Анасының бақытсыз өміріне куә болған ауылдық бойжеткен күйеуге шыққысы келмейтінін айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+12 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Анасының бақытсыз өміріне куә болған ауылдық бойжеткен күйеуге шыққысы келмейтінін айтты

Анасының бақытсыз өміріне куә болған ауылдық бойжеткен күйеуге шыққысы келмейтінін айтты

Шымкенттік газет биыл жоғары оқу орнын бітіргелі жатқан бойжеткеннің ішкі сырын ақтарған хатын жариялады. Онда қыз күйеуден де, баладан да қызық көрмеген шешесінің жағдайына қарап, тұрмысқа шыққысы да, перзент сүйгісі де келмейтінін айтқан.

  • 8 Маусым 2017
  • 2300
Фото - Caravan.kz

"Замана" газетіне шыққан осы хатты Caravan.kz медиа-порталы оқырмандарының назарына қаз-қалпында ұсынғанды жөн көрдік.

Күйеуге тигім келмейді…

Биыл оқуымды бітіріп, мамандық алып шығамын. Ауылға барған сайын анам жасы 20-дан асқан қыздың күйеуге шығуы керектігін айтады. 

Кейде ауылдағы пәленше-түгеншелердің менімен бірге оқыған қыздарының күйеуге шыққанын, құдалығы болғанын, «өлі-тірісін» бергенін әңгіме етеді. Оның бәрі мені жүре бермей ертерек күйеуге шықсын деген «намёгы» екенін жақсы түсінемін. Бірақ күйеуге шыққым келмейді. Неге дейсіздер ме? Себебі өз басым күйеуге шығып, бақыттан басы айнал­ған қызды әлі күнге кездестірмеппін.

Өзгені айтпағанда, анамның өзі әлі күнге бейнеттен көз ашпай келеді. Ата-енесі мен күйеуінің алдында құрдай жорғаласа да әжем анамның бойынан бір мін тауып, тиісіп отыратын. Оны былай қойғанда әкемнің де анамды бақытты еткені шамалы. Тапқан табысын міндет қылып, анамның төбесін тесіп жібере жаздайтын. Артық тиын жаратылып қалса үйде үлкен ұрыс болушы еді. Байғұс шешем біздің оны-мұны керек-жарағымызды тауып беру үшін әкеме білдірмей көрші-қолаңның тірліктерін ақыға істеп беретін. Түнімен ұйықтамай тігіс тігіп, таңертең ерте тұрып малға қарап, газ бен «светті» үнемдеу үшін табаға нан жауып, ошаққа тамақ пісіріп жүріп алтаумызды жеткізді.

Қара шаңырақта қалғандықтан үйімізден қонақ үзілмейді. Абысын-ажындары мен қайынбике, қайынсіңлілері тек алып кетуді біледі. Шешемізді күң ретінде жұмсауды ғана біледі, рахметтері жоқ. Осының бәрін көріп өскендіктен күйеуге мүлдем шыққым келмейді.

Бар ойым – оқуымды бітірген соң жақсы жерде жұмыс істеп, көп ақша тауып, анамды шипажайларда демалдырғым, шетелдерге жібергім келеді. Ал анам күйеу­ге шық деуін қоймайды.


Бір күні анама: «Қойыңызшы, апа, күйеуге шығып, бізді тапқанда қайсысымыздан рахат көрдіңіз? Мен күйеу­ге де шықпаймын, бала да таппаймын. Өмірімді сізді бақытты етуге арнаймын», – деп едім, анашым шошып кетті. «Қызым, «Қызы күйеуге өтпесе, шеше сорлы» деген бар. Күйеуге шықпасаң мені жерге қаратасың», – дейді. Анамның көңілін орнына түсіру үшін сөзін ма­құлдап кеттім. Бірақ айналама қарасам, дені түзу жігіт жоқ. Тобымда бірге оқитындары да, таныс жігіттер де ілмиіп қалған біреулер. Өз бастарын алып жүре алмай, сессия­дан сессияға әзер өтеді. Әңгімелеріне құлақ түрсең, ата-аналарынан ақша сұрап жүргендері. Керісінше, қыздар ата-анасына салмақ түсірмейміз деп сабақтан тыс уақытта жұмыс істейді. Бірі – дәмханада, екіншісі  – бала күтуші, үшіншісі автобуста кондуктор деген сияқты. Ауылға мойын созып отырған жігіттерге қарап отырып кейде бұлар ертең үйленгенде отбасын қалай асырайды екен деп ойланамын.

Қысқасы, дәл қазір үлкен ойдың үстінде жүрмін. Анамды жерге қаратпау үшін күйеуге шығуым керек пе, әлде…

Соңғы жаңалықтар