жұмыстары жөніндегі аға инспекторы, Алматы қалалық ішкі істер басқармасының айрықша тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, Төлқұжат және виза жұмыстары басқармасының бөлім бастығы. 1999-2001 жылдары — Алматы облыстық ішкі істер басқармасы Төлқұжат және виза жұмыстары басқармасының бастығы, Көші-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары. 2001-2010 жылдары — Алматы қалалық көші-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары, бастығы, Алматы қалалық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары. 2010 жылдан — қазіргі қызметінде.

ТАМЫЗДЫҢ 28-І, ЖЕКСЕНБІ

Шахтер күні. Тамыз айының соңғы жексенбісінде атап өтіледі. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1947 жылғы қыркүйектің 10-ындағы Жарлығымен бекітілген.

Қазақстанның көмір өнеркәсібі еліміз экономикасының ең ірі салаларының бірі болып табылады. Көмір қоры бойынша Қазақстан әлемде 8 орынға ие, республикамыздың кенді қойнауында бүкіләлемдік қор көлемінің 4 пайызы жинақталған. Көмір өнеркәсібі ел электр энергиясының 80 пайызға жуығын қамтамасыз етіп отыр.

Байкал күні. Тамыз айының соңғы жексенбісінде атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

22 жыл бұрын (1989) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен «Әзірет — Сұлтан мемлекеттік қорық-мұражайы» ұйымдастырылды. Қорық мұражай Түркістан қаласында көне Жібек Жолы бойында қазіргі Шымкент-Қызылорда автожолының бойында, Тәуке хан даңғылы мен Алматы алаңының қиылысында орналасқан. Қорық мұражайдың құрамында 100-ден астам тарихи-мәдени және археологиялық ескерткіш бар. Олардың жалпы қорғау аймағы 529,4 гектарды алып жатыр. Ал кесене орналасқан қаланың тарихи орталығының қорғау аймағы 88,7 гектар. Осы аймақта орналасқан сегіз тарихи ескерткіш мұражайландырылып халыққа қызмет көрсетуде. «Әзірет — Сұлтан» мемлекеттік қорық мұражайы Қазақстандағы ерекше маңызы бар рухани орталық болып табылады.

15 жыл бұрын (1996) Венгрияда Қазақ мәдениетінің күндері өтті.

13 жыл бұрын (1998) Қазақстанда түсіріліп жатқан 250 сериялы «Тоғысқан тағдырлар» телесериялы ТМД және Балтық жағалауы елдері арасында өткен фестивальде жүлделі бірінші орынды иеленді.

10 жыл бұрын (2001) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бейбітшілік кіндігі» кітабының тұсаукесері өткізілді.

9 жыл бұрын (2002) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы мемлекеттік басқару жүйесін одан ары дамыту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды.

5 жыл бұрын (2006) Қостанай облысының Сарыкөл ауданында Аққозы қажы атындағы мешіт ашылды. Аққозы қажы Абайдың серіктестерінің бірі болған. Ол осыдан 100 жылдан астам бұрын қазіргі Сарыкөл ауданы аумағында уағыз және тәрбие жұмыстарын жүргізген тұлға.

5 жыл бұрын (2006) жезқазғандық ағаш өңдеу шебері Александр Кузьмин биіктігі 2 метр 60 сантиметрлік ағаш ваза ойып шығарды. Бұл салада бұған дейінгі рекорд жасаған ваза бұдан 10 сантиметрге (бұдан бұрын оралдық шебер тастан биіктігі 2,5 метрлік ваза ойған болатын) қысқа. Алып вазаның салмағы 30 кг. Оның ең кең бөлігінің диаметрі 1 метрді құрайды. Жасалуына 1 ай уақыт кеткен вазаны құрастыруға 24 ағаш талшықты тақтай кеткен. Автор өз өнер туындысын «Арман» деп атаған, себебі бұл идеясын жүзеге асырудың мүмкіндікті технологиясын іздеуге бірнеше жылдар уақыты кеткен.

4 жыл бұрын (2007) Алматыда www.atameken-asr.com қазақ тіліндегі жаңа веб-сайт құрылды.

Тәуелсіздік жылдары ресми ақпарат көзі бойынша республикамызға 650000 оралмандар қоныс аударды. Көші-қон саясаты мемлекеттік саясаттың бірден-бірі болып табылады. Құрылған сайт көші-қон саласының жетістігіне және Қазақстанда ақпараттық технологиялардың дамуына ықпал етеді.

2 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы көп бейінді «Абу Даби Плаза» кешені құрылысының іргетасына капсула қалады.

2009 жылғы шілденің 7-де Қазақстан Республикасының Заңымен еліміздің Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында аталған кешеннің құрылысы бойынша келісім бекітілген болатын. Жобаны «Алдар ЕуроАзия» ЖШС-і жүзеге асырады. Оның жұмысына Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайы жобасының авторы британдық сәулетші Норман Фостердің бюросы тартылып отыр.

«Абу Даби Плаза» жобасы бойынша нысанның биіктігі 382 метр болатын 88 қабатты құрайды. Аталған кешенде жоғары және орта сыныптағы 450 пәтер мен 2 қонақ үй салынатын болады.

Жалпы ауданы 80 мың шаршы метрден тұратын кеңселік орын-жайлардың құрылысы қарастырылған. Оның аумағында 4,5 мың автокөлікке арналған тұрақ орналасады. Жобаның құны 1 млрд. АҚШ долларынан астам қаржыға бағаланып отыр. Нысанның бірінші кезеңінің құрылысын 2013 жылдың қыркүйегінде тапсыру жоспарланған. Ал екінші кезегі 2014 жылдың аяғына қарай пайдалануға берілмек.

2 жыл бұрын (2009) тамыздың 28-і мен 30-ы аралығында Солтүстік Қазақстан облысының аудандарында Конституция күніне орай 1600 шақырымдық қашықтыққа алаумен жүгіру шаралары өтті.

Петропавлдық «Үміт» желаяқтар клубының мүшелері қатысқан бұл жорықтың бағыты облыстың барлық аудандарын қамтыды. Олар Солтүстік Қазақстан облысында алғаш өткен «Ақбидай» IV республикалық ауыл ойындарында тамыздың 15-інде жағылған алаумен жүгіруде.

Қатысушылардың ең үлкені Алик Әзмұхаметов — 69 жаста, ең жасы — 18 жаста. Жүгіру Конституция күні Петропавлда мәреге жетті.

ЕСІМДЕР

90 жыл бұрын (1921-2008) жазушы, филология ғылымының докторы, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері ТӨРЕҚҰЛ Нысанбек дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданында туған. Алматы жоғары партия мектебінің журналистика факультетін бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысып, Панфилов атындағы 8-інші гвардиялық дивизия жауынгерлерімен бірге Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысқан. Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласында Халық судьясы, кейін «Оңтүстік Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» газеттерінің редакцияларында істеген. 1961 жылдан Қазақ КСР Ғылым Академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет атқарған. Осы институтта қазақ әдебиеті тарихының 6 томдығын және басқа да ғылыми жинақтарды шығаруға қатысты. Ол Жамбыл, Кенен, Үмбетәлі, Есдәулет, Орынбай тәрізді 500-ге жуық халық ақындарының өмір тарихы мен өлең-жырларын жинап, қазақтың би-шешендері туралы 4 кітап жариялаған.

2-інші дәрежелі Отан соғыс, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, медальдармен марапатталған.

80 жыл бұрын (1931-1998) мемлекет қайраткері, этнограф, тарих ғылымының кандидаты ЖӘНІБЕКОВ Өзбекәлі дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. 1955-1956 жылдары — Оңтүстік Қазақстан облысы Келес аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы. 1956-1961 жылдары — Шымкент облыстық комсомол комитетінің хатшысы. 1961-1971 жылдары — Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетінің бірінші хатшысы, хатшысы. 1970-1975 жылдары — Қазақстан Компартиясы Торғай облыстық комитетінің хатшысы. 1975-1977 жылдары — Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті шетелдермен байланыс бөлімінің меңгерушісі. 1977-1988 жылдары — Қазақстан Мәдениет министрінің орынбасары — Мәдениет министрі. 1988-1991 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы қызметін атқарған.

Ол қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының дамуына елеулі үлес қосты. XX ғасырдың 70 жылдарында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қалпына келтіруіне ұйытқы болды. Оның бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылып, Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген «Арқас» қоғамы құрылды. «Шертер», «Адырна», «Алтынай», т.б. фольклорлық өнер ансамбльдерін ұйымдастырды. Сонымен қатар «Наурыз» мейрамының, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Шәкерім Құдайбердіұлы есімдерінің халқына қайта оралуына белсене ат салысып, ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты. Оның «Қазақтың ұлттық қол өнері», «Жаңғырық», «Уақыт керуені», «Қазақ киімі», «Ежелгі Отырар», т.б. еңбектері жарық көрген.

Үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған.

75 жыл бұрын (1936) рентгенолог, медицина ғылымының докторы, профессор ТҮСІПБЕКОВ Сапар Түсіпбекұлы дүниеге келді.

Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Қарағанды медицина институтын бітірген.

Негізгі ғылыми еңбектері рентгенология мәселелеріне арналған. Ол бауыр, ұйқы безі, он екі елі ішек маңын зерттеп, онда қолданылатын рентген-радиологиялық әдістерге салыстырмалы түрде сипаттама берген. 104 ғылыми жарияланымның авторы. Ғалымның жетекшілігімен 1 ғылым кандидаты және 1 докторы диссертация қорғаған.

Соңғы жаңалықтар