Жарияланды: 730

Алматыда жақын уақытта ірі жер сілкінісі болуы мүмкін бе?

Алматыда жақын уақытта ірі жер сілкінісі болуы мүмкін бе? Сурет - qamshy.kz

Алматы қаласының сеймоқауіпті аймақта орналасқан.

Қала тұрғындарына білінер-білінбес жер асты дүмпулері жиі болып тұрады. Соңғы уақыттары ел арасында Алматы қаласында ең ірі жер сілкінісі орын алады деген ақпарат тарап кетті. Әсіресе 2017 жылдың соңы мен 2018 жылдың басы қалада алапат жер сілкінісі орнауы мүмкін екені айтылды. Осы турасында Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Алматы қаласы сейсмология институтының директоры Әнуар Боранбайдан істің мән-жайын анықтап көрді.

– Алматы қаласында жақын уақытта ең ірі жер сілкінісі болуы мүмкін деген ақпарат қаншалықты шындыққа жанасады?

Мұндай ақпаратты кім айтып, таратып жүргенін білмеймін, біздің ғалымдар, сейсмологтардың бұлай айтуы мүмкін емес. Иә айтқан шығар, бірақ нақты жер сілкінісі болады деп емес, тек әлсіз сейсмикалық құбылыстар орнауы мүмкін екенін жеткізді. Ол рас. Сондай-ақ, ірі жер сілкінісі болуы мүмкін деген болжамның жоқ екенін де ескертті.

Бүгінде айтылып, жарияланып жатқан ақпараттың бәрі жалған. Егер Сейсмологиялық байқаулар мен зерттеулер ұлттық орталығы зертханасының меңгерушісі Күрскеевтің және менің берген сұхбаттарым мен пікірлерімді дұрыстап оқитын болсаңыздар, Алматыда алдағы күндері әлсіз сейсмикалық құбылыстар орнауы мүмкін екенін, ал жақын уақытта ірі жер сілкінісі жайлы болжамның жоқ екенін баса айтқан болатынбыз. 

– Әбдірахман Күрскеев Алматы облысында ірі жер сілкіністері болуы мүмкін үш ошақ сақталғанын айтты. Олар: Верный, Шелек және Кемин. Соңғы ақпараттарға сәйкес бұл аудандарда осыдан бірнеше жыл бұрын орын алған алапат жер сілкіністері жақын уақыттарда қайталануы мүмкін. Бұған не дейсіз?

Иә Күрскеев Алматы облысының әр бұрышындағы үш ошақты атады. Ол аймақтарда XIX-XX ғасырларда ең қатты жер сілкіністері болған. 1887 жылы Верный, 1889 жылы Шелек, ал 1911 жылы Кемин жер сілкіністері болған, әрі жойқын жер сілкінісі екенін айта кету керек. Бүгінгі күні сейсмикалық құбылыстардың ошақтары сақталған, әрі қаладан алшақ әр аймақта орналасқан. Бұл ошақтарда 1911 жылдан бері бүгінгі күнге дейін 24-ке жуық сейсмикалық құбылыстың орын алған. Бірақ бұл құбылыстар Алматы қаласының тұрғындары үшін қатты сезіле қоймады. Қала қирап, қалпына келмейтіндей жағдай орын алған жоқ, оны өзіңіз де білесіз. Жер асты дүмпулері 4-5 баллдан асқан жоқ.

Сондай-ақ, Әбдірахман Күрскеев бүгінгі таңда ірі жер сілкінісі болмайтынын 80%-ға растады.

Егер тепе-теңдік бұзылатын болса, ескерту бірінші кезекте бізге келеді. Апта сайын болжамдық комиссия отырысы болып тұрады. Және біз Төтенше жағдайлар департаменті, Атқарушы билік қызметіне болған жағдайларды, өзгерістерді, болжамдарды баяндап отырамыз.

– Яғни алматылықтарға алаңдаудың қажеті жоқ қой...

Бүгінгі таңда алаңдайтын дәнеңе жоқ. Егер қандай да бір жағдай орнауы мүмкін болса, бұл туралы бірінші кезекте Алматы қаласы Төтенше жағдай қызметі және Төтенше жағдай комитеті білетін болады. Атқарушы биліктің өкілдері де хабардар болады. Сондай-ақ халыққа ескертеді. Ал қазіргі таңда Алматы қаласының тұрғындарына қазіргі уақытта алаңсыз ұйықтай беруге болады.

– БАҚ беттерінде халықтың үрейін алатын ақпараттардың тарап кетуіне не себеп?  

Біз қашан да болуы мүмкін құбылыстарды айтамыз. Бірақ бүгінде, тағы да қайталаймын, әлсіз сейсмикалық құбылыстар байқалуы мүмкін! 2017 жылы қала тұрғындары 6 жер асты дүмпулерін сезді. Олар Қытайда, Қырғызстанда болған жер сілкіністерінің бізге тиген әсері ғана. Әзірге Алматыда осындай құбылыстар тіркелген және ол құбылыстар 2-3 баллдан аспаған, тек Қытайда болған ірі жер сілкінісінің әсері Алматыға 4 баллдық жер асты дүмпулері ретінде сезілді.

– Егер де Алматыда жойқын жер сілкінісі болған жағдайда қала бұған дайын ба немесе қаншалықты дайын?

Бұл енді басқа мәселе. Жалпы жедел болмаса да, жұмыс атқарылып жатыр. Тендер өткізілді. Қазақ ғылыми-зерттеу және жобалау-эксперименталдық сейсмика төзімді құрылыс пен сәулет институты бұл мәселемен айнылысып жатыр. Арнайы мамандар жұмыс істеуде. Алайда олар біздің мәліметтер аясында ғана жұмыс істеп отыр. Біз сейсмикалық қауіпті зоналардың картасын жасаймыз, жасап бітіруге тырысамыз. Тек бір мәселе бар - жобаның бастамасымен мен қорытындысын қарайтын болсақ, қала аумағының жыл өткен сайын өсіп келе жатқанын байқаймыз. 

Қала аумағын анықтау үшін біраз уақыт кетті. Әрине, қаржы жеткіліксіз. Алайда қорытынды жасау үшін әлі де уақыт керек.

Сондай-ақ ғимараттарды әртүрлі бағытта жалпы қарау керек. Ең ірі жер сілкіністерінің қайда болатынын, қала ғимараттарының оған қалай төтеп беретінін немесе қирау мүмкіндіктерін зерттеу арқылы сесмикалық қауіп бағланады. Біз кез келген болуы мүмкін ірі сейсмикалық құбылыстарды үлгілеген кезде, Алматы қаласындағы қай ғимараттың сейсмикалық ірі соққыға төтеп бере алатынын анықтай аламыз. біз мұның бәрін анықтаған соң қала билігі қай ғимараттың ірі жер сілкінісі салдарынан қирауы мүмкін екенін білетін болады. Сонда жер сілкінісітерінің ошақтары - Кемин, Шелек, Верныйда жұмыс жалғасады.

Бұл жұмыстар Алматы облысына ғана емес, Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстарына да қатысты. Себебі бір-біріне жақын орналасқан аймақтар болғандықтан, сейсмикалық құбылыстардың әсері де мейлінше байқалады.

– Ірі жер сілкінісі болған уақытта қаланы не күтіп тұр?

Біз ондай уақытта өзге облыстар мен мемлекеттерден көмек күтеміз. Төтенше қызмет көрсету орталығы қираған аймақта зардап шеккендерге жедел көмек көрсетуге кіріседі.

БАҚ беттерінде тараған Алматы қаласындағы ірі жер сілкінісі туралы ақпар жалған. Жер сілкінісі болуы мүмкін, алайда қала тұрғындары үшін қауіпті емес.

Пікір қалдырыңыз

[X]