Жарияланды: 490

Алматыда үйде асырап отырған жануарлардың денесіне чип орнатылады

Алматыда үйде асырап отырған жануарлардың денесіне чип орнатылады

Енді алматылықтар үйлерінде асырап отырған жануарларға заңды түрде жауапты болады. Дәлірек айтсақ, үй иттері мен мысықтарына чип орнатылып, оларды тіркейтін электронды база құрылмақ.

Бұл туралы Алматы арнасы хабарлайды.

Сандық кешенде жануарлардың денсаулық жағдайы мен қожайындары туралы ақпарат көрсетіледі. Бұл бастама, ветеринариялық талаптардың уақытылы орындалып отыруына және жоғалып кеткен жағдайда тез табылуына  көмектеспек.

Халықаралық үлгіге сай, үй жануарларының ветеринарлық куәлігі болуы шарт. Онда белгіленген екпелерді уақытылы алып отыруы керек. Яғни, жылына бір рет құтыру мен үш ай сайын түрлі паразиттерден залалсыздандырылады. Осы талаптарды құрылғалы отырған базадан бақылап отыруға болады. Әзірге электронды бақылауға тек үй жануарлары ғана ілігейін деп тұр. Жобаны жасақтауға қазір 73 миллион теңге бөлініпті. Ал оларды тіркеу бір айдан кейін нақты қолға алынбақшы.

«Егер белгілі бір итті арнайы бригада мамандары ауласа, оны сканерден өткізіп, сол жануар туралы керекті ақпаратты алуға болады. Жануарларға чип орнатылғаннан кейін біз бірыңғай электрондық мәлімет базасын құрастыруды жоспарлап отырмыз. Әрине, ол әзірге Алматы қаласын ғана қамтитын болады»,- деді Алматы қаласы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары, Бауыржан Абызбаев.

10 жылдан аса тәжірибесі бар ветеринар Марат Жүнісов үй жануарларымен жұмыс жүргізу оңай емес екенін айтады.  Ауланған мақұлықтың иесі үш күннің ішінде келмесе итті өлтіруге мәжбүр болады. Ал жасақталғалы отырған сандық база орталықтың жұмысын әлдеқайда жеңілдетер еді дейді маман.

«Осы пилотный проект жүзеге асса мен маман ретінде айтар едім, оның көп көмегі болады. Себебі, ит болсын, мысық болсын оған қандай екпе жасалғаны, иесінің кім болғаны, қандай адресте болғаны бәрі базада тұрады. Дәріленген бе, жоқ па соның бәрін біліп оытру үшін, әрине көмегі тиеді»,- деді Алматы қаласы Ветеринария орталығының бөлім басшысы, Марат Жүнісов.

Осылайша ветеринар мамандары үй жануарларының денесіне чип орнату – таптырмайтын бақылау құралы деп баға беруде. Жыл басынан бері, қалада 6793 ит ауланып, 246-на эвтаназия жасалып көзін құртылса, 300-ге жуығы тұрғындарға қайтарылып берілген.  Ал чипті орнату шаралары тегін көрсетілмек және бир айдан кейін жүзеге аса бастайды.

Пікір қалдырыңыз

[X]