Ақтөбелік келіншек баласын 60 мың теңгеге айырбастады - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+22 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақтөбелік келіншек баласын 60 мың теңгеге айырбастады

Ақтөбелік келіншек баласын 60 мың теңгеге айырбастады

Ақтөбелік Жанна Ақаласова жаңа туған баласын перзентханадан шыға сала алдын-ала келісім берген адамға ұстатып жіберген.

  • 6 Сәуiр 2017
  • 1193
Фото - Caravan.kz

Ал Дина Досақова ұзақ жылдар бойы сәби сүйе алмай жүрген ұлы мен келініне баланы алып берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі Ювеналды сотта баласын бөгде адамға беріп жіберген Жанна Ақаласоваға қатысты сот отырысы басталды. Ол Қылмыстық кодекстің «Кәмелетке толмағандар саудасы» бабы бойынша айыпталып жатыр. Іс материалдарына сүйенсек, 32 жастағы Жанна Ақаласова бұрын тұрмыс құрмаған. Екі баласы бар. Біріншісін 2009 жылы дүниеге әкелген. Оны сәбилер үйіне тапсырған. Ал екінші ұлын 2017 жылдың қаңтар айында босанды.

«Айыптау қорытындысымен таныстым, бірақ жартылай мойындаймын. Мен баланы сату туралы ойлаған емеспін. Аслан есімді жігітпен кездесіп жүріп, жүкті болып қалдым. Өзім қоғамдық көлікті кондуктор болып жұмыс істеймін, пәтер жалдап тұрамын. Үйленуден бас тартқан соң жүкті екенімді пәтер иесіне айтпадым. Олар менің жағдайымды перзентханаға кетіп бара жатқанда білді. Сол кезде жеке куәлігім кепілде жатты. Соны алу үшін, ертеңгі күнімді ойлап, танысым Данагүл Өтешоваға хабар бердім. Бала жетімдер үйіне түспесін, толық отбасына ер жетіп, бақытты болсын деген ниетпен басқа адамдарға бергім келді. Келісіп, нотариус арқылы «бас тартамын» деп қолхат жаздым. Кейін олар маған көмек ретінде 60 мың теңге берді. Ақшаны Данагүл Өтешова екеуміз бөліп алдық», — деді айыпталушы Жанна Ақаласова. Айыпталушы қазір пәтер жалдап жатқан үйіне қайта оралып, жағдайды баяндаған соң пәтер иесі қателік жасағанын, баланы қайта алуы керек екенін айтады. Сол кезде Ақаласова жерлесі әрі ескі танысы Өтешоваға хабарласып, «баламды қайтарып аламын» деген өтінішін айтқан. Келісім болмаған соң Ақаласова полицияға шағымданды.

Ал айыптау қорытындысын оқыған прокурор Нұрлан Сәндібай айыпталушы Ж.Ақаласова, Д.Өтешова, Д.Досақованың алдын-ала өзара келіскенін айтып отыр. «Жанна Ақаласова 2017 жылдың 16 қаңтары күні босанды. Перзентханада жатқан кезде ол Дина Досақовадан хат алып тұрған. Ол перзентханадан 18 қаңтар күні шығып, сол жерге келіп тұрған Д.Досақоваға баланы ұстатады. Кешкілік Ақаласоваға баладан бас тарту туралы қолхат беріп, ақшаны алды»,- деді прокурор.  


Сот отырысына айыпталушылардың барлығы қатысты. Баласы мен келінін ойлаған Дина Досақованың айтуынша, жас ана мен оларды таныстырған Данагүл Өтешованың арасында ақша туралы келісім мүлде болмағанын жеткізді. Олар анаға алғыс ретінде қолында бар 60 мың теңгені берген. «Менің жасым үлкен, мұндай қиындыққа тап боламын деген жоқпын. Қазақтың бір баласы жетім өспесін деген ниетпен, баланы алып, бауырымызға басамыз деп шешім шығардық», —  деді Д.Досақова.

Айта кетейік, үш айлық сәби қазір «Үміт» сәбилер үйінде. Қалалық білім бөлімінің бас маманы Рауан Шүкірованың айтуынша, баланың денсаулығы жақсы, дәрігерлер сәбиден еш кінәрат таппаған. Айта кетейік, бала сатты деген күдікке ілігіп, жасаған істері үшін өкінген айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденсе, олардың мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін. 

 

Соңғы жаңалықтар