Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Қазақстан мұсылмандарын Рамазан айымен құттықтады - kaz.caravan.kz
  • $ 444.32
  • 473.33
+12 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Қазақстан мұсылмандарын Рамазан айымен құттықтады

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Қазақстан мұсылмандарын Рамазан айымен құттықтады

Бүгін Алматыда қасиетті Рамазан айының басталуына орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арнайы баспасөз мәслихатын өткізді.

  • 3 Маусым 2016
  • 898
Фото - Caravan.kz

Онда Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Қазақстан мұсылмандарын осы қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады.

«Рамазан — он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені, ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді. Сабырлық, қайырымдылық, мейірімділік, бауырмалдық секілді адамдық асыл қасиеттер артып, иман күшейеді. Рамазан — Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл — Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі», — деді Бас мүфти.

Сонымен қатар, Ержан қажы Малғажыұлы Рамазанның қадірін жақсы түсінген сахабалардың оразаға алты ай қалған сәттен бастап: «Раббымыз, бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!» — деп дұға еткендігін, мұсылманның осы айда ұстаған оразасы, қосымша құлшылықтары, өзгелерге жасаған қайырымдылығы, барлық сауапты амалдары еселеніп жазылатындығын жеткізді. 

«Ораза — күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза — рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әрекеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де: «Мен оразамын», — деген бір ауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый — жәннат. Рақым айы — Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай!» — деді Бас мүфти.

Сонымен қатар, шара барысында дін қайраткерлері ораза ұстаудың ұзақтығы, төленетін пітір-садақа мөлшері, Қасиетті айда, Қадыр түнінде, Ораза айт кезінде өткізілетін қайырымдылық шаралар туралы әңгімеледі.

Айта кетелік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі биылғы тұтылатын оразаға байланысты маңызды мәліметтерді жариялады.

«Рамазан айы 2016 жылдың 6 маусымында басталады. Биыл мұсылмандық ай күнтізбесі бойынша ораза — 29 күнге созылады.

Осы жолғы ораза, күннің ең ұзарған сәтіне сәйкес келіп отыр. Таңның атуы мен күннің батуы 17-18 сағатқа дейін созылады. Алайда, күннің ұзақтығы мен шілденің аптап ыстығы отандастарымыздың ораза ұстауына кедергі келтірмейді деп сенеміз.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының төрағалығымен өткен ҚМДБ Төралқа мәжілісінде өкіл имамдардың бірауыздан келісуімен Рамазан айында берілетін пітір садақа мөлшері 200 теңге болып бекітілді. Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен бастап, ораза айт намазына дейін беруге болады.

Пітір-садақадан түскен қаражат есебінен мүгедектер мен қарттарға, жесір әйелдер мен жетімдерге, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларына қайырымдылық көмек көрсетіледі.      

Қасиетті Қадір кеші — шілденің 1-нен 2-сіне қараған түн. Қадір түнінде мешіттерде таңға дейін рухани бағдарламалар ұйымдастырылады. Уағыз айтылып, Құран оқылып, жамағатпен дұға жасалады.


5 шілде күні Ораза айт мерекесі басталады. Ораза айт күндері мешіт аулаларына қазақ үйлер тігіліп, жамағат арасында ұлттық спорт түрлерінен (асық ату, арқан тарту, қол күрес, гір тасын көтеру, тағы да басқа) жарыстар ұйымдастырылады.

5 маусым күні құптан намазынан кейін мешіттерде тарауих намазы оқылады. Тарауих намазы 29 күн оқылып, қасиетті кітабымыз Құран Кәрім толық хатым етіледі. Құдайға шүкір, қазір өз елімізден жас қарилар шығып, тарауих намазын оқуда. Өткен жылы «Әзірет Сұлтан» мешітінде 14 жастағы ең жас қариымыз, республикалық Құран жарысының Бас жүлдегері Дулат Болатбекұлы тарауих намазын өтеп, жамағаттың алғысы мен қуанышына бөленді.

Жолаушыларға, жүкті, етеккірі келген немесе омырауда баласы бар әйелдерге, науқас жандарға ораза ұстау — парыз емес.

Сапарда ораза ұстамауға болады. Бірақ басқа күндерде санын толтырып, ауыз бекітеді. Егер сапар қиындық туғызбаса, абзалы — ауыз бекіту. 

Жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдер егер денсаулығы мен сәбиіне зиян келуден қорықса, ораза ұстамай кейін қазасын өтесе болады. Рамазан кезінде етеккірі келген немесе босанған әйелдің оразасы бұзылады. Мұндай жағдайда аузын ашып, кейіннен ұстамаған күндердің қазасын өтейді.

Жыл сайынғы дәстүр бойынша Рамазан айының құрметі үшін «Тегін такси», «Тегін автобус», «Қайырымдылық — қайырлы іс», «Барыңмен бөліс», т.б. қайырымдылық акциялар ұйымдастырылады.

Тарауих намаздарынан кейін жамағат үшін мешіт аулаларына арнайы автобустар қойылып, тұрғындар тегін жеткізіледі.

Елімізде ауызашар берудің қазақы-мұсылмандық мерекелік мәдениеті қалыптаса бастады. Ауызашарларда тек уағыз-насихат айтылып қана қоймай, арнау, жыр-толғау, термелер орындалып, өсиетті өлеңдер оқылады. Сонымен қатар, жылы лебіздер мен тілектер айтылады. Ораза, имандылық, бірлік, ізгілік туралы ғибратты бейнероликтер көрсетіліп, тағылымы мол, адам өрісін дамытатын викториналық сұрақтар қойылады. Жеңімпаздар құнды сыйлықтармен марапатталады.

Айта кетелік, баспасөз мәслихатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфтий, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Ораз, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және фетвалар бөлімінің меңгерушісі Мұхаммед-Хусейн қажы Алсабеков және Алматы қаласы мешітінің бас имамы Нұрбек қажы Есмағамбет қатысты

Соңғы жаңалықтар