Жарияланды: 110

Әскери сот Дүтбаевтың апелляциялық шағымын қарай бастады

Әскери сот Дүтбаевтың апелляциялық шағымын қарай бастады

Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі әскери соттың апелляциялық алқасы сәрсенбіде ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев пен оның ісіне қатысты басқа да сотталушылардың апелляциялық шағымдарын қарай бастады. Бұл туралы Азаттыққа Нартай Дүтбаевтың адвокаты Нығмет Есіргепов хабарлады.

Дүтбаев апелляциялық шағымында өзіне шыққан сот үкімін "негізсіз" деп, оны жоюды сұрайды. Тараптардың жарыссөзінен соң сот үзіліс жариялап, кеңесу бөлмесіне шығып кетті. Апелляциялық соттың қаулысы қашан шығатыны айтылмады. Нартай Дүтбаев пен басқа да сотталушылар өздерін апелляциялық сотқа қатыстыру туралы талап-арыз бергенімен, сот қатыстырылмады.

Ақмола гарнизонының әскери соты 2017 жылы 24 тамызда Нартай Дүтбаев пен өзге үш адамды "мемлекеттік құпияны жариялау" және "қызмет бабын асыра пайдалану" айыптары бойынша ұзақ мерзімге соттаған. Дүтбаевтан өзге оның екі туысы - күйеубаласы Нұрлан Хасен мен ағасының баласы Ерлан Нұртаев және Раис Мұратов сотталған.

Нартай Дүтбаев, бұрынғы шенеуніктер Нұрлан Хасен мен Ерлан Нұртаев 2016 жылы желтоқсанда ұсталған. "Дүтбаев ісіне" қатысты тергеу мен іс материалы құпия жүргізілді, сот процесі жабық өтті.

Нартай Дүтбаев ҰҚК-ні 2001 жылғы желтоқсаннан 2006 жылғы ақпанның 22-сіне дейін басқарған. Ол оппозиция жетекшісі Алтынбек Сәрсенбайұлын қастандықпен өлтіруге ҰҚК-нің "Арыстан" арнайы жасағы қызметкерлерінің қатысы бары анықталғаннан кейін отставкаға кеткен. Дүтбаев отставкаға кеткен соң ҰҚК академиясының басшысы, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болды, аз уақыт "Қазатомөнеркәсібі" ұлттық компаниясының вице-президенті қызметін атқарды.

Нартай Дүтбаевтың қызы Анар Дүтбаева мен адвокаты Нығмет Есіргепов қылмыстық іс бойынша бірінші рет 20 қыркүйекте Facebook-те комментарий беріп, Дүтбаевтың өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеген.

Нартай Дүтбаевтың әйелі Халида Бичурина 4 қазанда Facebook пен YouTube-те Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа видео үндеу жариялаған. Бичурина үндеуінде ҰҚК күйеуін "күйеубаласы мен ағасының баласын қудалаудан құтқару үшін жасамаған қылмысын мойнына алуға мәжбүрлегенін" айтады.

Бичурина сонымен қатар Facebook-те күйеуінің Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған хатын да жариялады. Хатта Дүтбаев 28 қыркүйекте ҰҚК қызметкерлері інісі Рүстембек Дүтбаевты өзіне қатысты қозғалған тағы бір қылмыстық іс бойынша ұстағанын айтқан. Дүтбаев інісін қылмыстық қудалауды өзіне кінәсін мойындату үшін жасалып жатқан кезекті қысым деп бағалайды.

Жергілікті агенттіктері бұған дейін Астана сотына сілтеме жасап, Рүстембек Дүтбаевтың 29 қыркүйекте 27 қарашаға дейін қамауға алынғанын хабарлаған. Сот сонымен қатар Нартай Дүтбаевты да екі айға қамауға алуға санкция берген. Дүтбаевқа қарсы екінші істің қандай бап бойынша қозғалғаны әзірге айтылмағанымен, істі ҰҚК тергеп жатыр.

Пікір қалдырыңыз

[X]