«Ақтөбе» ФК бас директоры тергеу аяқталғанша үйқамақта отырады - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+19 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Ақтөбе» ФК бас директоры тергеу аяқталғанша үйқамақта отырады

«Ақтөбе» ФК бас директоры тергеу аяқталғанша үйқамақта отырады

8 қараша күні бдюжеттің 300 миллион теңгесін жымқырды деген күдікпен тергеу изоляторына қамалған Дмитрий Васильев үйіне жіберілді.

  • 14 Қараша 2016
  • 523
Фото - Caravan.kz

Ол тергеу жұмыстары аяқталғанша үйқамақта отырады. Күдікті телефон арқылы сөйлесе алмайды, үйінен шықпайды, ешкімді қонаққа шақырмайды, бөгде адаммен кездеспейді, деп хабарлайды Baq.kz.

«Ақтөбе» футбол клубының бас директоры Дмитрий Васильевке қатысты сот шешімін тыңдауға клуб әкімшілігінің қызметкерлері келді. Олар басшыға қолдау көрсетіп, үйқамаққа жіберілген кезде сот залында қол шапалақтады. Ал Дмитрий Васильев «Ақтөбе» футбол клубының арнайы спорттық үлгідегі киімін киіп, әр қолдаушыға мұқият бір қарады. Ол өзін қорғау үшін екі адвокаттың көмегіне жүгініп отыр.

«Дмитрий Васильев Қылмыстық кодекстің «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша күдікпен ұсталды. Қазіргі уақытта ол «Ақтөбе» футбол клубының бас директоры. Қызметінен шеттетілген жоқ. Шығарылған шешім бойынша Д.Васильев екі ай үйқамақта отырады. Үйден шығуға, телефонмен сөйлесуге, хат жіберіп, байланыс желісін пайдалануға тыйым салынды. Адамдармен сөйлесуге, қонақ қабылдауға болмайды. Сонымен қатар, ол тексеру үшін телефон шалғанда, сот алды тергеу органдарына жауап беруге міндетті»,- деді №2 қалалық сотының судьясы Зинаида Шмирова.

Сот шешімі бойынша Д.Васильевтің үйі бақылауға алынды. Күдікті сот шектеулерін бұзған жағдайда дереу тергеу изоляторына қамалады. Сот шешімі талаптарының сақталуын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы облыстық департаменті қадағалайды.


Еске салсақ, 8 қараша күні «Ақтөбе» ФК бас директоры Дмитрий Васильев бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен қамалды. Тергеу кезінде бас директор Дмитрий Васильевтің сыйақы төлеу кезінде заңсыз жолмен 300 миллион теңгені иемденгені белгілі болды. Бір күннен соң команданың жаттықтырушысы Юрий Уткулбаев пен бірқатар футболшы Қазақстанның премьер-Лигасына енген фурбол командаларын қоса жазалау әділ шешім болады деп үндеу жолдады. Құжат ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы мен Бас прокурор Жақып Асановқа жолданған.

Соңғы жаңалықтар