Жарияланды: 1 1733

Елімізде мұсылмандардың киімі қандай болуы тиіс? Елбасы сынынан кейін үкімет іске кірісті

Елімізде мұсылмандардың киімі қандай болуы тиіс? Елбасы сынынан кейін үкімет іске кірісті Сурет - assalam.ru

Елімізде жақын арада мұсылмандардың ортақ киім үлгісі пайда болады. Қыз-келіншектерді дәстүрден озбай, діннің талаптарына сай киінуін діни басқарма өз мойнына алды. Қазақы киімнің басты міндеті қыздарымызды қара жамылғыдан арылтып, ақ жаулық, кең етек көйлекті қайтару. Қауға сақал, қысқа балақпен де күрес күшейеді. 

Ресми Ақорда саясат, экономикадан қолы босап, елдің идеологиясына мықтап кіріскен сынды, деп хабарлайды КТК телеарнасы. Енді президент айта-айта әбден жауыр болған қауға сақал мен қара жамылғы дауына соңғы нүкте қоюға пәрмен берді. Тіпті болмай жатса, заңмен тыюды қарастырыңдар деп қатаң айтты. Назарбаевтан күні кеше тапсырма алған дінге жауапты министрлік іске кірісіп те кетті.

"Сапсиған сақал, қысқа балақ арқылы мұсылманның сипаты насихатталғанда, бұл қоғамды үрейлендіреді. Мұсылмандық туралы қалыптасқан құндылықтар жойылады. Бұл жерде сөзсіз ұлттық қауіпсіздікке нұсан келеді. Сондықтан бұл үрдісті тоқтатар нақты шаралар қабылдануы керек" дейді Дін істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Құлекеев.

Шараның бірі мұсылманның сырт келбеті. Қап-қара боп алабөтен болған қыздардың киімі енді ашық түсті орамал, көйлекпен алмастырылмақ. Ең бірінші медресе шәкірттеріне тігілетін мұсылмандық киім үлгілерін қоғам құптаса, көпшілікке ұсынылады.

"Дәл қазіргі уақытта медреседе оқып жатқан қыздарымызға, шәкірттерімізге ашық түсті, көк түсті киім үлгілерін дайындап жатырмыз. Ол киім үлгілері шариғатқа да сай, дәстүрімізге де сай, жалпы қоғам алдында оғаш көрінбейтін киім үлгісін дайындап жатырмыз" дейді Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өкілі Ағабек Қонарбайұлы.

Мұсылман киімін бүтіндеуден бөлек, молдалар алдында тұрған одан зор міндет бар. Жамағатты ұйыта алмайтын, сөзі өтімсіз имамдарды мемлекет басшысы сынады. Бұдан былай шариғаттан аса алмайтын, сыңаржақ дүмше молда дін ісінен шеттетілуі мүмкін.

"Тыйым деген мәселе сыртқы көріністегі мәселелерді сен зорлықпен алып тастауың мүмкін. Зорлықпен сақалын қырып алып тастауың мүмкін. Бірақ ішкі жан дүниесі, рухы, ділі, сенім мәселесіне біз ешқашан тыйым сала алмаймыз. Олардың бәрі шаблондар, құндылықтар. Сырттан келіп жатқан біз үшін құнсыз құндылықтар" дейді дінтанушы Досай Кенжетай.

Дінтанушы құнсыз құндылықтан арылмақ керек дейді. Ал қай құндылықтың бізге бөтен екенін президент өзі тарқатып берген болатын.

"Соңғы кезде  өрімдей жас жігіттер сақалын сапситып қойып, балақтарын шорт кесіп келеді. Бетін тұмшалап, бүркеп, қап-қара көйлек киген қыздардың қатары көбейді. Әрине әркімнің не киемін десе, өз еркі, бостандығы деген сөз ғой. Ол басқа нәрсе. Мынау әдейілеп тұрып, бізге қарсы шығатын қазақты бөлетін. Құдай деген адамның жүрегінде болуы керек емес пе?" деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президенттен пәрмен алған Дін істері министрлігі мүфтиятпен бірігіп дереу іске кірісті. Мешіттер жамағаттың жүрегіндегі Құдай туралы түсінікті түзесе, министрлік мұсылманның сырт-пішінін, керек болса жыл соңына дейін бекітеміз деп бекініп отыр. 

Пікір қалдырыңыз

Қонақ 21 апреля

Бари дурыс куптаймыз,сосын адам кайткандагы дастархан мазири де ел бойынша бириздиликке тусирилип, реттелсе деген тилек бар.

Сіздің пікіріңіз,

[X]