Жарияланды: 140

Энергетика министрлігі Қазақстандағы бензин бағасының өсу себебін түсіндірді

Энергетика министрлігі Қазақстандағы бензин бағасының өсу себебін түсіндірді

Бүгін еліміздің Энергетика министрлігі бензин бағасының көтерілу себебін түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ресейлік бензин мен дизель отынына тәуелділік сақталуда. АИ-92 маркалы бензиннің 30, дизель отынының 15 пайызын сырттан аламыз. Өз кезеінде зауыттар ақшыл түсті мұнай өнімдерін өндіру көлемін арттыру бойынша жұмыстарын жалғастыруда. Жыл басынан бері біз 10 млн 345 мың тоннаны өңдедік. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 104 пайызды құрайды», - деді ҚР Энергетика министрлігі Мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Қуаныш Құдайбергенов.

Оның айтуынша, республикадағы мұнай өңдеу зауыттарының жоспарлы жөндеу жұмыстары бар.

«Кестеге сәйкес зауыт жылына бір рет тоқтатылады және дәл қазіргі уақытта Атырау зауыты тамыз айынан бастап 18 қыркүйекке дейін 1 ай жөндеуге тоқтатылды. 20 қыркүйектен бастап 25 қазанға дейін Павлодар зауыты тоқтайды. Аталған зауыттар өндірмейтін көлемді біз Ресейден алуымызға тура келеді. Ресеймен шекарадағы баға РФ-ның экспорттық батыс бағытымен бәсекелес болуы қажет», - деді ол.

Оның дерегінше, қазіргі уақытта РФ-мен шекарада дизель отынының 1 тоннасы 501, бензиннің 1 тоннасы 525 долларды құрап отыр.

«Мұның барлығы да соңында жанармай құю стансасындағы импортталған ресейлік бензиннің бағасына ықпал етеді. Ол қазақстандық бензиннен біршама жоғары. Әдетте жанармай құю стансаларындағы бензиннің 70 пайызы отандық, ал 30 пайызы ресейлік болып келеді және осы теңгерімнен орташа баға шығатын. Қазіргі уақытта ресейлік жанармайдың үлесі артып, орташа баға да біршама өсті. Дегенмен, бұл ауытқу маусымдық сипатқа ие. Ол сұраныстың артуымен және зауыттардың тоқтауына байланысты ұсыныстың шектелуімен байланысты. Қазан айының соңында теңгерім түзеліп, баға тұрақталады деп ойлаймыз», - деді Қуаныш Құдайбергенов.  

Пікір қалдырыңыз

[X]