Жарияланды: 451

Головкин Джейкобсты да жеңді

Головкин Джейкобсты да жеңді]

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин өз белбеулерін қорғап қалды. Бүгін "бокс Меккесі" атанып кеткен Нью-Йорктегі "Madison Square Garden" сарайында өткен жекпе-жекте GGG бруклиндік Дэниэл Джейкобсты жеңді.

Оның лақап аты - Miracle Man, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірінші раундта екі боксшы да джебпен бір-бірін зерттеп бақты. Геннадий Головкин бірінші нөмірмен бокстасты. Ал Дэниэл Джейкобс шегініп жүріп,  жұдырық сермеді. Арасында жылдам қимылмен Генаны соққының астына алуға тырысты. Свингті де сермеп көрді. Алайда мықты қорғанысқа тап болып, кейін серпілді. Соған қарамастан, кейбір сериялы соққылары діттеген жеріне жетті. Головкин болса, джебпен ұрып жүріп, төртінші раундта оң қолмен ұрған екі бірдей xукпен Джейкобсты нокдаунға түсірді. Дэнни құлап бара жатып, Генаның аяғын құшып қалды.

Осыдан кейін бруклиндік боксшы сылбыр қимылдай бастады. Оның нокдауннан сәл есеңгіреп қалғаны анық байқалды. Дегенмен, кейінгі раундтарда Дэниэл өз-өзіне келіп, ширақ қимылдай бастады. Головкин болса, қолы ұзын қарсыласына көп жақындай алмады. Соның салдарынан бір жойқын соққыны дарытуға мүмкіндік болмады. Хук та, апперкот та өтті. Алайда нокаутқа түсіретін соққылар аз болды. Джейкобс та қарап қалмады. Жылдам соққыларымен көзге түсіп, ұпай санын еселей білді. Сөйтіп, сенсация жасап, жекпе-жекті он екінші раундқа дейін жеткізді.

Бұл жекпе-жектен кейін орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (36-0, 33 КО) кезекті жеңісіне қол жеткізіп, барлық белбеулерін қорғап қалды. Алайда үздіксіз нокауттар сериясы осымен аяқталды. Ал Дэниэл Джейкобс (32-1, 29 КО) өзінің спорттық мансабында екінші рет жеңіліс тапты.

Айта кетейік, Геннадий Головкин америкалық Дэниел Джейкобспен жұдырықтасқаны үшін 2,5 миллион доллар алады. Дэниел Джейкобс та сыйақыдан құр алақан қалмайды. Оған 1,75 миллион доллар көлемінде сыйақы беріледі. Бұдан бөлек, РРV, яғни ақылы трансляция бойынша түсетін қаржының бір мөлшері де боксшыларға тиесілі. 

Пікір қалдырыңыз

Сіздің пікіріңіз,

[X]