Еліміздегі лесби әйелдер жыныстық өзгешелігі үшін жәбір көретінін айтып шағымданды - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+12 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Еліміздегі лесби әйелдер жыныстық өзгешелігі үшін жәбір көретінін айтып шағымданды

Еліміздегі лесби әйелдер жыныстық өзгешелігі үшін жәбір көретінін айтып шағымданды

Қазақстандағы ЛБК-әйелдердің жағдайын алғашқы зерттеу көрсеткендей, олардың көбі жыныстық өзгешелігі үшін зәбір көріп, кемсітушілікке ұшырадық деп шағымданады екен. Сауалнама нәтижелері негізінде БҰҰ-ның адам құқығы комитетіне ұсынылатын есеп әзірленбек.

  • 2 Маусым 2017
  • 772
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Азаттық хабарлайды.

Қазақстандағы ЛБК (лесби, бисексуал, квир) қауымы әйелдерінің қажеттіліктері туралы алғашқы зерттеуді алматылық Feminita ұйымы жүргізген. 16 қала мен елдімекенде жүргізілген сауалнамаға қатысқан 228 әйелдің 159-ы лесби, 53-і бисексуал, 10-ы квир, екеуі – пансексуал (өздерін гендер бойынша атамауға тырысатын адамдар), біреуі – трансгендер әйел.

Респонденттердің 48 пайызының мәлімдеуінше, олар жыныстық өзгешелігіне бола қилы зорлық-зомбылыққа немесе қысастыққа тап болғанын мәлімдеген. Ал 56 пайызы зорлық-зомбылыққа ұшыраған өзге де әйелдерді білетінін айтқан. Сауалнамаға қатысқан әйелдер әсіресе жұрттың тілдеп, қорлауы, жақтырмай қарауы, жеке өмірге жөнсіз араласу, соққыға жығу, қудалау тәрізді әрекеттер жиі кездесетінін айтқан. Оларды Қазақстандағы гей-клубтар жанында ұрып-соққан, үйде күшпен қамап ұстаған. Кейбірі «коррекциялық мақсатта зорлау әрекеттеріне» ұшыраған.

Белсенділердің айтуынша, әйелдерді кемсітудің кез келген түрін жою конвенциясы талаптарын орындау туралы 2018 жылы Женевада БҰҰ-ның адам құқығы комитетінде таныстыру жоспарланған Қазақстан есебі аясында ЛБК-әйелдер қажеттіліктерін зерттеу негізінде балама баяндама әзірленетін болады.

Feminita бастама тобын құрған әрі ұйым белсенділері Гүлзада Сержан мен Жанар Секербаева сауалнаманың қалай жүргізілгені және Қазақстандағы әйелдер құқығының жалпы ахуалы жайлы айтып берді.

41A969E8-0714-4A4E-B788-CEBDC00EC7C5_cx10_cy6_cw85_w1023_r1_s

“Көбі жоғары білімді, ертеректе гетеросексуалды отбасында босанған баласымен тұратын, ал қазір ерінен ажырасып кеткен, өзі секілді партнер қызбен бірге тұрып жатқан әйелдер. Мұндай әйелдер көп деуге де болмайды, бірақ жалпылама портреті сондай. Тағы бір сипаты -жалғызілікті, жоғары білімді, қазір карьера жасаумен айналысып жүрген, баласы жоқ әйел. Осындай екі портрет шықты, яғни баласы бар немесе баласы жоқ, бірақ табысы жеткілікті, тұрмысы жақсы әйелдер. Бірақ олардың көбі қызметтегі карьерасы әбден қалыптасатын жасқа толмаған, көбі пәтерді жалға алып немесе әке-шешесімен бірге я жатақханаларда тұрады”, – дейді Жанар Секербаева.


«Лесбилердің» көбі қазақ қыздары болып шықты. Лесбилердің 82-сі – қазақ, орыстар – 57, ал бисексуалдар арасында 27 қазақ, 15 орыс бар. Орыс, қазақ қыз-келіншектерінен бөлек, өзге ұлт өкілдері де кездеседі.

“Қыздардың тұрмыс жағдайы әркелкі – біреулерінің табысы өзіне молынан жетеді, енді біреулері туыстарына немесе әке-шешесіне тәуелді. Олар өзінің жыныстық өзгешелігін жарияламайды, өйткені үйден қуып жібермес үшін жасыруға мәжбүр. Өкінішке қарай, отбасында зәбір көру, қорлау, бақсыға емдету, ал полицияда зорлауға ұшырау, жыныстық бопсалау әрекеттері сияқты өрескел оқиғалар болған. Біздің полицияның ЛБК-әйелдерге деген көзқарасы – құрметтен мүлде жұрдай. Меніңше, бұл тақырып жеке зерттелуі тиіс”, – дейді белсенділер.

Соңғы жаңалықтар