Алматыда тазалық талаптарын бұзған 859 адамға айыппұл салынды - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+14 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда тазалық талаптарын бұзған 859 адамға айыппұл салынды

Алматыда тазалық талаптарын бұзған 859 адамға айыппұл салынды

Алматы аулаларының тазалығы сын көтермейді. Тазалық сақшылары күн сайын рейд ұйымдастырып, қоршаған ортаға залал келтіргендерге айыппұл салса да қатар сирер емес. Жыл басынан бері табиғатқа зиян келтіргендерге 43 млн теңгеден астам айыппұл салынған екен. Экологтар білек сыбана тексеріске шықты. Күл-қоқысқа қақалған бірнеше ауланы анықтап, жауаптыларды жазалады.

  • 24 Маусым 2017
  • 400
Фото - Caravan.kz

Тазалық сақшыларының бұлай ашуын келтірген Лесков көшесіндегі құрылысшылар болып шықты. Олар үй тұрғызып жатқан өздеріне тиесілі аумақты күл-қоқысқа толтырғаны былай тұрсын, баршаға ортақ көшені де әбден ластаған, деп хабарлайды Almaty телеарнасы.

Жұмысшылар қоқыс пен құрылыс материалдарының қалдықтарын көшеге лақтырыпты. Салдарынан жақын маңдағы тұрғындардың аяқ алып жүруіне кедергі келген. Жасыл желекті де техникаларымен аяусыз сындырыпты. Ашынған экологтар мердігер компанияны айыппұлмен жазаға тартты.

«40 АЕК көлемінде айыппұл толтырылады. Осы территорияны жинап, бұл кісілерден гарантиялық хат алып, өзіміз қадағалаймыз. Егер тазаланбаған болса, екінші бабымен тағы да айыппұл салынады бұларға», — деді қоршаған ортаны қорғау және экология бөлімінің басшысы Қайрат ТОҚТАСЫНОВ.

Экологтар әрмен қарай Бостандық ауданында қоқысқа бөккен бірнеше лас ауланы анықтады. Жұмысына жүрдім-бардым қараған пәтер иелері кооператив басшыларына ескерту жасап, санитарлық жағдайы сын көтермейтіндерге айыппұл салды. Мәселен, «Лана» пәтер иелері кооперативі үй маңайын лас ұстап, қураған ағаштарды дер кезінде тазаламағаны үшін 70 мың теңгеге хаттама толтырылды.

Тазалық сақшылары осы аумақтан көп ұзамай тағы бір опай-топайы шыққан аулаға беттеді. Жекеменшік фирма жұмысшылары өз аумағындағы қураған ағаш бұтақтарын талайдан бері отамапты. Бұл маңайдан өтетін тұрғындардың өміріне қауіп келтіреді. Сондықтан мамандар тазалыққа немқұрайлы қарағандары үшін фирма қожайынына 100 айлық есептік көрсеткіште айыппұл жүктелді. Әрі 3 күн ішінде олқылықтың орнын толтыруды ескертті.


«Енді осының барлығын айтқанын кестіреміз. Өтініш беріп, рұқсат аламыз, әкімдікке хат жазамыз. Рұқсат берсе кестіртеміз», — деді фирма қызметкері Болат НҰРЛЫБАЕВ.

Экологтар жыл басынан бері тазалыққа немкетті қараған 859 адамға хаттама толтырыпты. Оларға салынған айыппұлдан қазынаға 43 млн 700 мың теңгеден астам қаржы түскен. Ал жұмысына олақтық танытқан пәтер иелері кооперативтері 3 млн-нан астам айыппұл арқалаған екен.

Соңғы жаңалықтар